Өшпес ерлік, өлмес даңқ

Ақадыр кентінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған тағылымды әрі тағзымға толы «Өшпес ерлік, өлмес даңқ» атты салтанатты митинг жоғары деңгейде өтті. Кент әкімдігі мен Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығы ұйымдастырған бұл тағылымды шара елдік пен ерлікті ұлықтап, майдангерлер рухына тағзым ету мақсатында өткізілді.

9 мамыр – Жеңіс күні халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатын қасиетті мереке. Бұл – қайсарлық пен қаһармандықтың, бірлік пен отансүйгіштіктің айқын көрінісі болған ұлы күн. Сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан батыр бабаларымыздың ерлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің берік іргетасы. Сондықтан да Жеңіс күні – тек тарихи дата ғана емес, ұрпақ жадында жаңғырып тұратын мәңгілік тағылым.

Митинг барысында соғыс даласында ерлікпен қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым жасалып, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге құрмет көрсетілді. Жиналған жұртшылықтың жүзінен өткенге деген құрмет пен бүгінгі бейбіт өмірге деген шынайы ризашылық анық сезілді.

Салтанатты шарада Шет ауданы әкімінің орынбасары Карсембаев Даурен Құралұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Құрметті мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шет ауданының Құрметті азаматы, көрнекті жазушы Өмір Кәріп, №26 өрт сөндіру бекеті бастығының міндетін атқарушы Шегетаев Руслан Ақажанұлы сөз сөйлеп, жиналған қауымды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. Олар өз сөздерінде ел қорғаған ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайтынын, батырлар рухына тағзым ету – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы екенін ерекше атап өтті.

Шара барысында кент мекемелерінің өкілдері Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым етті. Қасиетті үнсіздік орнаған сәтте жиналған жұрт бір минут үнсіздікпен соғыста қаза тапқан боздақтарды еске алды. Бұл – ерлікке көрсетілген шексіз құрметтің, ел жадындағы мәңгілік естеліктің көрінісі еді.

Мерекелік жиында Ұлы Отан соғысының тыл ардагерлері Сауқымбекова Дариға мен Примак Александра Антоновнаға Шет ауданы әкімінің атынан арнайы сый-сияпаттар мен Құттықтау хаттар табысталды. Еңбекпен жеңісті жақындатқан ардақты аналардың өнегелі ғұмыры – бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Мерекелік думан Теміржолшылар саябағында жалғасын тауып, кент тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұнда ұйымдастырылған концерттік бағдарлама мен сауда-саттық жәрмеңкесі көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Әсем ән мен күмбірлеген күй мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.

Концерт барысында Талғат Мұқашевтың орындауындағы «Әлия», «Ескерткіш» әндері көрермен көңілін толқытса, Дана Данабекова шырқаған «Батыр Мәншүк» пен «Жеңіс күні» әндері патриоттық рухты асқақтатты. Нұргүл Бейсембекованың «Қазақ елі осындай» әні туған елге деген мақтаныш сезімін оятты. Сонымен қатар, М.Мәметова атындағы мектеп оқушылары Аружан Дарханқызы мен Іңкәрім Тілеужан орындаған «Соғыстың соңғы көктемі» композициясы көрермендерді тебірентті.

Еркеназ Талғатова «Желкілдек», Абдулғани Ғарифолла «Алаш ұраны», Айару Рахметолла «Қазақстаным – Отаным», Ақажан Сати «Туған жер», Әмина Болат «Татулықта күшіміз», Медина Шалкенова «Туған жер» әндерін әсерлі орындап, кештің сәнін келтірді. Ал Ислам Құрманбай орындаған «Алаш аманаты» күйі ұлттық рухты асқақтатып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен бірге, «Бақыт мекені» ансамблі соғыс жылдарындағы әндерден попурри ұсынып, көпшілікті өткен дәуірдің әсерлі әуендерімен тербесе, «Балбөбек» бөбекжайының ұжымы сахналаған «Ардагерлер есімі – мәңгі есімізде» атты театрландырылған қойылым көрерменнің жүрегіне ерекше әсер сыйлады.

Тағылымы мол мерекелік шара соңында кент тұрғындары ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдіріп, ерекше әсермен тарқасты. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиет дарып, ел тарихына деген құрмет арта түсері анық. Өшпес ерлік пен өлмес даңқ – халық жадында мәңгі сақталады.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті