Зейнеткерлердің әлеуеті – қоғам игілігі

Еңбекке қабілетті аға буынды қолдау Қарағанды облысында жүйелі жолға қойылып, мақсатты түрде жүзеге асырылып келеді. «Күміс жас» және «Алтын жас» жобалары зейнет жасындағы азаматтардың өмірлік тәжірибесін тиімді пайдаланып, оларды еңбек нарығынан шеттетпеуге бағытталған. Бұл бастамалар өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға оң ықпал етуде.

Мансап орталығының мәліметінше, аталған жобаларға қатысуға ниетті азаматтар да, оларды жұмысқа қабылдауға дайын жұмыс берушілер де күн санап артып келеді. Себебі еңбек нарығында тәжірибелі мұғалімдерге, медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ өндіріс пен қызмет көрсету саласындағы білікті мамандарға сұраныс әлі де жоғары.

Соңғы төрт жыл ішінде «Күміс жас» бағдарламасы арқылы 4 725 адам жұмыспен қамтылған. Жоба үш жылға есептелген: бірінші жылы жұмыс берушіге қызметкер жалақысының 70%-ына дейін, екінші жылы – 65%-ы, үшінші жылы 60%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады. Бағдарлама мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерді зейнет жасына дейін тұрақты жұмысқа қабылдауға міндеттеледі.

Ал өткен жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Алтын жас» жобасы зейнеткерлердің де еңбек етуіне мүмкіндік ашты. Қазіргі таңда бұл бағдарлама аясында 470-тен астам адам жұмыс істеп жүр.

Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Дәурен Қошқаралиевтің айтуынша, биыл өңірде тағы 600 зейнеткерді жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жоба екі жылға арналған, осы кезеңде жалақының 50%-ы (бірақ ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын деңгейде) мемлекеттік субсидия есебінен өтеледі.

2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Meditsina ortalygy Sat» клиникалық орталығы да бұл бастамаларды қолдап келеді. Аптаның жеті күні қызмет көрсететін мекемеде ем алушылар легі үзілмейді. Мұнда онға жуық маман еңбек етеді. Солардың қатарында зейнет жасына жетсе де кәсіби білігін ел игілігіне арнап жүрген тәжірибелі мейірбике Нұрбибі Кенжебаева бар.

Мекемеде бос жұмыс орны пайда болған кезде басшылық Мансап орталығына жүгініп, «Алтын жас» жобасы арқылы білікті маманды жұмысқа қабылдаған. Былтыр сәуір айынан бері осы орталықта еңбек етіп жүрген Нұрбибі Кенжебаева ұжыммен де, емделушілермен де тез тіл табысып, сенімге ие болған. Бұған дейін қалалық №4 емханада эндоскопия кабинетінде қызмет атқарған ол жаңа ортаға оңай бейімделгенін айтады.

«Мамандығыма жақын болғандықтан, бұл жұмыс маған қиындық туғызған жоқ. Үйде отырғаннан гөрі еңбек етіп, өзіме де, отбасыма да пайда тигізгім келді. Бұл орталыққа келгеніме өкінбеймін», – дейді ол.

Мұндай тәжірибелі мамандардың еңбек жолын жалғастыруы – қоғам үшін де, сала үшін де үлкен пайда. Әсіресе денсаулық сақтау саласында тәжірибе мен кәсіби біліктілік әрдайым маңызды.

Зейнет жасына жақындағанымен, еңбекке қабілеті мен кәсіби әлеуеті жоғары азаматтарға сұраныс өндіріс саласында да айқын байқалады. Бұған Қарағанды облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Қарағандыэнерго-жөндеу» ЖШС мысал бола алады. 1965 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында бүгінде 200-ден астам адам еңбек етеді. Оның 21-і «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа қабылданған.

Кәсіпорын қызметінің көпсалалы сипатына байланысты мұнда дәнекерлеушілерге, токарьларға, станок операторларына, экономистерге, ағаш шеберлеріне және өзге де білікті мамандарға тұрақты сұраныс бар. Басшылықтың айтуынша, «Күміс жас» жобасы кадр тапшылығын азайтуда тиімді құралға айналған.

Кәсіпорынның даму жөніндегі директоры Сергей Глуховтың пікірінше, бұл бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқандар – түрлі себеппен еңбек нарығынан уақытша тыс қалғанымен, кәсіби тұрғыда толық қалыптасқан, тәжірибесі мол мамандар. Олар жұмысқа кіріскен сәттен бастап-ақ өндіріс үдерісіне тез бейімделіп, нәтижелі еңбек етеді.

Сонымен қатар кәсіпорын жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары сияқты өзге де мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекеттік субсидиялар жұмыс берушінің қаржылық жүктемесін азайтып, тұрақты жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді.

Бұл үрдістің тиімділігін төрт жылдан бері кәсіпорында еңбек етіп жүрген 5-разрядты токарь Вячеслав Калининнің тәжірибесі де дәлелдейді. Пандемия кезінде жұмыссыз қалған ол Мансап орталығына жүгініп, «Күміс жас» жобасы арқылы осы кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. Қазір ол салмағы бірнеше тонна болатын күрделі бөлшектерді дайындаумен айналысады және алдағы уақытта да осы ұжымда еңбек етуді жоспарлап отыр.

Қоғам үшін маңызды жобалардың құндылығы – сол жобалар аясында еңбек етіп жүрген адамдардың ісінен көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Алтын жас» бастамасы тәжірибелі мамандарға жаңа мүмкіндік беріп отыр. Соның бірі – «Happy kids» қосымша білім беру орталығында қызмет ететін ұстаз Хадиша Жақаева.

Ол балалармен жұмыс істеу арқылы рухани серпіліс алатынын айтады:

«Зейнетке шықтым екен деп қол қусырып отырғым келмеді. Әлі де қоғамға пайдам тисе деймін. Көп жылдық тәжірибемнің арқасында балалармен тіл табысу қиын емес. Керісінше, олармен араласу маған қуат береді», – дейді ұстаз.

Хадиша Жақаеваның еңбек жолы «Алтын жас» жобасының негізгі мәнін айқын көрсетеді. Бұл бастама зейнеткерлердің қоғамнан тыс қалмай, өз тәжірибесін ел игілігіне жұмсауына мүмкіндік береді.

Жалпы, өмірлік тәжірибесі мол азаматтарды назардан тыс қалдырмай, олардың әлеуетін тиімді пайдалану – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатқан «Күміс жас» және «Алтын жас» жобалары осы бағыттағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі. Бұл бағдарламалар еңбекке қабілетті азаматтардың мүмкіндігін қайта жандандырып, кадр тапшылығы бар салаларға серпін береді. Тәжірибе мен жауапкершілікке негізделген ортада тұрақтылық қалыптасып, ел дамуы да өз арнасымен ілгерілей береді.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ