Ерқанат Кеңесбекұлы – табиғатынан талғампаз ақын. Сезімтал жүрегі селт еткенде, сөздің сөлін сығып алып, көсіле жырлайды. Онсыз қалам ұстау жоқ. Оқырманынан ештеңе жасырмайды. Шешіле сырласады, сырласып қана қоймай, сай-сүйегін сырқыратады. Бұл – поэзияның құдіретін сезіне білген ақын жүректің талантқа адалдығы болса керек-ті. Оның көңілі қаламаған адамға шырт ете қалатын кірпияз болмысына дейін өлеңдерінде тұр.
Екеуміз бір жылдың төліміз. Менің 1 ай, 12 күн үлкендігім бар. Соны алға тарып, өзімше аға бола қалам кейде. Кейде көңілді кезінде мені «аға» деп қалады. Мәз болып жүрсем, бір сол жағынан тұрған күні ағаны көзіме бір-ақ көрсетеді. Мұнысына тағы риза болмай қала алмайсың. Өйткені, шынайылықтан артық не бар? Өзі 13 ақпанда туған. 1 ай, 12 күн үлкендігімнің сандарын қоссақ, тағы 13 шығады. 13 санын жанынан қарасақ, «Алла» деген сөзге келеді. «Қысқасы Құдайдың бір құдіреті бар сенде» деп әзілдейміз. Мүмкін шынымен де солай шығар…
Жалпы, өз басым Ерқанатты «Ереке» деп еркелетемін. Оның өз жөні де бар. Біз сол баяғы тағдыр кешіп, өмірдің сансыз өткелінен аттап өте алмай, айналшықтап жүргенде Ерекең қазақтың өлең өлкесіне қазығын қағып үлгерген. Елге ерте танылып, студент шағында, есті өлеңдерімен Арқаның әдеби ортасын жалт қаратқаны өтірік емес. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы да талантын танып, батасын берген.
Шынашақтай кезінде «БОТА» орталығының бір жиынында өлең оқып тұрған суреті бар. Ерлан Төлеутай, Базар Мамыр, Мартбек Тоқмырза, Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар, Бағдат Мүбәрак сынды дүлдүлдер отыр көрермендер қатарында. Өзі де сөз арасында осындай ағалардың тәрбиесін көргенін жасырмайды.
Ерқанатпен кештеу таныссақ та, жанына жақын тартып, дос болып кеттік. Өлеңдегі жолы үлкен бола тұра, «жиде мен алма ағашы сияқты жыр гүлің кештеу ашылса да, сен бізге тізе қосып қалдың ей, Жәкіш» деп көңілімді көтеріп қояды, арасында. Тырнақалды туындысы жарыққа шыққанда да, «Алифтегі зәм-зәм жырлар» деп қалам тартыппын.
Ал Ерекеңнің мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Сағыныш басқан» жыр кітабының жөні бөлек. Мұнда ақынның толысып, кемеліне келгені байқалады. Кітаптың өне-бойынан артық ештеңе таппайсыз. Өлеңдері тап-тұйнақтай.
Кітаптағы Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбайдың авторға жазған хатында Ерқанат Кеңесбекұлының шығармалары оның талант иесі екенін айғақтайтыны айтылады. Әсіресе, «Түн көлеңкесінің ұйыған кезі» деген туындысына ерекше тоқталған. Осыдан-ақ, Ерқанаттың қаламының қуатын аңғара беріңіз.
«Сағыныш басқан» – сегіз желіден тұрады. Әр желіге тақырыптас, идеялас туындылар топтастырылған. «Сағыныш басқан», «Алхоры қыз», «Шідер», «Ақыржалған», «Мистика», «Түйсіну», «Кәрі көктем» сынды сыршыл ақынның ел жатқа оқитын жырларын да кітаптан табасыз.
Ақын «Бұл күнде» өлеңін:
«Сен де жалғыз бұл күнде мен де жалғыз.
Бір мұң сыйлап кетеді керсағал күз.
Көзден аққан жасыңның құны қанша,
Елге көктем сыйлайтын кермарал қыз?» деп бастайды. Көз жастың құнының арзан болмайтыны тағы белгілі. Осы өлеңді «Бақытыңмен мен сенің ең қайғылы, қасіретімсің сен менің ең көңілді…» деп түйіндегенде ойланбай қала алмайсыз… Өлеңнің миссиясы да осы болса керек, сірә…
Аяулы анасы жайлы жырын:
«Е, менің қайран шешем қабірдегі,
Сергелдеңге сап бітті-ау, өмір мені» деп бастап, соңын:
«О, менің қасиеттім, зираттағы,
Жүрмін бе әруағыңды қинап тағы.
Көктасыңа көз жасым тамып кетті,
Отбасыма бармадым үй жақтағы,
О, менің қасиеттім, зираттағы» деп түйіндейді. Өлеңде өмір, сезім, музыка, динамика бәрі бар. Осылардың бірі жетпей қалса, мұндай әсерлі тумас еді.
Жалпы, кітаптың өн бойынан қаламға деген адалдық, өлеңге, өмірге деген іңкәрлік және тың ізденісті аңғарасыз. Бұдан бөлек, Ерқанаттың көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп келе жатқанын айту керек.
«Дүрлігістерден, сүрлігістерден,
Байқасам тірлік сабыры қашқан.
Өлеңге орап уата алам ба,
Қара жерді мен Сағыныш басқан?..» деп толғанады ақын. Иә, шығармашылық адамының өзіне көңілі толмауы жөн-ақ. Осы алаң көңілінен, жазу аманаты алдындағы антқа беріктігінен, қалам сілтеуінен оның ауқымды тақырыптарға құлаш сермеуге қанат қомдап отырғанын аңғардық.
Ерқанаттың тікмінезі, ешкімге күні үшін жалпақтамайтыны, көрініп қалғысы кеп аласұрмайтыны және өзінің қарым-қабілетіне деген сенімі жырларында менмұндалайды. Әр ісіне ұқыптылығы мен мұнтаздай киініп жүруі һәм сері көңілін, бөлек болмысын ұнатқан жұрт «Керімсал ақын» деп ат қойған. Ендеше, Керімсал ақынның кемел жырларын Сіз де оқып шығыңыз…
Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
