КӘСІПОРЫНДАР АШЫЛЫП, ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ КӨБЕЙДІ

Бүгінде еңбек нарығының талаптары өзгеріп, жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талабы да өсіп келеді. Өндіріс орындары мен қызмет көрсету саласының дамуы жаңа дағдыларды меңгерген, кәсіби біліктілігі жоғары кадрларға деген сұранысты күшейтіп отыр. Сондықтан облыста азаматтарды жұмысқа орналастырумен қатар, оларды қайта даярлау және жаңа мамандықтарға оқыту баса мән берілген. Бұл туралы Президент Жолдауында да айтылды.

Қазір белгілі бір жұмысқа орналасуға қажетті білімі мен дағдысы жеткіліксіз азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына қатыса алады. Сонымен қатар Skills Enbek электронды платформасы арқылы қашықтан білім алып, жаңа кәсіпті меңгеруге мүмкіндік бар. Мұндай тәсіл әсіресе еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игергісі келетін тұрғындар үшін тиімді.

Ал жұмыссыз азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында «Бастау-Бизнес» жобасы жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері осы жоба аясында 2404 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып шықты. Бұдан бөлек, өз ісін ашуға ниетті әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға мемлекеттік гранттар беріледі. Биылдың өзінде 164 грант табысталды.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде тұрғындар қоғамдық тамақтану, тігін өндірісі, автосервис, клининг қызметтері, білім беру және мал шаруашылығы секілді түрлі бағытта жеке кәсіптерін бастауға мүмкіндік алды. Бұл бір жағынан азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жол ашса, екінші жағынан өңірдегі шағын кәсіпкерліктің дамуына және қосымша жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді.

Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуымен тығыз байланысты. Тұрғындарды еңбекке тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау және азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы ретте Қарағанды облысында биыл халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

Өңірде еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты үйлестіру, жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсету және тұрғындардың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері облыста 28 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Оның 22,6 мыңы нақты жұмыс орындарына тұрды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, жұмысқа орналасқандардың 8,3 мыңы жаңадан құрылған жұмыс орындарына қабылданған. Ал 7,4 мыңға жуық тұрғын жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары арқылы еңбекке араласты. Сонымен қатар 6,8 мың адам жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас» және «Алтын жас» жобалары секілді мемлекеттік қолдау тетіктеріне тартылды.

Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарға уақытша табыс көзін ұсынумен шектелмей, олардың тұрақты еңбекке орналасуына мүмкіндік жасау. Әсіресе еңбек нарығына алғаш қадам басқан жастарға, кәсіби тәжірибесі аз мамандарға және әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға басымдық беріліп отыр.

Өңірдегі жұмыспен қамту саясатының тағы бір маңызды бағыты – халықтың әлеуметтік осал санаттарына қолдау көрсету. Әсіресе мүгедектігі бар азаматтарды еңбекке тарту, олардың кәсіби мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Биыл сегіз айда Қарағанды облысында мүгедектігі бар мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Сонымен қатар олардың қажеттіліктеріне бейімделген арнайы жұмыс орындарын құру жұмыстары жүргізілуде. Биыл осы санаттағы азаматтар үшін 11 арнайы жұмыс орны ашылған. Жұмыс берушілерге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу, монтаждау және орнату шығындары өтеледі.

Бұл бағытта шілде айынан бастап JOB COACH жобасы да іске қосылды. Оның ерекшелігі – азаматты жұмысқа орналастырумен ғана шектелмей, жаңа еңбек ұжымына бейімделу кезеңінде де сүйемелдеу. Яғни мамандар жұмыс іздеушіге лайықты бос жұмыс орнын таңдауға, жұмыс берушімен байланыс орнатуға және еңбек қызметін бастағаннан кейін туындауы мүмкін мәселелерді шешуге көмектеседі.

Қарағанды қаласында бұл бағытта Qoldau тең мүмкіндіктер орталығы жұмыс істейді. Мұнда азаматтар кәсіби бағдар алып, психолог пен басқа да мамандардың көмегіне жүгіне алады. Орталықта ымдау тілі маманы жұмыс істейді, сондай-ақ көру қабілеті мен тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған арнайы жабдықталған компьютерлік орындар қарастырылған.

Жұмыспен қамту шаралары аға буын өкілдерін де қамтиды. Мәселен, «Алтын жас» жобасы аясында биыл 702 зейнеткер еңбекке тартылған. Бұл бастама зейнет жасындағы азаматтардың жинақтаған тәжірибесін тиімді пайдалануға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Облыстағы өндіріс орындарының дамуы мен жаңа кәсіпорындардың ашылуы еңбек нарығына тікелей әсер етеді. Тау-кен металлургиясы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салаларындағы жобалар білікті жұмыс күшіне деген қажеттілікті арттырып отыр.

Электрондық еңбек биржасының 2026 жылға арналған болжамы бойынша Қарағанды облысында жыл ішінде 77 мың бос жұмыс орны ұсынылуы мүмкін. Бұл көрсеткіш өңірдің еңбек нарығында мамандарға сұраныстың жоғары екенін аңғартады.

Дегенмен қазіргі жағдайда жұмыс орындарының санын көбейту ғана жеткіліксіз. Ең бастысы – азаматтардың кәсіби біліктілігі мен жұмыс берушілердің талабының сай келуі. Осы мақсатта жұмыспен қамту орталықтары тұрғындарға бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынып, жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектеседі. Сонымен бірге еңбек жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жұмыс іздеушілер мен кәсіпорын өкілдеріне тікелей кездесуге мүмкіндік жасалады.

Жалпы, Қарағанды облысында биыл жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамту шаралары бірнеше бағытты қамтиды. Олар жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарды еңбекке бейімдеу, жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік осал топтардың еңбек нарығына қатысуына жағдай жасауды көздейді.

Сондықтан өңірде еңбек нарығының сұранысына сай маман даярлау, жұмыс берушілермен байланысты нығайту және азаматтардың кәсіптік әлеуетін арттыру жұмыстарының маңызы арта түспек.

Манас АҚСАРЫ.