Манабаев Шалгерей Кәрбанұлы – саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған, еңбегімен де, адами қасиеттерімен де көпке үлгі бола білген ардақты азамат. Биыл ағатайымыздың 70 жасқа толуына орай өмір жолына, азаматтық болмысына деген құрметтің белгісін атап өтуді жөн көрдім.
Құжат жүзінде аты Шалгерей болғанымен, әкесі Кәрбан атамыздың еркелетіп қойған аты – Әкім. Содан бері ел ішінде де, ағайын-туыс арасында да ол кісі «Әкім» атанып кеткен. Бұл есім оған тек ат қана емес, мінезіне сай лайықты сипат бергендей. Өйткені Әкім ағатайымыз қай ортада да сабырлығымен, парасаттылығымен, әділдігімен ерекшеленіп келеді.
Ол 1956 жылдың 28 сәуірінде Қарасу елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі ұлының дүниеге келуін қуанышпен атап өтіп, Ақбейіт басында тай сойып, елге үлестіргені – сол заманның кең пейіл, дархан дәстүрінің көрінісі. Кейін отбасы Ақшатау өңіріне қоныс аударып, қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданындағы Жарылғап батыр ауылында тұрақтайды. Осы ауылда өсіп, білім алып, азамат ретінде қалыптасты.
Білім жолын қарапайым жағдайда бастағанымен, талап пен еңбек оны әрдайым алға жетеледі. Ұстаздарының тәлімін бойына сіңіріп, өмірде өз орнын таба білді. Әскер қатарында борышын өтеп, еңбек жолын ауылда бастап, кейін жоғары білім алып, ұстаздық жолды таңдады. Қай салада еңбек етсе де, адалдық пен жауапкершілікті ту етіп, ел сенімінен шыға білді.
Ұстаздық қызметте де, басшылықта да Әкім ағатайымыз өзін білікті маман, әділ басшы ретінде көрсетті. Мектептерді басқару барысында ұжыммен тіл табысып, шәкірт тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Оның еңбегі еленіп, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен және «Білім саласының үздік қызметкері» медалімен марапатталуы – соның айқын дәлелі.
Алайда Әкім ағатайымызды тек қызметімен ғана емес, адамгершілік болмысымен де ерекше бағалаймыз. Ол – туған-туысқа қамқор, бауырларының арасында әрдайым сыйлы, ақылшы аға. Іні-қарындастары үшін тірек бола білген, қиын сәтте жанынан табылатын жанашыр жан. Отбасында да, ағайын арасында да оның орны бөлек.
Аға туралы, адамгершілік пен өнеге жайында Абай Құнанбайұлының мына бір нақыл сөзі есіме келді: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады». Осы сөздер ағатайыма арналғандай. Әкім ағатайымыздың тұлғасы, ол кісінің бойындағы адамгершілік, парасат, қамқорлық қасиеттер – тәрбиеден, өмірлік тәжірибеден және айналасындағы жақсы ортадан қалыптасқанын көрсетуге өте үйлесімді.
Мінезі ақжарқын, үлкенге әрдайым ізетті, кішіге қамқор әрі үлгі. Жастарға бағыт-бағдар беріп, өмірлік ақыл-кеңесін аямайтын, тәрбиесімен де, ісімен де өнеге көрсеткен тұлға. Әсіресе жеңгелерімен жақын тіл табысып, сырлас ретінде құрметке бөлене білетін қасиетін атап айтқым келеді. Осы қасиетін аса бағалаймыз, бауырлары – біз жақсы көріп құрметтейміз. Қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі оны көпке жақын ете түсті.
Отбасында да ол – үлгілі әке, адал жар. Жұбайы Розамен бірге тату-тәтті өмір сүріп, үш баланы тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере сүйіп, олардың қызығын көріп отырған бақытты ата. Балаларына дұрыс тәрбие беріп, өмірде өз жолдарын табуына бағыт-бағдар көрсете білді.
Жетпіс жасқа дейінгі ғұмырында Әкім ағатайымыз өзін құрметті азамат, қамқор әке, адал жар, сенімді дос ретінде таныта білді. Оның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі, тағылымы мол өнеге. Осындай мерейлі 70 жасында ағатайымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын тілейміз. Әрдайым ортамызда аман-есен жүріп, ақылын айтып, ұрпағының қызығын көре берсін!
А.Ш.МАНАБАЕВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
академик Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды ұлттық зерттеу
университетінің профессор ассистенті
