Жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған тендерлерде рейтингтік-балдық жүйені енгізу мемлекеттік сатып алуларда ашықтықты қамтамасыз етті. Өткен жылы Қарағанды облысында 300-ге жуық конкурс өтті, сотта бір ғана материал қаралды.
Жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарын мемлекеттік сатып алуды жүргізудің рейтингтік-балдық жүйесі 2022 жылғы маусымнан бастап енгізілді. Жаңашылдық Қарағанды облысында да сәтті сыналуда. Жүйе конкурстарды адамның қатысуынсыз өткізуге мүмкіндік береді, жеңімпаз жиналған ұпайлар негізінде анықталады. Ұпайлар жұмыс тәжірибесі, тұрақты салық аударымдарының болуы, кешіктірулердің болмауы және басқа да жағымды факторлар үшін беріледі.
– Мемлекеттік сатып алудың Web-порталы конкурстық-баға ұсыныстары мен өлшемдерін автоматты түрде салыстырады, содан кейін жеңімпазды анықтайды. Бұл ретте конкурстық комиссия құрылмайды, яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол беретін адами фактор жоқ, – дейді Қарағанды облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Азамат Мұқанов. – Мысалы, біздің облыста өткен жылы 300-ге жуық байқау өткізіліп, сотта бір ғана материал қаралды. Сот қарауына себеп болған техникалық қателік болды. Егер жалпы салыстыратын болсақ, бұрын бізде барлық конкурстардың 20 пайыздан астамы сотқа дейінгі және сот тәртібімен дауға түсетін. Бұл нысандарды салу процесін кешіктірді.
Қызмет көрсетушілерден өтінімдерді қабылдаудың автоматтандырылғандығы соншалық, жүйе жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізілген және қажетті лицензиялары жоқ қатысушыларды тани алады. Өтінімдерді беру аяқталғаннан кейін жүйе қорытындылар хаттамасын жасайды және оның негізінде жеңімпазды анықтайды. Ең төменгі бағаны ұсынған ең көп оң ұпайлары бар қатысушы жеңімпаз болады.
– Рейтингтік-балдық жүйе конкурстарды өткізу мерзімін едәуір қысқартты. Бұрын комиссия 15 күн бұрын өтінімдерді қабылдап, содан кейін тағы 10 күн қатысушылардың өлшемшарттарға сәйкестігін қарады, – деп атап өтті Азамат Мұқанов. – Осыдан кейін ғана шешім қабылданды. Даулы жағдайларда процесс белгісіз уақытқа созылды. Енді біз уақытты үнемдейміз. 1 ақпаннан бастап инжинирингтік қызметтерге, яғни техникалық қадағалау қызметтеріне арналған конкурстар да автоматтандырылатын болады. Болашақта барлық конкурстар толығымен автоматтандырылады деп үміттенеміз.