Қарағанды облысында үш айдың қорытындысы бойынша 1,3 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім шамамен 6%-ды құрады. Өңірде өңдеуші өнеркәсіп көлемін ұлғайтып, оның үлесі тау-кен секторынан асып түсті. Облыста іске асырылып жатқан 44 инвестициялық жобаның 14-і өңдеуші салаға тиесілі.
Өңірдің қаңтар–наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері аппараттық кеңесте қаралды.
– Облыс экономикасы оң серпінін сақтап отыр. Өнеркәсіптегі өсім 105,9%, ауылшаруашылығында 104,4% болып, республикалық орташа көрсеткіштерден жоғары. Өңдеуші өнеркәсіптегі өсім 7,6%-ды құрады. Жыл басынан бері негізгі капиталға 139,1 млрд теңге инвестиция тартылды, оның негізгі бөлігі өнеркәсіп секторына бағытталған, – деп хабарлады экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Әшкенов.
Оның айтуынша, бірқатар салалар тұрақты өсім көрсетіп отыр. Олардың қатарында машина жасау, құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру бар.
Өңірде шойын, прокат, алтын, күміс, тұрмыстық техника, автобустар мен арнайы техникалар өндірісі артқан. Сонымен қатар көмір өндіру көлемі де ұлғайды.
Құрылыс, сауда және көлік салаларында да тұрақты өсім байқалады.
Үш айда 67,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 26%-ды құрады.
– Алдымызда экономиканың кемінде 7% өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін барлық қолда бар резервтерді, оның ішінде цифрлық шешімдерді тиімді пайдаланып, әлеуметтік-экономикалық дамудың бекітілген көрсеткіштерін орындау қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
