Түркия астанасы Анкара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапарына дайындалды. Қала көшелеріндегі электронды экрандардан екі ел басшысының портреттері көрсетіліп, ғимараттар Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік тулары арқылы безендірілді. Ал Этимесгут әуежайында Мемлекет басшысын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі қарсы алды.
Анкара көшелеріндегі дайындық барысын Қазақстандық журналистер әлеуметтік желілерде жариялады. Үлкен экрандардан Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоғанның бейнелері көрсетіліп, олардың жанында қазақ және түрік тілдерінде құттықтау жазулары орналастырылған.
«Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза, Түркияға қош келдіңіз!» деген жазу қазақ тілінде жарияланған.
Қазақстандық журналист Саяна Санакова Анкара көшелеріндегі көріністерді көрсетіп, Мемлекет басшысының сапарына жасалған дайындыққа назар аударды.
«Анкараның басты көшелерінде, ғимараттардың қасбеттерінде біздің Президенттің портреті, ал қасында Қазақстан мен Түркияның тулары желбіреп тұр», – деді ол.
Журналистің айтуынша, мұндай көріністер ресми келіссөздер басталмай тұрып-ақ Түркия тарапының Қазақстан Президентінің сапарына ерекше мән беріп отырғанын аңғартады.
Қазақстандық журналист Вероника Вишневская да Тоқаевтың сапарына арналған құттықтау экрандарының кадрларын жариялады.
Президенттік ұшақ пен құрметті қарауыл
Қазақстандық делегацияның Түркияға келу сәтін Qazaqstan ұлттық телеарнасының журналисі, «Ақорда» бағдарламасының жүргізушісі Ақдария Мұхаддас та көрсетті. Жарияланған видеода бортында QAZAQSTAN деген жазуы бар Президенттік ұшақ пен оның алдында сап түзеген түрік құрметті қарауылы бейнеленген.
Ақорданың мәліметінше, Этимесгут әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайып Ердоған жеке өзі қарсы алған.
Президенттер қандай мәселелерді талқылайды?
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен ресми сапармен барды. Кездесу барысында екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланады.
Түркияның A Haber телеарнасының хабарлауынша, келіссөздерде екіжақты қарым-қатынастар, энергетика, сауда және өңірлік мәселелерге басымдық берілуі мүмкін.
Сапар бағдарламасына сәйкес, Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне де қатысады.
