Өндіріс – тәртіп пен жауапкершілікті, төзім мен табандылықты талап ететін сала. Мұнда адамның кәсіби білімімен қатар, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуі маңызды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін әрбір жұмыстың артында талай адамның маңдай тері, тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі жатыр. Сондай мамандардың бірі – Ермек Дағылов. Өмірін өндіріспен байланыстырған еңбеккер Нұрқазғандағы үгіту фабрикасында тер төгіп жүр.
Ермек Тұрғанұлы 1988 жылы Ақтоғай ауданының Сарытерек ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауылдың қарапайым тіршілігімен біте қайнасып өскен Ермек мектеп қабырғасында жүрген кезінен еңбекке жақын болды. Ауылда өскен бала үшін тірліктің қадірін білу, үлкенге құрмет көрсету, бастаған істі соңына дейін жеткізу – күнделікті өмірдің табиғи тәртібі еді.
Ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң ол Теміртаудағы Қарағанды индустриялық университетіне оқуға түсіп, металлург мамандығын меңгереді. Жоғары оқу орнындағы жылдар жас маманның болашақ кәсіби жолына бағыт-бағдар берген маңызды кезең болды.
Диплом алғаннан кейін Ермек еңбек жолын Балқаштағы үгіту фабрикасында қарапайым жұмысшы болып бастады. Өндірістің қыр-сырын кітаптан емес, тікелей жұмыс орнында игерді. Алғашқы жылдары ол технологиялық үдерістерді, өндірістік тәртіпті, қауіпсіздік талаптарын үйреніп, тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесімен шеберлігін шыңдады. Еңбекке деген тиянақты көзқарасы мен кәсіби ізденісі оны біртіндеп жаңа белестерге жетеледі. Қарапайым жұмысшыдан ауысым шебері қызметіне дейін көтерілді. Бұл – бір күнде келген жетістік емес, жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен тынымсыз еңбектің нәтижесі.
2018 жылы Ермек Тұрғанұлы шақыртау алып, Қарағандыға қоныс аударды. Кәсіби жолының жаңа кезеңі осы өңірде жалғасты. Қазір ол Нұрқазғандағы үгіту фабрикасында шебер болып еңбек етеді.
Шебердің жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, жауапкершілігі жоғары. Ол өндірістік үдерістің бірқалыпты жүруін бақылап қана қоймай, ауысымдағы жұмысшылардың қауіпсіздігіне, тапсырмалардың уақытылы орындалуына, технологиялық тәртіптің сақталуына жауап береді. Өндірістегі кез келген күтпеген жағдайға қарай жедел әрекет етіп, дұрыс шешім қабылдау да шебердің кәсіби біліктілігін талап етеді.
Ермек үшін өндірістегі басты қағиданың бірі – қауіпсіздік. Өйткені өндірістегі ең қымбат құндылық – адам өмірі мен денсаулығы. Сондықтан ол өзіне де, қарамағындағы әріптестеріне де қауіпсіздік талаптарын сақтауды үнемі ескертіп отырады.
Жылдар бойы жинаған тәжірибесі оған жас мамандарға бағыт көрсетуге де мүмкіндік береді. Кезінде өзі де тәжірибелі жұмысшылардан үйренсе, бүгінде кейінгі буынның тәлімгеріне айналды.
Ермектің өмірінде өндірістің орны ерекше. Бір қызығы, жұбайы Таңшолпан да өндіріс әлемінен алыс емес. Ол ірі компанияға қарасты зертханаға жетекшілік етеді. Оның үстіне Ермектің анасын өзінің екінші анасына айналдыра білген, қас-қабағына қарап отырған инабатты келін. Демек, ерлі-зайыптылардың ортақ әңгімесінің бір бөлігі – өндіріс, жұмыс, жауапкершілік пен кәсіби ізденіс. Бірі өндірістің технологиялық үдерісінде еңбек етсе, екіншісі зертханалық бағытта қызмет атқарады. Екеуінің де жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
Олардың өміріндегі ең үлкен жетістік – екі баласы. Балалары үшін ата-анасының еңбегі – өмірлік өнеге. Әкесі өндірісте жауапты қызмет атқарып, адал еңбектің үлгісін көрсетсе, анасы кәсіби салада өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.
Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған Ермек бүгінде шеберлік деңгейіне жетті. Бұл – қызметтік өсу ғана емес, кәсіби қалыптасудың көрсеткіші. Ермектің өмір жолынан бір қарағанда қарапайым ғана қағиданы көруге болады. Яғни биікке бірден көтерілмейсің. Алдымен жұмысты үйренесің, тәжірибе жинайсың, қателіктен сабақ аласың, әріптестеріңнен тәлім жинайсың. Содан кейін ғана өзің өзгеге жол көрсетер деңгейге жетесің. Ермек Дағыловтың кәсіби жолы – соның дәлелі.
Манас АҚСАРЫ.
