БАУЫРЫМ МЕНІҢ ТІРЕГІМ

«Бауырларың бақытың, саған арнар уақытын»

Отбасы – адам баласының  өсіп- өнер, қанат жайып, түлеп ұшатын алтын ұясы. Мен өз отбасымды  кішкентай  мемлекет дей аламын. Біз көп балалы отбасында дұниеге келдік. Ата-анам 10 бала тәрбиелеп өсірді. Анамыз өткен ғасырдың 65-шы жылдары Кеңес  Одағының Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен «Батыр ана» медалімен марапатталған (онда Л.И.Брежневтің және М.Георгадзенің қолдары бар). Кішкентай кезімізде  бәріміз бірге тұрдық. Уақыт келе үлкен әпкеміз өз шаңырағына қалықтап ұшып кетті. Үлкен ағам Шакмаран әкемнің тұңғышы болғандықтан еркелеу болды, ал бауырларым Жамсап пен Әкімнің іс-әрекеттеріне апамның көңілі толып, «құлындарым, жөн-жосықты, әдет-ғұрыптағы дәстүрлі кәделерді  біледі» деп сүйсініп отыратын.

Қазіргі таңда желдіріп 70 жасқа келіп жеткен,  Әкім бауырым туралы айтар сөздер  жетерлік. Ол құжат бойынша Манабаев Шалгерей, немере болып келетін Шаңгерей ағатайым ауылдық Кеңестің сол кездегі төрағасы Бәкіров Қадыр ағамызға барып, өзіне ұқсастырып Манабаев Шалгерей деп жаздыртып алған, ал отбасында, жолдас-жоралар арасында Әкім деп аталады. Ол бала  кезінде сондай сүйкімді болатын. Жазғы каникул кезінде нағашы ата-әжесіне барып, олардың шаруашылық жағдайларына қолқабыс тигізіп, көмектесіп қайтатын. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Чехословакия мемлекетінде болып, өзінің әскерлік борышын өтеп келді.

Бауырым ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтады. Апам осы Әкімнің қолында қаламын, ол шаңырақ иесі болады, «Әкітай» деп айналып отыратын.

1984 жылы отбасын құрды, Роза атты үйге келін түсті, бірінен кейін бірі балалары Гүлнәр, Шырын және Ұлан дүниеге келді.  Ұрпақтары білім алып, өмірде өз жолдарын тапты. Әкім бауырым бүгінгі таңда 7 немересі бар ақ шашты, аяулы ата.

Өмір жолын ұстаздыққа арнады. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыра білді, дұрыс іскерліктер мен дағдыларды қолдануды үйренді. Ол «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісінің иегері, білім саласының Құрметті қызметкері. Әкім бауырмал, алдындағы екі бауырының жоқтығын білдіртпей, біздерге тіршілікте қорған болды. Өзімнің  қуанышым мен қайғымды  бөлісті. Оны әркез жақсылықты тілеп, қуансаң мәз болатын, мұңайсаң қабырғасы қайысатын жан деп мақтан тұтам. Күнде барлығымыздың амандығымызды біліп, ұялы телефонмен хабарласып тұрады.

Алматыда жүрген біздер туып өскен шаңыраққа жиі келеміз. Кейде қара шаңырақта бас қосып жиналғанымызда, бұрынғы сәттердегі қызықты оқиғалар мен естеліктерді, әрқайсысымыздың  кішкентай кездегі тәтті қылықтарымызды еске алып, күліп отырамыз. Бауырлар ғажап сәттерімізді еске салып отыратын мұрағат іспеттес. Ауылды аңсап келгенде, Роза екеуі тік тұрып қызмет көрсетеді. Осындай құрмет көрсетіп, құрақ ұшып сыйластық көрсететін  бауырларым бар болғанына,  Аллаға шүкір!

Қазіргі таңда еш нәрсе дәлелдеп қажет емес:

— сұлулық көрінеді,

— ақыл байқалады,

— мейірім сезіледі, сондықтан бауырдың мейірімі сезіле берсін!

Бауыр керек өмірде сырласатын,

Сыйласатын, өзінше үн қосатын.

Сынаққа да сен үшін қарсы тұрып,

Бағындырып белесті қырды асатын.

Жақыныңды, бауырыңды бағала, олар барда күндей нұрлы өмірің  дегім келеді. Баршаның бауырлары аман болсын!!

Мұхсын КАРБАНҚЫЗЫ,                                                                   

әпкесі, прокуратура ардагері,                                                                    

 аға әділет кеңесшісі