Жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және туған өлкенің тарихын тереңірек таныту – тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта 2026 жылдың 29 қазанында «Көлік, логистика және инженерлік экономика» факультетінің ЛОГ-26-3 тобының студенттері Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің мұражайына барып, оқу орнының бай тарихымен және өнегелі тұлғалардың өмір жолымен танысты.
Мұражайға саяхат студенттер үшін мазмұнды да тағылымды кездесу болды. Экскурсия барысында олар университеттің қалыптасу және даму тарихынан мағлұмат алып, білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалардың еңбектері туралы білді. Мұражай экспонаттары өткен мен бүгінді байланыстырып, білім ордасының жетістіктері мен еңбек жолындағы табыстарын көз алдына әкелді.
Әсіресе, университеттің дамуына зор үлес қосқан академик Әбілқас Сағыновтың өмір жолы мен ғылыми мұрасы студенттерге ерекше әсер қалдырды. Оның табандылығы, білімге деген құштарлығы, ғылымға адалдығы мен ел игілігі жолындағы еңбегі жастарға үлгі боларлық өнеге екені сөзсіз.
Экскурсия барысында студенттер тарихты құрғақ деректер арқылы ғана емес, нақты жәдігерлер мен тарихи құжаттар арқылы танып, өткеннің өнегесін бүгінгі өмірмен сабақтастыруға мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып қана қоймай, білімге деген қызығушылығын арттырып, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
Тарихын таныған ұрпақтың болашағы айқын. Өйткені өткенді құрметтеу – бүгінгі жетістікті бағалаудың, ал болашаққа сеніммен қадам басудың негізі. Мұражайға саяхат студенттерге білімнің қадірін түсіндіріп, ел дамуына үлес қосу үшін білікті маман болумен қатар, адал еңбек пен табандылықтың да маңызды екенін ұғындырды.
Осындай тағылымды шаралар жастардың бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық, адамгершілік және туған жерге деген сүйіспеншілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені ел тарихын құрметтеу, ұлы тұлғалардың өнегесін жалғастыру және алған білімді халық игілігіне жұмсау – әрбір жастың азаматтық парызы.
Тарихқа тағзым ету – өткенді еске алу ғана емес, болашаққа жауапкершілікпен қарау.
Қарлығаш НҰРЖАНОВА
