Көптен күткен қуанышты хабар

Таяуда Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Әдеби жыл қорытындысы бойынша «Қазақ әдебиетінің жарқын болашағы» атты салтанатты жиын өтті. Бұл шарада негізгі үш: кітаптарды тарату жолы, жасанды интелектінің ықпалы және көркем тілді сақтап қалу мәселелері қаралды. Биылғы жылы шыққан жаңа кітаптарға шолу жасалды. Алқалы жиында лайықты делінген бірнеше жазушыға «Алаш» және бірінші рет «Ертөстік» атты жаңа әдеби сыйлықтар табысталды, қарымды қаламгерлерді одан да әрі марқайтатын «Құрмет» орденімен марапаттау да өтті.

Мені ерекше қуантқан екі жаңалық болды. Біріншісі – өзіміз былтыр 85 жасын тойлап өткен өлкеміздің абыз жазушысы Өмір Кәріп ағамыздың «Қазақстан Жазушылар одағының Құрметті жазушысы» атағы болса, екіншісі – әлеуметтік желі арқылы танысып, рухани жақындықтың арқасында бір-бірімізді әріден білетіндей-ақ тіл табысып кеткен сіңлім Баян Бұлғақбаеваның Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған 50 қаламгердің қатарында болғанын атап өтейін.

Баянмен әңгімелесу барысында оның жасөспірім кезінде машинка басуды үйреніп алғанының арқасында Жазушылар одағына машинистка болып қызметке тұрғанын, сол жерде мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар Баянның сауатты басатынына көздері жеткеннен кейін өз шығармаларын басқызуға кезекте тұратынын таңдана естідім. ҚазМУ-дың студенті болып жүргенінде осы Жазушылар одағының ұсынысымен Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түскенін, онда оқып жүргенде де бірталай болашақ жазушылармен дос-жаран болғанын, тіпті атақты Шыңғыс Айтматовтың кітабын орыс тілінде шығарып беруге ықыласты болғанда Баян әуелі қазақ тілінде шығармақшы болып, ұсыныстан бас тартқанын айтып берген еді. Ақыры «Тамшы» атты алғашқы өлеңдер жинағы 2003 жылы жарық көреді.

Институтты бітірген соң Қарағанды қаласына жолдама алып, облыстық газеттерде: «Индустриальная Караганда» және «Орталық Қазақстан» қызмет атқарғанын, одан кейін Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әдеби редакторлығын атқарғанын, келе-келе Көміршілер одағына қызметке ауысып, шығармашылығы доғарылып қалғанын біліп өкіндім.

Тап сол танысу кезінде мен 2022 жылы Нобель сыйлығының иегері атанған Анни Эрноның екі романын аударып қойған едім. Сол тәржімемді көрсетіп пікірін сұрадым, Баянға еңбегім ұнағандықтан Алғысөз жазып беруін сұрадым. Баян менің сөзімді екі етпей тез арада аударманы талдай отырып Алғы сөз жазып берген болатын.

Баян маған өзінің кейінде шығарған «Жаным менің ақын ба?» өлеңдер жинағын, өмірбаяндық «Қайта оралмас өмір» атты проза кітабын және өзін тәрбиелеп өсірген Әлпи әжесіне арнаған «Ғажайып жан» мен қайтыс болған перзентіне арнаған «Ангелочек ты мой» деген эссе кітапшаларын сыйлады.

Мен оларды оқығанда екі тілде бірдей терең жазатын әлуеті бола тұра оның тікелей шығармашылықпен айналыспай жүргенін құп көрмедім, оған менен басқа да таныстары қаламгерлікпен айналыс деп айтып баққан екен. Баянмен бұрыннан етене таныс Серік Ақсұңқар мен Сүйіндік Жаныспай жазушыларымыз Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өтуіне ұсыным бергенінің нәтижесі бүгін осы сүйінші хабарға жеткізіп отыр. Енді Баян Бұлғақбаева жазушының екінші тынысы ашылып, романдары бірінен соң бірі шығатынына сенімдімін. Саған ақ жол тіледім, Баян сіңлім!

Р.К.СМАИЛОВА,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

аудармашы