Сәуір айынының 6-7 күндері қасиетті Түркістан қаласында дзюдо күресінен шеберлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Айтулы додаға еліміздің әр өңірінен тәжірибелі палуандар жиналып, татамиде тартысты белдесулер көрсетті.
Аталған байрақты бәсекеде ақадырлық жерлестеріміз де абыроймен облысымыздың намысын қорғап, өздерінің шеберліктері мен қайсар мінездерін айқын танытты. Жарыстың тартысты өтуіне қарамастан, спортшыларымыз жоғары дайындық пен табандылықтың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Атап айтқанда, 60 келіге дейін және 100 келі салмақ дәрежелерінде сынға түскен Қайрамбеков Сұңғат және Жаңғабылов Мәрлен қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетіп, шеберлік пен жігердің үлгісін көрсете білді. Нәтижесінде қос жересіміз де жүлделі ІІІ орынға ие болып, облысымыз бен ауданымыздың мерейін асқақтатты.
Жерлестерімізді осы кезекті жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік белестерден көрініп, бұдан да үлкен жарыстарда еліміздің көк байрағын талай мәрте желбірете беруіне тілектеспіз!
Қ.БЕКҚОЖИН,
Ақадыр кенті
