Header Banner

Теміржолшылар алғашқы ұстазды ұлықтады

Қазақ даласына білімнің шырағын жаққан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі – ұлт тарихында айрықша орын алатын рухани құндылық. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деген жалынды үндеуі арада бір жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Осы орайда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қарағанды магистральдық желі бөлімшесінде ұлы ағартушы, педагог, жазушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Ыбырай – Дала қоңырауы» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – Ыбырайдың ағартушылық мұрасын насихаттау, оның білім, еңбек, адамгершілік туралы тағылымды ойларын дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.

Кештің шымылдығын ашқан бөлімше директорының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Жалғас Сұлтанов пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Еркебұлан Жұмаханов ұлы тұлғаның рухани мұрасын ұлықтаудың маңызын атап өтті.

Шара барысында Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы, ағартушылық қызметі мен әдеби мұрасы кеңінен таныстырылды. Оның қазақ баласына білім беру жолындағы ерен еңбегі, мектеп ашу, мұғалім даярлау ісіне қосқан үлесі туралы айтылды. «Қазақ хрестоматиясы» еңбегінің тарихи маңызына назар аударылды.

Кештің мазмұнды бөлігінде ұлы ағартушының «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар», «Өзен» өлеңдері оқылып, шығармаларындағы білімге құштарлық, еңбекқорлық, ізденіс пен адамгершілік идеялары сараланды. Әсіресе, «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңіндегі ғылым мен техниканың адамзат өмірін өзгертетін қуаты туралы ойлар бүгінгі күнмен үндесіп жатты.

Әдеби кеш теміржолшылардың шығармашылық қабілетін танытқан өнер алаңына айналды. Қатысушылардың арасында әншілік өнерімен танылған Берік Ғабдуллин, Еркін Тоқсанұлы, Сертай Сейтханов өз өнерлерін ортаға салып, көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ Жұлдызай Байдүйсен, Марал Жұмағұлова, Әсем Жарқынбекова Ыбырай шығармаларын нақышына келтіре орындап, кештің әдеби мазмұнын байыта түсті

Көрермендер де кешке белсене қатысты. «Мақалды жалғастыр», танымдық викторина, «Ыбырайға бір ауыз сөз» интерактивтері арқылы қатысушылар өз білімдерін сынап, ұлы ағартушының мұрасы туралы ой бөлісті. Әсіресе, «Егер Ыбырай Алтынсарин бүгін ортамызда болса, оған не айтар едіңіз?» деген сауалға берілген жауаптар көпшіліктің жүрегінен шыққан шынайы ықыласты аңғартты.

Әдеби-танымдық кешке арнайы қатысқан Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жақан Жұпар Рысқұлқызы сөз сөйлеп, Ыбырай мұрасының ұлттық руханияттағы орны мен мемлекеттік тілді дамытудағы тағылымдық мәніне назар аударды.

Кеш соңында ұлы ағартушының шығармашылығын насихаттауға үлес қосқан, өнер көрсетіп, ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысқан теміржолшылар арнайы марапаттарға ие болды.

Жұпар Рысқұлқызы ЖАҚАН,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

жөніндегі басқармасы жанындағы

 Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі