Кемел кезеңіне келген ұстаз ғалым Жандос Қожахметұлы Смағұлов ағамыз жайлы мөлтек сыр

«Өлеңге әркімнің де бар таласы…» деп хакім Абай айтқандай, білім мен ғылымға да әркімнің таласы мен құштарлығы болуы керек! Сонда ғана бір кездері адамзаттың арманы болған, бүгінде біразы орындалып, әлі де көбісіне қол жеткізе алмай жүрген өршіл өркениет – бәрімізге де жақындар еді. Тәрбие, білім мен ғылым, мәдениет, күнделікті өмірге қажетті барлық жақсылықтар мен жеңілдіктер – сол өркениеттің жемісі. Тәрбие мен мәдениет, бір сөзбен айтқанда,  тектілік – әкенің қаны мен ананың сүтінен дарып, тал бесіктен басталып әрі қарай отбасында қалыптасады десек, білім мен ғылым мектептен бастау алып өмір бойы іздену мен еңбектенудің нәтижесінде болады екен. Оны барлық ғұламалар айтып, дәлелдеп кеткен. Сол тектілік қанында тулаған, тәрбие мен мәдениеттің мәйегінде өскен, білім мен ғылымды мейлінше меңгерген бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Жандос Қожахметұлы Смағұлов ағамыз жетпіске толып отыр. Жетпістің желкенін керген жайсаң жан жайлы көп айтуға болады. Өйткені ардагер ұстаздың, зерделі ғалымның ғұмыр жолы, өмір мектебі – кеңбайтақ қазақ даласы іспетті. Ойпаңы мен өрі, өзені мен көлі, тоғайы мен орманы, шөлі мен шөлейті, адыр-жотасы мен асқақ таулары және бар – керемет кеңістік.

Мен – Жәкеңнің алғашқы шәкірттерінің бірімін. Әрине, бізден бұрын да бірнеше шәкірттері болған шығар. Осыдан 40 жылдай бұрын, дәлірек айтқанда, 1987 жылдың қоңыр күзінде біз Қарағанды Мемлекеттік университетінің филология факультетінің бірінші курс студенті болып қабылдандық. Сол уақыттан бастап мықты-мықты ұстаздардан білім алдық. Олар – бүкіл түркі дүниесіне әйгілі ғалымдар Т.Қордабаев, Ә.Құрышжанов, ұлттық тіл мен әдебиеттің майталмандары К.Есбаев, Қ.Лекеров, М.Смағұлов, З.Жұмағалиев, Х.Нұрмаханов, С.Төлекова, Ұ.Оспалақова, С.Ибраев, Т.Смайлов, Б.Кәрібаева және тағы басқалар. Осы ұстаздардың қатарына Жандос ағамыз 1990 жылы 3 курста жүргенімізде қосылды. Жандос Қожахметұлының Алматыдағы аспирантурадан келген кезі болса керек. Жап-жас оқытушы, ғылымның қиясына қанат қаққан жас қыран. Бір ғажабы, біз сол кезеңде үлкен доктор, академиктерге қарағанда Жәкең секілді жастарға жақын жүрдік. Бұл кісі алғашқыда бізге практикалық сабақтардан берді. Әйтеуір, есімде қалғаны – әдебиеттен ұлт классиктерінің шығармаларын талдап жүрдік. Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин тәрізді қабырғалы қаламгерлердің том-том туындыларын оқуға кеңес беріп, жан-жақты талдауға жол ашқан да – осы Жандос ағамыз болды. Осы тұста алғаш ақталып жатқан Алаш арыстарын да (1990 жылдары) Жандос Қожахметұлы тебіреніп тұрып түсіндіретін.

Әлі есімде, бір күні Жәкең отбасылық жатақханада тұрып жатқан бөлмесіне ертіп келді. Сол жерде көп әңгімелестік. Бөлмедегі қабырға толы кітапқа қарап таңғалып едім (Ауылдан келген аңқаулау кезіміз ғой…). Сөйтсем, ағамыздың ғылыми еңбегін қорғауға дайындалып жүрген кезі екен ғой. Маған сонда мұқалып, түбі ғана қалған он шақты қарындашты көрсетті. «Бұл не?» — деп сұрады. Мен: «Қартайып, қажыған қарындаштар ғой» — дедім әзілге бұрып. Жәкең күлді де, басын шайқап: «Бұлардың бәрі де бір кезде ұзын да бойшаң қарындаштар еді, түгелін мен тоздырдым. Оған өкінбеймін де. Сол қарындаштармен жазған еңбектерім мынау ғой» деп, бір бума мөлдірете жазған жазбаларын көрсетті. «Аға, автоқалам тұрғанда, қарапайым қарындашпен жазғаныңыз қалай?» деп, мен де көлденең сұрақты қойып қалдым. Сонда ұстазымыз: «Бұл үлгілі үрдісті маған ұстазым Задан Тасқалиұлы айтып еді. Зәкеңнің осы тәжірибесіне таңғалған академик Қажым Жұмалиевтің өзі қыруар еңбектеріне қарындашты қолданған екен. Менің ғылыми жетекшім белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев. Сол Тұрсекең барлық еңбектерін қарындашпен жазып шығыпты. Маған да осы үлгілі тәжірибесін өнеге етіп тапсырды. Мұның бір жақсы жағы, пайдалы тұсы – қателесіп жатсаң, өшіріп тастап, қайта түзеуге ыңғайлы» деп, өткеннен сыр шертіп еді. Расында да ол уақытта қазіргідей компьютер, телефон, дамыған технология жоқ еді ғой.

Онан кейін де ағаймен араласып, ғылыми бағытта мақалалар дайындадық. Ол кісі үнемі менің ғылыми жетекшім болды. Түрлі кездесулер мен жиындарда, конференцияларда, дөңгелек үстелдерде баяндамалар жасап жүрдік.  Соңғы бесінші курста диплом жұмысын таңдарда Жандос аға маған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармашылық мұрасын тақырып ретінде ұсынды. Сол тақырыпты дипломдық жұмысқа алып, жаза бастадым. Сонан кітапханаларды аралап, Мәшекең жайлы материалдарды жинап жүрдім. Жандос Қожахметұлымен бірігіп жазған «Сөз мәйегін тамызған Мәшhүр ақын» дейтін ғылыми-зерттеу мақаламыз «Орталық Қазақстан» газетінің екі нөміріне шығып еді. Аталмыш диплом жұмысын бір жылдай зерттеп, жазып, 5 курстың соңында сәтті қорғап, үздік баға алдым.

Университет бітіріп, диплом алған кезде Саран педучилищесі, Целиноград қаласындағы оқу орындарынан шақыртулар келді. Оқыған жеріміз арнайы  жолдамамен Қарағанды политехникалық университетіне жіберді. Бірақ солардың ешқайсысына бармай, Қарағандыда шығып тұратын жастар басылымы —  «Замандасқа»  жұмысқа кірдім. Бір қызығы, жастар газетінің  редакциясы біз оқыған филология факультетінің ғимаратына өте жақын еді. Бұл жерде де Жәкең мені өзінің  жанына жұмысқа шақырды. Қасындағы әріптес інілерін жіберіп, «Университетке кел, филолог бол да  ғылыммен айналыс» деген сәлемін жолдап жүрді. Бір емес, бірнеше рет айтты. Ол кезде терең ойлы ғылымнан гөрі, жалынды романтикаға  толы журналистиканы қаладық.  Ел аралап, жер көрген-ді, адамдармен араласқанды басты мақсат санадық. Сөйтіп,  ағаның ақылын тыңдамай, басқа салаға бұрылып кеттік. Кейін осы әрекетіме өкінген сәттерім де көп болды…

2001 жылы бұрын өзім оқыған ҚарМУ-дің  филология факультеті қазақ  әдебиеті кафедрасына оқытушылыққа шақырылдым. Осы жерде Жандос ағамен, басқа да ұстаздарыммен, кейінгі толқынмен бірігіп жұмыс істеудің сәті түсті. Күнделікті жұмыста әріптес бола жүріп, біте қайнастық. Ол кісінің  ақыл-кеңесін, бағыт-бағдарын жақыннан алуға жол ашылды.

Жандос Қожахметұлынан біз көп нәрсе үйрендік. Алғаш практикалық сабақтарда көркем шығармаларды талдап тұрып, тосын бір сұрақтарды қоятын. Біз, өзімізше жауабын айтқанда, «ол дұрыс емес, жауабы былай ғой» деп, басқа жағынан шығады. Әуелде «мұнысы қалай?»  деп ренжіген кездеріміз де болды. Сөйтсек, біздерді біржақтылықтан  арылтып, жан-жақты ойлауға  баулыған екен. Соның арқасында көркем шығарма талдағанда бәріміз де жан-жағына мән бере бастадық. Сын тарихынан берген сабағы өте қызықты, тартысты өтуші еді.  Бұл сабақ бізге сыни ойлауды, әр нәрсеге сыни тұрғыдан қарауға көп көмегін тигізді. Қазір көптеген шығармаларға, кітаптарға пікір, рецензия жазып жүрсек, соның бастау бұлағында Жәкең тұр.

Ғалым ағамыздың  білім-ғылымға құштарлығы, өмірге деген оптимистік көзқарасы, дүниетанымының кеңдігі бәрімізге үлгі-өнеге болды десек, артық айтқандық емес. Иә, дәл солай, мен қатарлас, менен кейінгі толқынның бәріне ұстаз  болған Жандос Қожахметұлының жүріп келе жатқан жолы, білім мен ғылымға  деген жауапкершілігі, ерінбейтін еңбекқорлығы, табандылығы – бәрімізге үлгі-өнеге әрі өмірлік мектеп болды.

Сонау бір жылдары Қарағандыға келген ғибратты ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің назарына түсіп, әйгілі профессордың қалауымен ғылыми еңбектерін жазып, қорғап, ғылым көгіне көтерілген Жандос ағаның, ұлағатты ұстазымыздың барлық еңбектеріне  тоқталуға көп уақыт керек. Айта кететін бір жайт, қазақта «тектілік – топырақтан» дейтін тамаша тәмсіл бар. Жандос Қожахметұлының туған жері – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Шабанбай би (бұрынғы Қаратал) ауылы. Бұл киелі де қасиетті мекенде Алаштың үш алып тұлғасы дүниеге келген. Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев және Әлімхан Ермековтер қанат қаққан ғажайып өлкеде туып-өскен біздің ұстаз да биік белестерді бағындырғанын мына деректерден де көруге болады.  Ғалым бір сұхбатында: « Үлкенді-кішілі 30 кітап шығарып, 400-ден астам ғылыми-сыни мақала жазыппын…» — депті. Солардың ішінде  «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы»,  «Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолдары», «Ұлттық әдебиеттану әлемі», «Бата сөздерінің тағылымдық табиғаты», «Әдебиеттану ғылымынан ғылыми зерттеуді ұйымдастыру жолдары», «Әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері», «ХХ  ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымы », «Әдебиеттану әдіснамасы», «Тағылымға тағзым», «Абыз далам, аңыз далам — Ақтоғай», «Тұрсынбек Кәкішұлы», «Ғылымдағы ғұмыр» секілді ғылыми-зерттеу кітаптары  Жандос ағаның ұзақ жылғы ерен еңбегінің жемісі. «Ғылым деген – жап-жарық нұр, ұп-ұзын әрі шеті көрінбейтін шексіз нәрсе» деп Мәшhүр Жүсіп атамыз айтқандай, Жандос Қожахметұлы да өзінің бар саналы ғұмырын ғылымға беріп, ұстаздықпен шәкірттерін шыңдап келеді.

Нағыз ғалым өзіндегі бар жетістікті, мол мүмкіндікті шәкірттерімен бөліседі, оларға сарқып беруге тырысады. Жәкең де өзіндегі бар жақсылықты, ілім-ғылымды ізбасарларына үлестіріп келеді. Бәріміз де ол кісінің айтқан ақыл-кеңесімен, көрсеткен бағыт-бағдарымен жүріп келеміз. Халық даналығында «ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейтін қанатты сөз бар.

Бүгінде жетпістің, яғни адам өмірінің кемелденер кезеңіне келген, жетпістің биігіне  қонған филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының (МАИН) академигі  Жандос Қожахметұлы Смағұлов ағамызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, өмір бойғы еселі еңбегінің жемісін және ұрпақ қызығын көп көрсін деген игі тілегімізді білдіреміз.

Алаштың арда азаматының асқан асуы, бағындырған биігі барша жамағатқа жұғысты болсын!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ,  журналистика кафедрасының аға оқытушысы