Жарайсың, Валерия!

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда еліміздегі өзге этнос өкілдерінің қатысуымен алғаш рет республикалық айтыс өтті. Елорда әкімдігі, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен және Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен «Алтын шаңырақ» республикалық айтысына барлығы 12 этнос өкілінен 6 жұп айтыскер қатысты.

Айтыскерлер қазақтың төл өнері арқылы ел бірлігі мен ынтымағын жырға қосты. Елдегі өзекті тақырыптарды көтеріп, заң мен тәртіп қағидаттарының қоғамдағы рөліне, ел бірлігі мен рухани құндылықтарды насихаттауға, өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді дамытуға ерекше мән берді. Қоғам тұрақтылығы мен дамуының негізі саналатын бұл ұстанымдар жыр арқылы көркем жеткізіліп, көрерменге терең ой салды.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек  дүбірлі дода бірліктің, достықтың, татулықтың, өнерге деген жанашырлық пен құрметтің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын мемлекеттік саясатымыздың негізі ретінде бекітіп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту ісіне баса назар аударып келеді. Соның нәтижесінде Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату өмір сүріп, ортақ құндылықтарды бірге дәріптеуде. Бүгінгі бөгенайы бөлек айтыс – сол көшбасшы идеяның нақты жемісі. Мұнда тілі басқа болғанымен, тілегі бір, рухы үндес өнерпаздар бас қосып отыр. Олар халқымыздың мызғымас бірлігі мен татулығын жырға қосып, қазақтың шұрайлы тілін, сөз өнерінің құдіретін паш етпек, – деді ол.

Ұлттық мұраны дәріптеп қана қоймай, көпұлтты қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға мүмкіндік берген айтыс нәтижесінде қостанайлық қазақтың келіні, тіл жанашыры Ирина Новицкая мен оның жетекшісі Жібек Шахмарданқызы бас жүлдені иеленіп, 3 млн теңгені қанжығасына байлады. Қазылар алқасының шешімімен 1-орынды қарағандылық кәріс этносының өкілі Валерия Цой иеленді. Ал 2-орынды атыраулық башқұрт өкілі Анварбек Садыков және елордалық Эльдана Габерман өзара бөлісті. Сонымен қатар 3-орынды Абай облысынан ұйғыр өкілі Хамида Саметова, ақтөбелік украин өкілі Хитрук Қанат алды. Айтыс арасында дарынды өзге этнос өкілдері қазақтың әні мен жырынан шашу шашып, көпшілікті өнерімен және мемлекеттік тілге деген құрметімен тәнті етті.

Біз де қуанышты хабарды ести сала, Валерияға қоңырау шалдық.

– Мен Қарағанды қаласындағы Корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесімін. Кәріс ұлттық аспабтарында ойнаймын, «Самульнори Саён» ансамблінің жетекшісімін.  Қарағанды қаласындағы Қазтұтыну одағы университетінің 1-курс студентімін.

Мектеп біріген соң Кореяға оқуға барып келген едім, бірақ үйімді сағынып, бөтендігім сезілген соң қайтып келдім.

Жалпы айтысқа дейін домбыра тартып та білмегенмін, 2 айда үйреніп алдым, – дейді Валерия  Цой.

Таза қазақша сөйлеген Валерияға «тілді қашан үйрендіңіз?» деген сұрақ қоймасқа болмады. Өйткені, өз жерінде, өз елінде тұрып ана тілінде бір сөз білмейтіндер бар емес пе?!

– Атам Қазақстанда тұрған соң қазақ тілін білу керек деп санаған, содан мені қазақ бала бақшасына береді. Қарағанды қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатта оқыдым.

Кейін мектепке барғанда, университетке түскенде де қазақша оқимын деп шештім. Бүгінде  Халықаралық қатынастар мамандығына оқып жатырмын.

Ал айтысқа келсем, жобаның авторы Бақытжан Қасымов әркімге өзі жетекші тауып, қарсыластарымызды өздері қойды. Дидар Қами Қарағандыдан болған соң, маған жетекші ретінде тағайындалды.

Жоба барысында барынша Дидар ағамен кездесіп, ол да маған домбыра жағын үйретіп отырды, атақты айтыскер, тәжірибесі көп болғандықтан ақылын , кеңестерін айтты, – дейді жеңімпаз.

Әділ БЕК