Табысқа бастар талпыныс

Кентіміздің білім ордалары соңғы уақытта толағай табыстарымен көпшіліктің мерейін үстем етіп келеді. Соның айқын дәлелі — Ә.Ермеков атындағы тірек мектебі (РО) жанындағы интернаттың 11 «А» сынып оқушысы Байболат Ақмаралдың жетістігі. Дарынды шәкірт математика пәнінің білікті ұстазы Спатаева С.А. жетекшілігімен Ө.Жолдасбеков атындағы 11 сынып оқушыларына арналған математика және механика бойынша зерттеу жобаларының ХV Халықаралық конкурсына қатысып, І дәрежелі диплом мен күміс медаль иеленді. Аталған жеңіс – білім мен табандылықтың, ұстаз бен шәкірттің тынымсыз еңбегінің жемісі. Жас талаптың жетістігі мұнымен шектелмей, мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алды. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы Байболат Ақмаралға Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтпаев атындағы техникалық зерттеу университетінде білім алу үшін арнайы оқу грантын табыстады. Берілген оқу гранты – оның болашағына жол ашатын үлкен мүмкіндік, жас дарынға көрсетілген зор сенім деп бағалау керек.

Сонымен қатар, оқушыларға кәсіби бағдар беру аясында ұйымдастырылған Jas Skillis-2026 өңірлік чемпионатында да мектеп оқушылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Берік Абзал – «Дәнекерлеу» бойынша І орынға ие болса, Бабыл Әлібек – «CAD инженерлік графикасы» бойынша – ІІІ орынды жеңіп алды. Әрине, осы жетістіктер — техникалық білім мен кәсіби шеберліктің ұштасқан көрінісі болып табылатыны сөзсіз.

Айдарбекова Н.С. басқарып отырған мектеп ұжымының мұндай табыстары – бір күндік еңбек емес, жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұған дейін де білім мен өнер додаларында топ жарып жүрген шәкірттері жетерлік. Мәселен, Бөгенбай батыр жырын жатқа айтудан өткен Қарағанды облысының байқауында осы мектеп оқушысы  бас жүлдені жеңіп алса, оны дайындаған ұстазы лайықты марапатқа ие болып, жеңіл автокөлік мінген болатын.

Жалпы кент мектептері білім мен тәрбие беру ісінде биік белестерден көрініп келеді. Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің ұстаздары мен оқушылары да үздік қатарынан табылып жүр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша халықаралық, республикалық олимпиадаларына қатысып, жоғарғы көрсеткіштерге жеткені үшін «Ең үздік ауыл мектебі» мәртебесіне ие болса, кеше ғана лицей ұстазы мұғалімдер арасында өткен Халықаралық олимпиадада жүлделі екінші орынға ие болған.

Осы ретте аудан көлемінде білім сапасын арттыруға айрықша көңіл бөліп, ұстаздар мен оқушылардың түрлі олимпиадалар мен байқауларға белсенді қатысуына қолдау көрсетіп, жүйелі ұйымдастыру жұмыстарын жолға қойып, нақты бағыт-бағдар беріп жүрген Шет аудандық білім бөлімінің басшысы Абенова Раушан Бекайдарқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Оның білікті басшылығы мен үйлесімді жұмысының арқасында аудан мектептері жоғары нәтижелерге жетіп жүргенін ауыз толтырып айтуға болады.

Жерлестерімізді осындай толағай табыстарымен құттықтай отырып,  алдағы уақытта да білім мен ғылымның  биік шыңдарын бағындыра беретініне сенім білдіреміз.

Жас ұрпақтың әрбір жетістігі – ел болашағының жарқын кепілі.

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті