Адалдықтың үлгісін танытқан ардақты ана

Көктемнің алғашқы лебі ескен жаймашуақ күндерінің бірінде елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ерекше рухани кеш өтті. «Аманат арқалаған ана» атты бұл кездесу аудармашы, ҚЖО мүшесі Рымбала Смайыловамен жүздесуге арналған тағылымды басқосу болды. Кеш барысында әлем әдебиетінің жауһары саналатын Виктор Гюгоның «Париждегі Нотр-Дам соборы» романының Рымбала Кенжебайқызы аударған нұсқасының тұсаукесері жасалды.

Кеш атауының «Аманат арқалаған ана» деп аталуы да бекер емес. Рымбала апай – белгілі жазушы, публицист, аудармашы Марал Хасеновтің жары. Жолдасы өмірден өткеннен кейін оның қаламгерлік жолын жалғастыруды өзіне аманат санаған ана, жасының ұлғайғанына қарамастан әдебиет пен аударма саласында талмай еңбек етіп келеді. Он жыл бұрын өмірден өткен қаламгердің шығармашылық мұрасы бүгін оның жан серігі арқылы жалғасып, оқырман жүрегіне жол табуда.

Қаржы мен уақыттың қадірі арта түскен бүгінгі заманда кітап шығарып, оқырманға ұсыну оңай шаруа емес. Соған қарамастан, Рымбала апай өз қаражатымен кітап басып шығарып, әдебиеттің шамын сөндірмей келе жатқан жанкешті жандардың бірі. Кітаптың салмағы оның көлемінде емес, астарында жатқан тынымсыз еңбек пен табандылықта екені осындайда анық сезіледі.

Кездесу барысында Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Рустам Әлидің құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ кешке ақын-жазушылар, ғалымдар мен журналистер қатысып, аудармашыға ізгі тілектерін жеткізді. Олардың қатарында ақын-жазушы, ғалым Кенжебай Ахметов, жазушы Айгүл Кемелбаева, Абай әулетінің өкілі Ләйлә Баймағамбетова, Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубай, журналист, аудармашы, веломарафоншы Ернат Мелсұлы, «Егемен Қазақстан» газетінің «Мәдениет және әдебиет» бөлімінің меңгерушісі Жәнібек Әлиман болды.

Қарағандыдан арнайы ат арылтып барған Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің «Жастар әлемі» журналының редакторы Гүлнара Шөменова бастаған біз де кешке қатыстық. Алдыңғы толқын ағалардың жолын жалғау ниетінде Ақжігіт Сағынтай екеуміз өз өлеңдерімізді оқыдық. Ал ақын әрі сазгер Ардақ Игенова Марал Хасеновке арнаған «Аға» атты авторлық әнін орындап, жиналған жұртты ерекше әсерге бөледі.

Сонымен қатар қоғам қайраткері, «Әділетті Қазақстан» республикалық ғылыми-инновациялық орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Мағжан Садыханов аудармашыға жылы лебізін білдіріп, «Аяулы ана» қоғамдық сыйлығын табыстады.

Кеш барысында Рымбала апайдың ұлы Дархан Маралұлы да сөз алып, анасының шығармашылық жолы туралы естелігімен бөлісті.

– Анамның жұмысы жеңілдесін деп кезінде компьютер үйреттік. Қазір жақсы меңгеріп алды. Екеуіміз екі экранның алдында отырып шығарманы бірге талдап аударуға кірісеміз. Анам үшін қазір бір кітап аудару қиын шаруа емес, – деді ол мақтанышпен.

Кеш соңында жиналған қауым Рымбала Смайылованың еңбегін жоғары бағалап, ақжарма тілектерін білдірді. Жолдасының аманатын арқалап, әдебиет әлемінде табанды еңбек етіп келе жатқан анаға көпшілік шығармашылық шабыт пен сарқылмас қуат тіледі.

Бұл кеш біз сияқты жастар үшін де үлкен тағылым болды. Өйткені руханиятқа адалдық, өнерге деген құрмет және аманатқа деген жауапкершілік – дәл осындай жандардың өмір жолынан көрінеді.

Нұрасыл АМАНЖОЛ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ-курс студенті