Туған жердің тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Өйткені қоршаған ортаның көркі мен тазалығы, көшелер мен қоғамдық орындардың ұқыпты күтімі – елді мекеннің мәдени деңгейін, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.
Осы орайда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ақадыр кентінде кезекті «Таза бейсенбілік» тазалық шарасы ұйымдастырылды.
Аталған игі бастамаға кенттегі бюджеттік мекемелер мен теміржол саласы ұйымдарының қызметкерлері белсене атсалысты. Ортақ іске жұмылған азаматтар өздеріне тиесілі аумақтар мен мекемелердің айналасын тазалап, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Айналадағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоғамдық орындардың тазалығына көңіл бөлді.
Шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын арттыру. Сонымен қатар, мұндай ортақ бастамалар арқылы тазалықты күнделікті өмір салтына айналдырып, әр азаматтың табиғат алдындағы жауапкершілігін сезіндіру көзделеді.
Расында, тазалық – бір күндік науқанның немесе белгілі бір мекеменің ғана міндеті емес. Ол – баршамызға ортақ парыз. Көшенің көркі, ауылдың ажары, туған өлкенің тазалығы әрбір тұрғынның өз ауласына, өз көшесіне, өз ортасына деген ықыласынан басталады. Сондықтан мұндай игілікті шаралардың тәрбиелік мәні де зор.
«Таза Қазақстан» бастамасы – тек қоршаған ортаны қоқыстан арылту емес, сонымен бірге қоғамда жаңа көзқарас қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Оның түпкі мәні – табиғатты аялау, қоршаған ортаға құрметпен қарау, өскелең ұрпақтың бойына тазалық пен тәртіп мәдениетін сіңіру.
Әрине, туған жердің таза әрі көрікті болуы тек сенбілік пен бейсенбілік кезінде ғана қолға алынатын шаруа болмауы тиіс. Ол әр адамның күнделікті дағдысына айналғанда ғана нәтижелі болмақ. Бір талды сындырмау, қоқысты кез келген жерге тастамау, аула мен көше тазалығына бейжай қарамау – экологиялық мәдениеттің қарапайым көріністері.
Ақадырлықтардың бұл жолғы ортақ іске жұмылуы да туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне деген жанашырлықтың жарқын үлгісі болды. Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, әрбір азаматтың жүрегінен орын алса, кентіміздің келбеті де ажарлана түсері сөзсіз.
Таза Қазақстан – таза болашақтың кепілі! Туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
