Сатирик Әдебиет Белгібайұлының «Түнделігі» туралы бірер сөз
Адам ойы – шексіз Ғалам секілді. Келе береді, шыға береді… Осы үздік-создық ойларды ағыл-тегіл ақ жауынға немесе күркірей аққан арналы өзенге де ұқсатуға болады. Ал шығармашылық адамы – сол орасан ойлардың бағбаны іспетті. Егер осынау керуен-керуен ойларды сатира тілінде сөйлетсе – ғажаптың ғажабы болар еді дейміз!
Бүгін менің қолыма бауырымыз әрі әріптесіміз Әдебиет Белгібайұлы Жұмановтың бір кітабы түсті. Кітап атауын – «Түнделік» депті. Бұрын «Күнделік» деген сөзді, ұғымды естуші едік. Мектепте, жоғары оқу орнында күнделікпен жұмыс істедік. «Мынасы қызық екен…» деген оймен шағын кітапшаны бір демде оқып шықтым. Сатира жанрында жазылған бір айдай уақыттағы түндердің жиынтығы екен. Тек түн ғана емес, әңгіме – сол түндердегі алуан ойларды қаламмен қағып алу құдіреті.
Сатирик-қаламгердің мұнан бұрын да кітаптары жарыққа шыққан. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Мырс-мырс» жинағын оқып, мәз болғанымыз есімде. Бұл жолғы дүниесі тіпті ерекше екен. Біріншісі – атауы айтып тұрғандай, ылғи түнде жазылғаны. Екіншісі – өте-өте қысқа қылып жазғаны. Қысқа демекші, айтпақшы, сатира дегеніміз – осылай ықшам түрде сығылып жазылады екен ғой. Ал түнде жазатыны несі дейміз?.. Енді қашан жазбақшы? Құдайдың күндізінде қол тимейді, күнкөріс қамы мен тіршілік тауқыметі… Жұмыста жүріп күнде мынау қитұрқы қоғамнан көресіні көреді… Сосын сол «көресіні» түнде қағазға береді, ноутбукке тереді, әрі қарай бізге керек дүниелер кезегімен өмірге келеді екен…
«Түнделіктің» сыртында көрініп тұрған тақырып жоқ. Тақырып та, ой да, керектің бәрі де ішкі жағында. Шап-шағын шымыр дүниелер. Оймақтай ойдың өзінде қорғасын құйылған сақадай салмақ бар. Жалпы, сатириктер үнемі садақ асынып жүреді ғой… Әдекең де сол сақтардың сарқытындай болған садағын оқтап, жебелерін біраз жерге қадаған екен. Қоғамның кемшіліктеріне, жөн-жосықсыз іс-әрекеттерге адырна тартқан. Және де діттеген жеріне дөп тигізген. Сатираға тән өткірлік пен еркіндік бар. Мәселен, мына бір түнгі жазбада: «– Әй, қоқыста не істеп жүрсің? – Тілімді тазалап… Оянып кеттім. Осындай да қысқа «сон», ой, түс болады екен ғой». «18 277-түн» деп аталатын әңгімесінің бар-жоғы осы ғана. 3-4 қана сөйлемнен тұратын жазбасы – қысқаның қысқасы. Зерделеп қарасаңыз, ұлттық тіл туралы, оның қай кездегі де мүшкіл хәлі жайлы батпан ой жатыр… «18 280-түн» дейтін жазбасында: «– Оятпашы мені… – Неге? – Түс көріп жатырмын. – Қандай? – Ресми… – Ол не түс тағы? – До конца көрейін, айтамын. Әзірге оятпашы…». Бұл да – астарлы әзіл. Саясат әбден ет пен сүйегіне дейін өтіп кеткен адам түсінде де тыным таппайды екен ғой… Сондай уытты сатира, әзіл-қалжың жинақтың басынан-аяқ тұнып тұр. Кітаптың дені осындай нөмірленген жинақы түнгі жазбалардан құралған. Сонымен қатар жинақтың соңғы жағында «Бүгінгі сатира» айдарымен берілген «Тірі екен», «Бас», «Сыпырғыш», «Ас үйдегі тықыл», «Қара тізім», «Е» тәрізді сатиралық шығармалары да оқырманды ойландырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлары сөзсіз.
Түйіндеп айтқанда, сатирик Әдебиеттің су жаңа тағы бір кітабы жарыққа шықты. Жүз беттен сәл асатын жымиып тұрған жинақты Қарағанды «Болашақ-Баспасы» басып шығарған. Сыртқы кескін-келбеті мен ішкі мазмұны үйлескен бөдененің жұмыртқасындай аталмыш жинаққа қарай бергің келеді, ішің ақтарып оқи бергің келеді екен…
Ендеше, қалың оқырман қауым, Сіздерге бір айтарым: 4 желтоқсан күні осы сатиралық кітаптың таныстырылымы, тұсаукесері болады. Соған келіңіздер, көріңіздер, алып оқыңыздар!
Ал дүниеге келген дүр жинаққа ақ жол, сәттілік болсын дейік!
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
