Нарыққа сай кадр даялау – заман талабы

Нарыққа бейімделу – заман талабы. Әсіресе еңбек нарығында уақыт ырғағына қарай икемделу маңызды. Осыған сай бүгінде облыста кадр даярлау жүйесіне жаңаша көзқараспен қарау қажеттігі туғаны белгілі. Қазір өңірде 51 колледж бар. Әйтсе де, аймақтағы кәсіпорындарда әсіресе жұмысшы мамандар тапшы болып отыр.

Кадр жетіспеушілігі өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, энергетика, көлік және агроөнеркәсіптік секторда айқын сезіледі. Кәсіпорындар қазірдің өзінде цифрлық технологияларды меңгерген, автоматтандырылған өндірістік жүйелермен жұмыс істей алатын, яғни жаңа буын мамандарын таппай отыр.

Бұл мәселе түрлі деңгейдегі жиындарда барынша талқыланып келеді. Мәселен, кадр қамтамасыз ету тақырыбы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте де қаралды.

Белгілі болғандай, Enbek.kz платформасы арқылы өңірдегі жұмыс берушілер арасында ауқымды сауалнама жүргізілген еді. Сауалнамаға шамамен 6,5 мың кәсіпорын қатысқан. Жиналған деректер негізінде экономиканың негізгі салалары бойынша еңбек нарығына болжам жасалды. Болжамда орташа және ұзақ мерзімдегі сұраныс ескерілді. Соған сай Еңбек ресурстарын дамыту орталығы бес басым бағытты айқындады. Бұлардың қатарында өнеркәсіп пен тау-кен өндірісі, көлік және логистика, сауда және қызмет көрсету, білім беру мен денсаулық сақтау, сондай-ақ әкімшілік-іскерлік сала бар.

Ең жоғары сұраныс машина жасау, металлургия, энергетика, дәнекерлеу өндірісі, құрылыс, көлік және инженерлік инфрақұрылым салаларына қалыптасып отыр. Ауылшаруашылығы саласында да сұраныс жоғары. Білікті кадр табу қиын. Себебі қазір бұрынғыдай дәстүрлі механизаторлар ғана емес, цифрлық егіншілік мамандары, агродрон операторлары мен автоматтандырылған жүйелерді басқаратын кадрлар қажет.

Сонымен қатар алдағы жылдары өңірде іске асатын инвестициялық жобалар, өнеркәсіп пен энергетика салаларының ұлғаюы кадрға деген сұранысты одан әрі арттыратыны белгілі болып отыр.

Осы орайда облыс басшылығы уақыттан оза отырып жұмыс істеуге тырысып отыр. Яғни техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қалыптасқан сұранысқа ілеспей, нарықты алдын ала болжай білуге тиіс.

– Бұрынғы тәсілмен жұмыс істеуге енді болмайды. Мемлекеттік тапсырысты біз нақты экономиканың сұранысына сай түбегейлі қайта құрып жатырмыз. Алдағы үш жылда өңірге шамамен 50 мың маман қажет болады. Оның жартысына жуығы – зейнет жасына жеткен қызметкерлердің орнын алмастырады. Бұл – ертеңгі күннің емес, бүгінгі күннің талабы. Жұмыс күші өңір экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер етеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазір базалық салалардағы жұмыс күшінің шамамен 70 пайызы колледж түлектерінен құралады. Алайда қазіргі кадрлық құрылымда 40 пен 59 жас аралығындағы мамандардың үлесі басым. Бұл жүйелі жаңарту қажет екенін көрсетуде.

Тағы бір маңызда мәселе, мемлекеттік білім беру тапсырысы енді өңір экономикасының нақты сұранысы мен даму перспективасына сай түзіледі. Бұл ретте меншік нысанына қарамастан, барлығына талап бірдей. Десе де, заманауи материалдық-техникалық базасы бар, сұранысқа ие мамандар даярлайтын, жаңа технологияларды енгізген және жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатқан колледждерге басымдық беріледі.

Бұдан бөлек, бір мамандықтың бірнеше колледжде қайталанбауы, оқу орындарын кезең-кезеңімен нақты салаларға бейімдеу және олардың мамандануын күшейту қажет. Ол үшін өңірдегі еңбек нарығының қажеттілігін, бос жұмыс орындарын және кадрға деген сұранысты тұрақты жаңартып отыратын бірыңғай цифрлық база құрылады.

Әрине, нарықтағы тапшылықты жою үшін бірлесе әрекет ету қажет-ақ. Осы орайда әкімдіктер, кәсіпорындар, инвесторлар мен білім беру ұйымдары өзара іс-қимылды күшейтуі керек. Кадр өндірістік жобалар мен өңір экономикасының шынайы сұранысымен тікелей байланыста даярлануға тиіс. Қорыта айтқанда, аймақта алдағы күндерге болжам жасай отырып өндіріс ошақтарын білікті маманмен қамтамасыз етуге қадам жасалып отыр.

Манас АҚСАРЫ