«Әжелер сөзі – тәрбие көзі»

Жакында «Гауһар»  бөбекжайында қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатымен «Әжемнің ертегісі» жобасы бойынша, «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» деп аталатын мерекелік  сайыс болып өтті. Әже тәрбиесін үлгі ету, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалана отырып, Бесік жырын құлаққа сіңіре өскен бала болашақта өз баласына  да  махаббатын  бере алады. Құрметті әжелер, армысыздар, Бәріңізде  есен-саумысыздар.  Жиналыппыз  сәтті  күні  бәрімізде. Үлкен  кіші, жасыңыз, кәрімізде. Төрлетіңіз қадірменді әжелер, Гүл-гүл жайнап біздің мынау төрімізге, – деп әжелерді құрметпен қарсы алды.

Немере үшін ең мейірімді жан – әже. Ақ сүт берген аналардың анасы – әже. «Жан жүрегім, жарығым» деп немересін, шөбересін жүрегіне теңейтін де әже.  «Әже, әже әжетайым» әнін бүлдіршіндер тамаша орындады. Әжелер жиған барлық ғибратын бүлдіршінді тәрбиелеуге арнайды. Ата жолын қусын деп адал еңбекке, мейірімді болсын деп қайырымдылыққа баулиды. Әженің әңгімесі мен ертегісін тыңдау, өнегесін үйрену, ақылын жадында тоқу-ұрпақ міндеті. Ол киелі, қасиетті, ардақты жан. Ол – Әже.

Әже! Әулетіміздің ақылгері, жанымызды шуаққа бөлеген құрметті жан! Сіздер біздің ақылшымыз әрі кеңес айтар, тәрбие беріп, бағыт-бағдар нұсқар асыл жандар шаңырағымыздың берекесін кіргізіп, барша ұл-қыздарыңызға, немере, шөберелеріңіз бен шөпшектеріңізге бақыт сыйлап отырсыздар!

Сіздердің  тәлімдеріңіз  бен тәрбиелеріңізден  көгерген ұрпағыңыз бүгінде айналасына абыройлы, елге сыйлы азаматтар мен азаматшаларға  айналды дегенге  сенімдіміз.  Көңілдеріңіз  бай,  жандарыңыз сұлу болсын! Ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз сіздерге – деп педагог-психолог зерттеуші Маржан Тілеубековна мен әдіскер Бақытгүл Айтқалиевна, тәжірибелі педагогтар Алтын Несіпхановна, Дана Асхатовна, Ләззат Муратовна, музыка жетекшісі Жаннұр белсене қатысып сайысты тамаша әрлендіріп жүргізіп отырды.

Әділ қазылар мүшелері, «Гауһар» бөбекжайының директоры Тлегенова Жанат Маратовна, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназиясынан келген бастауыш мұғалімі Блялова Бақытжан Сайлауовна. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназиясының  бастауыш мұғалімі Амиртаева Мейракүл Нурмухановна әсерлі, тағылымды сайысты бірге тамашалап, бағалап отырды.

Әже біздің күніміз, Әжемнің біз гүліміз. Балаларды қуантып, Ұзақ өмір сүріңіз, – деген әдемі өлең шумақтарымен әжелер таныстырылды. «Жұлдыз» тобынан жаны жайсаң жайдарлы әже қатарында өзімде қатыстым. Жақсы тілекші боп жүретін, қуаныштарға ортақ бола білетін, «Қызғалдақ» тобының атынан Тлегенова Боташ әже. Өзі сондай әдемі, күндей күліп жүреді, «Балдырған» тобының атынан Болгарина Әсия әже. Немере қамын ойлай жүретін балажан «Батыр» тобының атынан қатысқан Шынбаева Сандуғаш әже. Қашан көрсең де шаршамайтын, бір әулеттің сыпайы әжесі «Ақсұңқар», «Құлыншақ» тобының атынан қатысқан Мыңбаева Жұмагул әже. Ақ көңіл мейрімді «Аққу» тобының атынан Смағұлова Зоя әже,  жайдарлы жайсан  «Айгөлек» тобының атынан Абеуова Гүлжан  әже қатысты.

Әжелер  сайыс шарттарымен таныстырылды.

  1. «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» (өздерін таныстыру);
  2. «Көтерейік көңілді ән-жырменен» (өнер сайысы);
  3. «Менің әжем көп ертегі айтып береді» (ертегіні түсіндіру, көрнекілікпен)

үй тапсырмасы;

  1. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» (сұрақ-жауап).

Әжелер де келіп жетті танысуға, Бойындағы бар дарынды дарытуға Қорықпастан сайысқа келіп жетті, деп сайыс шарттары түсіндірілді.

Екінші сайыс.
1. «Көтерейік – көңілді ән-жырменен» атты өнер сайысына кезек берілді.
2. «Менің әжем көп ертегі айтып береді» (ертегіні түсіндіріп, көрнекілікпен) үй тапсырмасы орындалды.

«Гауһар» бөбекжайының психологі Аханова Маржан тренинг жүргізді.

  1. «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» деп сайыстың келесі кезекті сұрақ – жауабы да ойдағыдай тартымды өтті.

Осымен бұл қызықты тәмамдасақ, Бұл жайды айтамыз ба жаман болсақ. Үйрендік білмегенді осы жолы, Тағы да үйренеміз аман болсақ. Көп жасаңыз,ақ ниетті әжелер, – дей отырып сайысқа қатысқан аяулы асыл әжелер мен апаларға  ризашылық пен рахмет айтылды.

Әжелерге сыйлықтар, аталымдар берілді. «Білгір әже», «Мейірбан әже», «Алтын  оймақты әже», «Әнші  әже», «Ең  көңілді  әже», «Сырлы әже», «Өнерлі әже» деген  дипломдармен марапатталды.

«Батасыз құл жарымас, баталы құл арымас» деп әжелеріміздің осындай тамаша рәсімі жалғасын таба берсін деген ниетпен   тамаша баталар берілді.

Әжелер қалқып бақыт арасында, Уайым мұң қонбасын басыңызға. Осымен
сайысымызды аяқтаймыз, Гүл бітсін бәріңіздің қадамыңызға, – деп құтты болсын айтылды.
Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистар одағының

Мүшесі

Қарағанды қаласы