Бүгінгі таңда туған өлкеміздің әрбір тұрғынын қуантқан жағымды жаңалықтар легі толастар емес. Солардың бірі – Ақадыр кентінде қарқынды түрде жүзеге асырылып жатқан игі бастамалардың бірі – жаңа саябақтың абаттандырылуы.
Қазіргі таңда бұл игі іске «ЫрысKZ» жеке кәсіпорны (ЖК) атсалысып, жаңадан ашылып жатқан саябақ аумағында жүгіру жолаяғын орнату жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Мұндай заманауи спорттық нысандардың бой көтеруі – кентіміздің әлеуметтік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың денсаулығын нығайтуға үлкен үлес қосары анық.
Аталған нысан негізінен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына, дене шынықтырумен және жүгірумен айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Таңертеңгілік серуен құрып, кешкілік таза ауада жүгіруді әдетке айналдырғысы келетін әрбір азамат үшін бұл жер нағыз тартымды орталыққа айналмақ.
Ақадырлықтардың игілігі үшін атқарылып жатқан бұл жұмыстар кенттің келбетін өзгертіп қана қоймай, халықтың бірлік пен берекеде өмір сүруіне жол ашады. Жаңа саябақ алдағы уақытта барлық тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып, кентіміздің көркеюіне өз үлесін қосары сөзсіз.
Мұндай игілікті істер өлкеміздің әрдайым даму жолында екендігін айғақтап, әрбір тұрғынның көңіліне қуаныш ұялатады. Кентіміздің келешегі кемел, өсіп-өркендей беруі жолындағы осындай жұмыстар жалғасын таба бермек!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
