Орталық Азияда екі ірі тау-шаңғы курортының құрылысы қатар жүріп жатыр. Қазақстан Алматының іргесіндегі Көкжайлауда Almaty Superski жобасын жүзеге асырып жатса, Қырғызстан Ыстықкөл облысындағы Жыргалан аңғарында «Ала-Тоо Резорт» курортының алғашқы кезеңін ашуға дайындалып жатыр. Екі жобаның ауқымы, іске қосылу мерзімі және құрылыс тәсілі әртүрлі.
Ауқымы мен іске асу мерзімі
Жоспарланған аумағы жағынан Қырғызстандағы жоба ауқымдырақ. «Ала-Тоо Резорт» үш курорттық аймақты қамтып, шамамен 3,9 мың гектар жерге орналасады. Жоба толық аяқталған кезде тау-шаңғы трассаларының жалпы ұзындығы 250 шақырымға жетуі тиіс.
Ал Almaty Superski жобасында табиғи ортаға түсетін салмақты азайтуға басымдық берілген. Курортқа Іле-Алатауы ұлттық паркінің шамамен 1 мың гектар аумағы қажет болады. Бұл парк жерінің жарты пайызынан аз. Сонымен қатар аталған аумақ ұлттық парктің құрамында қалады.
Қазақстандағы курортты 2028 жылғы желтоқсанда толық іске қосу жоспарланған. Ал Қырғызстандағы жоба кезең-кезеңімен салынып, құрылысы 2038 жылға дейін жалғасады.
Трассалар мен аспалы жолдар
Жыргаландағы курорттың алғашқы кезеңі 47 шақырымнан асатын шаңғы трассаларымен ашылады. Ал Almaty Superski іске қосылған кезде трассалардың жалпы ұзындығы 60 шақырым болады. Оның жартысы жаңадан үйренушілер мен балалы отбасыларға арналған.
Жыргаланда алғашқы кезеңде алты аспалы жол жұмыс істейді. Ал Көкжайлауда 17 көтергіш орнату жоспарланған. Қазақстандық курортта желдің екпініне төзімді әрі заманауи саналатын 3S типті үш арқанды гондолалар қолданылады. Оған қоса, он орындық гондолалар мен орындықты көтергіштер орнатылады.
Көкжайлаудағы трассалардың 70 пайызына Snow Factory жасанды қар жүйесі қойылады. Бұл технология қар аз жауған жылдары да қыс бойы курорттың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Құны мен өткізу қабілеті
Almaty Superski жобасының құны Қырғызстандағы курортпен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Қазақстандық туристік даму компаниясының (KTD) бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес Almaty Superski құрылысының құны шамамен 500 миллион долларды құрайды. Ал «Ала-Тоо Резорт» жобасы 1,2 миллиард еуроға бағаланған.
Қазақстандық курорт тәулігіне 15 мың адамды қабылдай алады. Мұнда тек шаңғы тебушілер ғана емес, тауда серуендеп, мейрамханада тамақтанғысы келетін немесе аспалы жолмен шыңдарды тамашалауға келген туристер де демала алады.
Көкжайлау жобасына тәжірибелі мамандар тартылған
Almaty Superski курортының бас жоспарын Андорраның Pas Grau International консалтинг компаниясы әзірлеген. 70 жылдық тарихы бар компанияның портфелінде 120-дан астам жоба бар. Қазақстандық курорттың тұжырымдамасын PGI Management компаниясының президенті Жоан Виладомат таныстырған.
Жобаға ботаниктер, климатологтер, гляциологтер, топырақтанушылар мен экологтер де тартылған. Құрылыс жұмыстары Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкестігі тұрғысынан тексеріліп жатыр. Ал гидрологиялық зерттеулер таулы аймақтың табиғатына зиян келтірмей, қанша су пайдалануға болатынын анықтауға мүмкіндік береді.
Ержан Еркінбаевтың айтуынша, мамандардың ұсынысынсыз компания бірде-бір қадам жасамайды.
Жоба жетекшісі Томас Тор Йенсен курорттың барлық инфрақұрылымы мүмкіндігі шектеулі адамдарға да қолжетімді болатынын айтқан.
Курорт дайын инфрақұрылымның жанында салынады
Қазақстандық жобаның басты артықшылықтарының бірі – орналасқан жері. Курорт Алматының іргесіндегі Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарының арасында бой көтереді. Сондықтан елдегі ең ірі қаланың тұрғындары мен халықаралық әуежай арқылы келген туристер тау бөктеріне қысқа уақытта жете алады.
Алматы маңындағы тауларда қазірдің өзінде Шымбұлақ, Медеу, Ой-Қарағай және басқа да демалыс орындары жұмыс істейді.
Жаңа курортқа туристерді нөлден бастап тартудың қажеті жоқ. Қазірдің өзінде өңірге жылына шамамен 2 миллион турист келеді. Олардың басым бөлігі Шымбұлаққа барады.
Курорттың инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымы Қазақстанның Даму банкінен берілетін жеңілдетілген несие есебінен салынады. Биыл Алматы қаласының әкімдігі курортқа апаратын жол бойында сегіз көпір мен су өткізу нысанын салып жатыр.
Орталық Азия таулары туристерге жаңа мүмкіндік ұсынады
Екі курорт бір-бірін толықтыра алады. Алматы туристерге мегаполис маңында шаңғы теуіп, кешке қалаға оралуға мүмкіндік береді. Ал Ыстықкөл өңіріндегі Жыргалан қаланың қарбаласынан алыстап, бір апта бойы тауда демалып, ұзақ трассаларда сырғанағысы келетіндерге қолайлы.
KTD бағалауынша, шетелдік турист тауда күніне орта есеппен 450 доллар жұмсайды. Орталық Азияға келген Үндістан немесе Парсы шығанағы елдерінің шаңғышылары бір сапар аясында Шымбұлақ пен Жыргаланда да демала алады.
Садыр Жапаров «Ала-Тоо Резорт» курортының ашылуына Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өкілдерін шақырған болатын.
Осылайша, Қазақстан мен Қырғызстан өз аумағында жеке-жеке тау-шаңғы курорттарын салып жатқанымен, бұл жобалар Орталық Азияның халықаралық туристік бағыт ретіндегі әлеуетін арттыра алады. Болашақта өңірге келген турист әртүрлі деңгейдегі трассаларды таңдап, екі елдің таулы аймақтарында демалу мүмкіндігіне ие болады.
