31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Ақадыр кентінде кент әкімдігі мен Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен «Тағзым мен тағылым» атты еске алу шарасы өткізілді.
Бұл күн – халқымыздың жүрегіне жазылмас жара салған қасіретті жылдарды еске түсіретін, өткенге тағзым етіп, келешекке сабақ алатын ерекше күн. ХХ ғасырдың зобалаң жылдарында қазақ халқы бұрын-соңды болмаған нәубетті бастан кешірді. Миллиондаған адам ашаршылықтың құрбаны болды, мыңдаған зиялы қауым өкілдері жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, атылды, айдалды, түрмеге қамалды. Ұлттың қаймағы болған арыстардан айырылу халқымыз үшін орны толмас қасірет еді.
Шара басталар алдында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш алаңында С.Сейфуллин атындағы кітапхана ұжымы дайындаған «Естеліктер мәңгілік» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде халқымыздың тарихындағы ауыр кезеңдерді баяндайтын құнды деректер мен тарихи еңбектер қойылды.
Одан кейін кент мекемелерінің ұжымдары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, боздақтардың рухына тағзым етті. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған бір минуттық үнсіздік жарияланып, жиналған жұрт өткеннің қасіретті беттерін жүрекпен сезінді.
Келесі кезекте Иса молла атындағы мұсылман мешітінің бас имамы Қалмағанбетов Нұржан Оңғарұлы құрбандар рухына Құран бағыштап, дұға жасады.
Мәдени-сауық орталығының қызметкері Асылхан Төлеуханның орындауындағы «Қуғын-сүргін құрбандары кесенесінде» атты монолог көрермендердің көңілін толқытып, тарихтың ауыр шындығын әсерлі жеткізе білді.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Кәріпұлы Өмір сөз сөйлеп, халқымыз бастан өткерген нәубетті жылдардың зардаптары туралы ой қозғады. Ол бала күнінде үлкендерден естіген ашаршылық пен қуғын-сүргін кезеңіндегі қиын тағдырлар жөніндегі естеліктерімен бөлісіп, тарихты ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы екенін атап өтті.
Сонымен қатар қазақ халқының азаттығы мен дербестігі жолында күрескен ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай арнайы баяндама жасалды. Баяндаманы кенттік балалар кітапханасының қызметкері Қанат Жансая Ермекқызы оқып, Алаш арыстарының ел болашағы үшін атқарған өлшеусіз еңбегіне тоқталды.
Шараның мәдени бағдарламасында дәстүрлі әнші Мұттасар Дастан «Тау ішінде» әнін орындаса, эстрада әншілері Данабекова Дана «Жалған дүние», Рыспекова Айзада «Барында оралыңның ойна да күл» әндерін шырқап, көрермендерге әсерлі көңіл-күй сыйлады.
Еске алу шарасына саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен туыстары да қатысты. Өкінішке қарай, бүгінде олардың қатары сиреп, Ақадыр кентінде небәрі жеті адам ғана қалған. Кент әкімдігі тарапынан оларға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды.
Тарих – өткеннің ғана емес, болашақтың да ұстазы. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу – құр өткенге көз жүгірту емес, ұлт басынан өткен қасіретті ұмытпау, тәуелсіздіктің қадірін терең сезіну деген сөз. Зұлмат жылдардың зардабы әр қазақтың жүрегінде сақталуы тиіс. Өйткені өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр болмақ.
Бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіз еліміздің әрбір жетістігі сол боздақтардың арманы мен құрбандығының өтеуі екенін кейінгі ұрпақ әрдайым жадында ұстауы қажет. Сондықтан да мұндай тағылымды шаралардың мәні зор. Олар жас ұрпақты отансүйгіштікке, тарихи жадыны қастерлеуге, ел мен жердің қадірін білуге тәрбиелейді.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
