Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының «Кітап оқитын педагог» санаты бойынша облыстық ақтық кезеңі мәресіне жетті. Білім мен кітапқа деген қызығушылықты арттыруды көздеген байқау ұстаздардың кәсіби білігі мен әдеби танымын сынға салды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Қарағанды қаласының командасы иеленіп, 1 миллион теңге жүлдеге қол жеткізді. Екінші орын Приозерск қаласына (600 мың теңге), үшінші орын Балқаш қаласына (400 мың теңге) бұйырды.
Жеңімпаздар қатарында Шәкәрім атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсем Қалиасқарова, Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның тарих пәні мұғалімі Баршагүл Хасенова және осы білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, жазушы Бекзат Алтынбек бар.
Аталған жоба аясында қатысушыларға 15 шығарма ұсынылып, сол бойынша білімдері сыналды. Қалалық кезең тест түрінде ұйымдастырылса, облыстық кезең quiz форматында өтті.
– Бұл жоба күзде бастау алған. Алдымен мектепішілік, кейін қалалық кезеңдерден өтіп, облысқа жолдама алдық. Ақтық кезеңде үздік атанып отырмыз. Болашақта жоба республикалық деңгейге жетеді деп сенеміз, – дейді жеңімпаз Бекзат Алтынбек.
Айта кетейік, «Кітап оқитын ұлт» жобасы Шымкент қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстарында өтті. Шараны облыс әкімдігі мен «Аманат» партиясы бірлесіп ұйымдастырды.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
