Зияткерлік дода өтті

Өткен аптада Қазақстан халқының тілдері күніне орай Ш.Бейсеққызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен түрлі сала мамандары арасында «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды ойыны өтті. Ана тіліміздің мәртебесін ұлықтаған бұл сайыста қатысушылар тапқырлығы мен терең білімін ортаға салып, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті.

Ой-өріс пен зейінді таразылаған зияткерлік доданың қорытындысы бойынша І-орынды «Нұршуақ» бөбекжайының қазақ тілі мұғалімі Аман Жансая Жайсанбекқызы жеңіп алса, ІІ-орын Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің ұстазы Балтабай Ақерке Мұратқызына бұйырды. Ал жүлделі ІІІ-орынды Қосымша білім беру орталығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Ақбота Амангелдіқызы місе тұтты.

Шара соңында жеңімпаздар арнайы дипломдармен, ал белсенді қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Тіл мерекесінің еңсесін биіктетіп, мамандар арасындағы ынтымақтастықты арттырған бұл жиын көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті