Қарағандылық сержант Тимур Ержанов Қазақстан Қарулы күштері әскери қызметшілері арасында жаңа рекорд орнатып, 200 шақырымдық ультрамарафон қашықтығын 34 сағат 55 минутта бағындырды. Ол бұл жүгірісті Құрлық әскерлері күніне арнады.
Жарыс Қарағандыдағы әскери бөлім аумағында басталды. Алғашқы шақырымдарды «Астана» өңірлік қолбасшылығының 31775 әскери бөлімінің рота сержанты Тимур Ержанов жұбайы Жанармен бірге жүгіріп өтті. Ол стартта қолдау көрсетті. Әскери қызметші Ұлытау облысының туған Жаңаарқа кентінде мәреге жетіп, оны туған-туыстары, әріптестері мен жерлестері қарсы алды.
Жол бойында сержантты әріптестері қолдап, қашықтықтың жекелеген бөліктерінде кезектесіп бірге жүгірді. Дегенмен, негізгі бөлігін ол өз бетінше еңсерді.
– Тимур қайсарлықтың, төзімділіктің және қызметке адалдықтың үлгісін көрсетті. Ол жеке құрам үшін өнеге, – деді 1-мотоатқыштар батальонының командирі, майор Тасқын Әнуарбекұлы.
Тимур Ержанов жүгірумен шамамен бес жылдан бері айналысып келеді және марафондарға тұрақты түрде қатысады. Биыл ол кәсіби мерекесіне орай 200 шақырымды бағындыруды мақсат еткен.
– Қашықтық барысында жаңбыр да, қар да, шаршау да болды. Бірақ отбасы мен әріптестердің қолдауы мәреге жетуге көмектесті, – деді ол.
Бұған дейінгі рекорд майор Занғар Әлкеновке тиесілі болған – 2020 жылы ол 200 шақырымды 35 сағат 11 минутта жүгіріп өткен.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ
