Қызылша – адамнан адамға тез таралатын, аса жұқпалы вирустық ауру. Қызылша әсіресе балалар арасында жиі кездеседі, бірақ ересектер де ауруы мүмкін.
Қызылшаның қоздырғышы – ауа арқылы таралатын вирус, сондықтан науқас адаммен байланыста болған кез келген адам жұқтырып алуы ықтимал.
Аурудың алғашқы белгілері тұмау ауруына ұқсас болады, яғни дене қызуы көтеріледі, жөтел пайда болады, мұрыннан су ағады, көзі қызарып, жасаурайды. Бірнеше күннен кейін теріде бөртпе шығып, ол бүкіл денеге таралады. Бұл – қызылшаның негізгі белгісі. Қызылша кезіндегі бөртпенің өзіндік айқын ерекшеліктері бар. Бастапқы кезде ұсақ қызыл дақтар түрінде пайда болады, кейін бірігіп, ірілеу дақтарға айналады. Бөрітпелер тері бетінен сәл көтеріңкі келеді. Олар алдымен беттен, әсіресе құлақтың артынан басталып, кейін мойынға, денеге, қол-аяққа таралады. Екі-үш күн ішінде бүкіл денені бөрітпе басады. Түсі ашық қызыл түстен қою қызыл түске дейін өзгереді. Бұған қосымша денеге бөртпе шыққан кезде дене қызуы жоғары болады. Бөртпелер кейде бірігіп, теріде үлкен дақтар түзеді. Тек, төрт-бес күннен кейін бөртпе біртіндеп солып, орнында қоңырқай із қалдыра отырып, кейін тері қабыршақтанып, түлеу байқалады.
Қызылша жеңіл өтеді деп ойлау қате. Ол асқынған жағдайда өкпенің қабынуына, құлақтың қабынуына, тіпті мидың зақымдануына алып келуі мүмкін. Сондықтан бұл ауруға бей-жай қарауға болмайды.
Қызылшадан қорғанудың ең тиімді, әрі сенімді жолы ол – қызылша ауруына қарсы вакцина алу. Вакцина адам ағзасында иммунитет қалыптастырып, аурудың алдын алады. Қызылшаға қарсы екпе балаларға жоспарлы түрде салынады, бала бір жасқа келгенде және мектепке барар кезде, яғни алты жаста жасалады. Бұдан басқа қызылшаға қарсы эпидемиологиялық жағдайға байланысты, байланыста болған тұлғалар да егіледі.
Қазіргі кезде ауданда қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз болып отыр. Аурудың басым көпшілігі екпе алмай қарсылық білдіргендер немесе екпе жасына толмай, егілмей қалған бір жасқа дейінгі сәбилер.
Аурудың алдын алу үшін жеке гигиенаны сақтау, адамдар көп жиналатын орындарда сақ болу, сондай-ақ денсаулыққа көңіл бөлу маңызды.
Егер қызылша белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет.
Қызылша – жеңіл қарауға болмайтын қауіпті ауру. Одан қорғану әр адамның өз қолында. Сондықтан, денсаулық – ең басты байлық екенін ұмытпайық.
Айман ЖАНАЕВА,
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары
