МЕКТЕП БАСШЫСЫ – ҚОҒАМ КӨШБАСШЫСЫ

Өмірдің өзі де ұстаз. Бірақ осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Әрбір көзі ашық адам сауатын ашу үшін ең бірінші ұстазға жүгінеді. Ал ұстаздың міндеті ештеңеден хабары жоқ шәкірттен тұлға дайындау.

Өткені – өнеге, іргесі – ізгілік, керегесі – кемел игілікті істерге толы білім ордамыз тоғыз жылды артқа тастап, жас ұрпақтың сапалы біліммен саналы тәрбие алуына өз үлесін қосқан ,мектеп басшыларының бірі болған-Шалкерей Карбанұлы. Бекем бірлік қағидасына сүйенген мектеп ұжымы осы кезге дейін көптеген жетістіктерді бағындарды. Әрине, осы орайда «Көреген басшы елді өсіреді» демекші, осындай үлкен ұжымды білікті басқарған мектеп басшымыз Шалгерей Карбанұлының еңбегі ерең болды.

Шалгерей Карбанұлы педагогикалық еңбек жолын осыдан 28 жыл бұрын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметінен бастады. Мектепте еңбек еткен жылдары оқушылары аудандық, облыстық сайыстарда топ жарды. Алтайбаев атындағы орта мектептегі директорлық қызметін абыроймен атқарып, Ақсу негізгі орта мектептің директоры қызметіне ауысты. Біз білетін Шалгерей Карбанұлы ойы терең, педагогикалық шеберлігі жоғары деңгейдегі басшы және ұстаз. Өз пәні бойынша сабақ берумен қатар, мектеп ұжымының көшбасшы жетекшісі. Оқушылардың білім сапасын көтеру, ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізу, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, мектеп қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстары ұжым тарапынан қолдау тауып, көпшілік көңілінен шықты.

Жұмыс барысында жауапты, талапшыл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болды. Басшылыққа келгеннен «Жүйелі жоспар, нәтижелі сабақ, шығармашыл – ізденімпаз ұстаз» жұмыстарын ұйымдастырып, педагог жұмысының нәтижесінде шығармашыл тұлға, жаңалыққа бейім, өзін-өзі дамытатын, белсенді әрекетке түсе білетін, мәдениетті, эстетикалық талғамы бар білімге, шығармашылықпен өзін-өзі үздіксіз дамытып отыратын тұлға жасау жолында мектеп ұжымына жағдай жасады. Себ

Ұлы өмірлік ұстаз Абай Құнанбайұлы: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» демекші, өз бойындағы бар білімді оқушы жүрегіне ұялата алар шеберлігінің арқасында, оқу-тәрбие жұмысын жүргізу кезінде оқушының психологиялық ой-өрісінің өсу, даму дәрежесін байқай алатын кәсіпқойлығымен ерекшеленді. Шалгерей Карбанұлы еңбексүйгіш, өз ісіне жауапкершілігі мол. Тапсырылған жұмысты мүлтіксіз орындап, әрдайым ізденіс үстінде жүрді. Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қарапайым мұғалімдіктен жаңа тұрпатты мектеп басшысына дейінгі өнегелі баспалдақтардан өтті.    Ауыз толтырып айтарлық мақсаттарын сөзбен емес, іспен көрсете білгендіктен әріптестерінің зор құрметіне, оқушылар мен ата-аналардың алдында үлкен беделге ие болды. Мінезге бай, сұраған адамға көмегі дайын адам ретінде көпке үлгі. Өз кәсіби деңгейін ұдайы арттырып отыратын ұстанымы да ерекше еді. Елеулі жетістіктерін айтар болсақ, оның өзі бір төбе. Облыс, аудан көлемінде Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен бірнеше мәрте марапатталды.

Білікті басшы, ұлағатты ұстаз ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз күндер мен түндерді артқа тастап, абырой биігінде келеді. Шалкерей Карбанұлының жеткен жетістігі, шыққан асуынан гөрі әлі қоғамға берері мол. Мектептің бәсекеге қабілетті білім ордасына айналуына  басшымыздың көшбасшылық қасиетінің арқасында деп білеміз. Демек, мектептің құлаш сермеп биіктерден көрінуі, қоғам дамуының себепшісі болары сөзсіз.

Шалкерей Карбанұлы мектеп директоры – білім ордасының табысты дамуының кепілі екенін көрсетті. Оның дұрыс басқаруы мен білікті жетекшілігі нәтижесінде мектеп жоғары жетістіктерге жетіп, сапалы білім беретін мекемеге айналдырды.

Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз. Ұлағатты ұстаздардың басын қосып, дұрыс басшылық жасау үшін де қабілет-қарым керек. Сондай күш біздің басшымыздың бойынан табылды.

Құрметті Шалкерей Карбанұлы! Сізді 70 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Саналы ғұмырыңызды білім мен тәрбие саласына арнап, талай шәкіртке жол көрсетіп, үлкен өмірге қанат қақтырдыңыз. Сіздің еңбегіңіз – өлшеусіз, абыройыңыз – асқақ.

Ұстаздық жолдағы табандылығыңыз бен даналығыңыз, адамгершілігіңіз бен парасатыңыз баршаға үлгі. Сіз тәрбиелеген шәкірттер бүгінде ел игілігіне қызмет етіп, Сіздің еңбегіңіздің жемісін дәлелдеп келеді.

Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім.

Осы мерейлі 70 жасыңызда Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілейміз! Әр күніңіз қуанышқа, әр сәтіңіз шаттыққа толы болсын!

Сұлушаш НҰРТАЗИНА,

 «Мәртбелі мұғалім»

Төсбелгісінің иегері