Арқа жұрты жазушыны ұлықтады

Қарағанды қаласында белгілі журналист, шежіреші, этнограф-жазушы, өлкетанушы Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төрехан Майбастың 70 жылдық мерейтойы аясында Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-­әмбебап кітапханасында
Алматы қаласының «Алгорифм» баспасынан 500 данамен жарыққа шыққан «Алжыған ғасыр» кітабының тұсаукесері өтті.

Кітаптың лентасын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков пен ақын Жұмағали Қоғабай және қоғам қайраткері Қайырбек Сәдуәқасов қиды.

Кештің шымылдығын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев ашты. Ол басқарма басшысы Еркебұлан Жұмакеновтың құттықтау хатын жеткізді.

– Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі – 70 жасқа алып жетті. Сіз осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келіп отырсыз. Терең пайым, толғаныс пен ішкі сезім арпалысына толы, ұлттық қанықбояумен суарылған, шежірелік аңыздар, дүниетаным иірімдері қанық еңбектеріңіз рухани әлем әдебиеттің нағыз жанашыры екендігіңізді танытты. Лайым қанатыңыз талмай, қажыр-қайратыңыз арта берсін. Алдағы уақытта да еселі еңбегіңіз берекелі болып, қалам сертін қалтқысыз атқара беруіңізге тілектеспіз, – делінген құттықтау хатта.

Сонымен бірге шара аясында Төрехан Майбастың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жазушы кешке қатысқан қонақтарға кітабын сыйға тартты.

Кеш Сәкен Сейфуллин атындағы тетра жалғасын тапты. «Ең алдымен сөз болған…» атты әдеби-танымдық кешке жазушының өмір жолы жайлы сыр шертіліп, шығармалары сахналанды. Туған жері Шет ауданының өнерпаздары арнайы келіп, концерттік бағдарлама ұсынды.

Әдебиет кешіне республиканың түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған меймандар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Өздерімен бірге құттықтау хаттары мен сый-сыяпаттарын да ала келді.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан  Қариннің құттықтауын жеткізді:

«Құрметті Төрехан Әкімжанұлы, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын! Өзіңізді көпшілік қарымды қаламгер, дарынды публицист ретінде жақсы біледі, құрметтейді. Халық мұрасынан нәр алып, рухани құндылықтарымызды арқау еткен мазмұнды туындыларыңыз ойлы оқырмандар тарапынан жоғары бағаланады. Журналистика саласына ерең еңбек сіңіріп, бірнеше буын ізбасар шәкірттер тәрбиеледіңіз. Өлке тарихын зерделеп, ұлттық этнографияға сүбелі үлес қосып келесіз. Сіздің шығармашылығыңыз тарихымыздың қалтарыста қалған ақтаңдақ беттерін жас ұрпақ санасында жаңғыртуда үлкен рөл атқарып келеді. Алдағы уақытта да сізге шығармашылық ізденістер жемісті болып, ізгі бастамаларыңыз жүзеге аса беруіне тілектестік білдіремін »,- делінген құттықтау хатта.

Елордадан Парламент Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Бексұлтанов пен Нұрлан Әуесбаев арнайы келді. Нұрлан Әуесбаев Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын жеткізді. Ал, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің сәлемін ақын Бағдат Мүбәрак жеткізді. Сонау Маңғыстау облысынан Алаштың аяулы ақыны Светқали Нұржан – құрметті меймандардың қатарында.

– Ассалаумағалейкүм, Сарыарқаның ардақты елі, саңлақ, ері, құндақ белі! Қазақтың Ақселеу Сейдімбегі өзінің көк тасына «Көктегі күнге, жердегі еліме мейрімім қанбады» деп жазып еді. Мен де құлпытасыма жазылатын сөзді жазып қойдым. «Қазақ, сенің қазынаңды, Маңғыстау, сенің мағынаңды ашамын деп тілімнің бар бояуын жұмсадым. Сол бояу – жүрегімнің қаны еді» деп, Қазына іздеп жүрген қазақпыз. Сарыарқа – қазақ рухының шоқтығы. Бұл шоқтық аласарса, еңсеміз шөгіп кетеді. Арғысы Қазыбек би, бергісі Қасым Аманжоловтан жалғасып келе жатқан сөз рухы осында. Сол асыл- дардың жалғасы, кеудесінің кебежегі, құлағының шарбағы, көкірегінің сарайы бүтін Төрехан Майбастың қазынасын қазып жүргендердің бірі едім, – деді Светқали Нұржан.

Дүбірлеп өткен мерейтойға жазушының кіндік қаны тамған шежірелі Шет өңірінен аудан әкімі Мұхит Мұхтаровтың жетекшілігімен арнайы делегация келді. Делегацияда Төрехан Әкімжанұлының рухани ұстазы, белгілі жазушы Өмір Кәріп ақсақал бастаған елімізге белгілі 30-ға жуық ауданнның зиялы қауым өкілі мен азаматтары болды.
 – Төрехан Майбас ағамыздың 70 жас мерейтойы құтты болсын! Ағамызға ұзақ ғұмыр, тұғыр тілеймін. Кеш керемет өтіп жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ақын-жазушылар жиналды. Мерейтойды ұйымдастырып жатқан облыс әкімдігіне және шараны ұйымдастыруға көмектесіп жүрген азаматтарға Жазушылар Одағының атынан алғыс айтамын!деді Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы.

Жазушы осылайша қалың оқырманының ықыласына бөленді.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *