25 мамыр – мектептерде соңғы қоңырау сыңғырлап, түлектер алтын ұя мектебімен қоштасқан ерекше күнде Ақадыр кентінің Теміржол саябағында тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған тамаша мәдени кеш ұйымдастырылды. Көктемнің соңғы кешіндегі бұл әсерлі шара «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында өтіп, жиналған жұртшылықтың жүрегінен ерекше орын алды.
Жазғы сахнада әуелеген ән мен күмбірлеген әуен саябаққа жиналған көпшілікті шаттыққа бөлеп, кештің сәнін кіргізді. «Бұл концертті көрген де арманда, көрмеген де арманда» деген сөз дәл осы кешке арналғандай еді. Қарағанды қаласынан келген талантты әншілер Қуаныш Дүйсенбеков пен Гүлзар Абдугалиева, сондай-ақ Ақсу-Аюлы ауылынан арнайы ат басын бұрған өнерлі жұп Данияр Дүйсенбаев пен Гүлмира Тапай халыққа шынайы өнерлерін паш етті.
Екі жұптың да ерлі-зайыпты болуы кештің жарасымын арттыра түсті. Сахна төрінде бір-бірімен үндескен әсем дауыстар, жарасымды өнер, көрерменге деген құрмет пен ыстық ықылас бірден сезіліп тұрды. Олардың орындауындағы «Ақсу-Аюлы», «Пенде досым», «Айдай сұлу», «Қымбаттым», «Жаным», «Тәтті», «Ауылым», «Сен сұлу», «Дәл мендей», «Бір досым шақырады», «Алматыға», «Тойда жолығайық», «Маржан қыз», «Той базар», «Жамгыр токту», «Бозторғай ана», «Таң сыры», «Бағым сен», «Боз жорға», «Сен керексің» секілді халық жүрегіне жақын әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Әндер орындалған сайын сахна мен көрермен арасындағы байланыс тереңдей түсті. Әсем әуенге елтіген жұртшылық орындарында ұзақ отыра алмай, ортаға шығып би билеп, көтеріңкі көңіл-күймен кештің ажарын аша түсті. Әр ән сайын шапалақ үні күшейіп, халықтың әншілерге деген ризашылығы анық байқалды.
Кештің тағы бір ерекшелігі – жоғарыда аталған әндерді әр жұптың өз алдына орындап қана қоймай, соңында қос жұп болып бірге шырқауы еді. Бұл көрініс көрермендерге ерекше әсер сыйлап, кештің шырайын кіргізді. Бір сахнада тоғысқан төрт өнерпаздың жарасымды шығармашылығы ән сүйер қауымның көңілінен шықты.
Облысымызға танылып келе жатқан эстрада жұлдыздарын Ақадыр кенті әкімдігі мен Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығы арнайы шақырып, халыққа рухани демалыс сыйлады. Мұндай игі шаралар ел ішіндегі мәдени өмірдің жандануына серпін беріп, өнерге деген құрметті арттыра түсетіні анық.
Кеш соңында жиналған қауым ұйымдастырушылар мен әншілерге зор алғыстарын білдіріп, ақ тілектерін жаудырды. Өнерпаздардың әрқайсысына шығармашылық табыс, шалқар шабыт, биік белестер мен жарқын болашақ тіледі. Халықтың ықыласына бөленіп жүрген талант иелерінің өнер жолы әрдайым ашық болып, әндері ел жүрегінен орын ала берсін деген тілек айтылды.
Осындай ән мен шаттыққа толы кештер Ақадыр жұртшылығының жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
