Ел тұрғындары арасында Конституцияның жаңа жобасын талқылау жалғасып жатыр. Бұл үдеріске Қазақстан Халық партиясы белсенді түрде қатысып отыр. Партияның өңірлердегі филиалдары жүргізіліп жатқан реформаны халыққа түсіндіру мақсатында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балқаш қаласындағы Р. Қошқарбаев атындағы техникалық колледжде конституциялық тақырыпта мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға Балқаш қалалық филиалының жетекшісі Қаныш Ысқақ, қалалық мәслихат депутаты Александра Аглюкова және Отбасын қолдау орталығының директоры, ҚХП әйелдер қанатының төрайымы Әйгерім Кәрімова қатысты. Олар оқытушылар мен студенттерге ұсынылып отырған өзгерістердің маңызын жан-жақты түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
«Мұндай ашық диалогтар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтық белсенділікті нығайтуға ықпал етеді», деп түйіндеді партия өкілдері.
Сонымен қатар, филиал Конституцияға ұсынылған өзгерістерді талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оған әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, партияның саяси кеңесі, облыстық Қоғамдық кеңес, Ақсақалдар кеңесі, ҚХП-ның әйелдер және жастар қанатының өкілдері, партия белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Заңгер-сарапшылардың қатысуымен жиналғандар 6 түзету ұсынысын әзірлеп, қабылдады. Бұл ұсыныстар Конституциялық комиссияның қарауына жолданады.

ҚХП-ның Павлодар облыстық филиалы да өңірлік партия активімен ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Талқылау ашық диалог форматында өтіп, конституциялық өзгерістердің мәні, партия ұстанымы және реформаларды іске асырудағы қоғамдық-саяси институттардың рөліне басымдық берілді.
ҚХП Павлодар облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Әлімбек Ағыбаев өз баяндамасында партия ұсынылып отырған Конституция жобасын қолдайтынын және оны саяси реформалардың қисынды жалғасы деп санайтынын атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы жабық шешімдердің нәтижесі емес. Ол бүкілхалықтық кең ауқымды талқылаудың қорытындысы және қоғамның неғұрлым әділ әрі теңгерімді саяси жүйеге деген сұранысын көрсетеді», деді ол.
Филиал төрағасының орынбасары Александр Пысин партия ішіндегі түсіндіру жұмыстарының маңызын атап өтті.
«Біздің міндетіміз – реформаларды жай ғана қолдау емес, олардың мәнін халыққа жеткізу. Конституциядағы өзгерістер әрбір азаматтың өміріне қалай әсер ететінін қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіруіміз қажет», деді ол.
Железин аудандық мәслихатының депутаты Евгений Миронов та өз пікірін білдірді.
«Талқылаудың формалды емес, нақты өтіп жатқаны маңызды. Партия активі үдеріске белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз пікірін білдіріп жүр. Қазіргі Қазақстанның Конституциясы дәл осылай – диалог пен қоғамның қатысуы арқылы қалыптасуы тиіс», деді Е.Миронов.
ҚХП-ның Атырау облыстық филиалы да Конституция жобасын өз белсенділерімен талқылады. Филиал төрайымы Балжан Досмұхамбетова жоба негізгі ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, ұсынылып отырған нормаларды халыққа кеңінен жеткізудің маңызын атап өтті.
