Махаббатқа тағзым

Дүние жүзінде, әсіресе жастар арасында 14 ақпан – Әулие Валентин күні махаббаттың мерекесі ретінде кеңінен тойланып жүргені белгілі. Алайда, әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі, дүниетанымы, махаббатқа деген көзқарасы бар. Сол тұрғыдан келгенде, сырттан енген бұл мерекенің біздің ұлттық болмысымызға сай келмейтіні де жасырын емес. Соған қарамастан, қазақ жастарының да оны жаппай  атап өтуі ойландырмай қоймайды.

Осындайда халқымыздың төл құндылықтарын жаңғыртып, ұлттық рухты көтеруге бағытталған игі бастамалардың маңызы арта түседі. Соңғы жылдары елімізде 14 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні ретінде айрықша атап өтіліп келеді. Аталған мереке жастарды адалдық пен пәктікке жетелейтін, шынайы махаббаттың мәнін ұғындыратын, ұлттық тәрбиені  дәріптейтін рухани күнге айналып отыр.  Жыл өткен сайын аз да болса бұл мерекенің мазмұны тереңдеп, ауқымы кеңейіп келе жатқаны да соның айғағы.

Осы игі дәстүрдің жалғасы ретінде Ақадыр кенті тұрғындары мәні мен мағынасы терең, тағылымы мол шараның куәсі болды. Атап айтқанда, Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты мерекелік әдеби-сазды кеш көрермен көңілінен ерекше орын алды.

Кешке тек қана ақадырлықтар ғана емес, ауданымыздың Ақсу-Аюлы, Талды, Бұрма, Тағылы ауылдарының көркемөнерпаздары да қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Мерекелік кештің шымылдығы «Бақыт мекені» ансамблінің сүйемелдеуімен квартеттің орындауында «Сен келерсің» әнімен ашылды. «Ақ тілек» әнін жерлесіміз Айнұр Данабекова нақышына келтіре орындап шықты. Ақсу-Аюлыдан келген Құндыз Нуркина мен Батырхан Кәріп «Сәлеметсіз бе?» әнімен жалғастырып жатты.

Аудандық мәдени-сауық орталығының өнерпазы, әнші, театр әртісі Бекзат Аханов «Ханзадаң болайын сенің» және «Таңғы елес» әндерін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Залда отырған өнерсүйер қауым Гүлмира Жұмабекова мен Медет Ажарбековтің дуэтпен орындаған «Сенім шырағы», «Неге, неге?» әндерін ыстық ықыласпен, қиқулата қарсы алды. Тағы да бір ерекше дауысы бар Арайлым Артықбаева әнші «Түнгі сыр», «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» әндерін шырқағанда, көрермен қауым ерекше әсермен қарсы алып, ду қол шапалақтың астына алды. Келесі сахнаға шыққан дуэт Құндыз Нуркина мен Ержан Әжібек «Қызғалдақ» әнімен мерекелік кешті әдемі әсерге бөлегені анық.

Соңғы кезде кентіміздің мәдени-сауық орталығының жұмысында жаңа серпін, тың өзгерістер байқалуда. Соның жарқын көрінісі – «Дана-Ай» және «Бақыт мекені» вокалды дуэттерінің құрылуы. Бұл екі дуэт мерекелік кештерде әсем ән шырқап, көрерменнің зор ықыласына бөленіп жүр. Екі дуэт тек ауданымызда емес, облысымыздың қала, аудандарында танымал болып келеді.

Дана Данабекова мен Айзада Рыспекова «Жалғандағы жан гүлім» әнін және танымал хиттерден попурри орындаса, Айбота Қалабаева мен Алмаз Қайрат «Жоқ демеймін», «Сен керексің» әндерін шеберлікпен жеткізіп, кештің көркін қыздыра түсті.

Екі дуэттің сахнадағы үйлесімі мен орындаушылық шеберлігі көрермен көңілінен орын алып, мәдени шараның мазмұнын байыта түсті. Осындай өнерлі жастардың арқасында кентіміздің мәдени өмірі жанданып, рухани кештерге деген қызығушылық арта түсетіні сөзсіз.

Қорыта айтқанда, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кеші – жастарды тек махаббатқа емес, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, ата-баба аманатына адал болуға үндеген тағылымды, мазмұнды шара болды. Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, ел жастарының жүрегінде шынайы махаббат пен ұлттық рухтың шамы әрдайым жарқырай берсе екен деген тілек бар.

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті