«Жасыл ел» жобасының қоршаған ортаны қорғаумен қатар, жастардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру және оларды еңбекке баулуда маңызы зор. Бұдан бөлек жастар қосымша табысқа ие болатынын да атап өткен жөн. Енді еңбек жасақтарына қосылуға ниетті жастарға жағымды жаңалық – «Жасыл елдің» жұмысы жыл бойы тоқтамайды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев осындай тапсырма берді.
Бұл өзгерісті облыс жастары қуана қабылдады. Биыл облыстағы бес мыңнан астам жас еңбек жасақтарына жұмысқа орналаса алады. Жоба алғаш рет жыл бойғы форматқа көшіп отыр. Жасақтар көмірлі өлкенің барлық қала және аудандарында ұйымдастырылады. Бүгінде қатысушыларды қабылдаудың алғашқы кезеңі басталды. Бастапқыда екі мыңға жуық адамды қабылдау жоспарланып отыр. Кейінгі іріктеу кезең-кезеңімен жалғасады. Мұнда бірнеше мәселеге мән беріледі.
– Жұмыстың алғашқы кезеңінде шамамен екі мың адамды қабылдау көзделіп отыр. Одан әрі маусым барысында қатысушыларды іріктеу жалғасады. Сонымен қатар қатысушыларды қабылдау кезінде олардың әлеуметтік мәртебесіне ерекше назар аударылады, – дейді жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Айсұлу Ерниязова.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, әр маусымдағы қатысушылардың 10-15 пайызы – мемлекеттің ерекше қолдауын қажет ететін жасөспірімдер болады. Олардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, жетімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған немесе асыраушысынан айырылған отбасылар мүшелері бар.
Бұған дейін облыс әкімі бағдарламаның жүзеге асуы ерекше бақылауда болатынын атап өткен еді.
– Бағдарламаны бекітілген жоспарға сәйкес жалғастыру қажет. Көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға және әлеуметтік тұрғыдан осал өзге де санаттарға ерекше көңіл бөлінугеі тиіс. Сондай-ақ барлық шара мен белсенділіктер кезінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, бағдарламаның ішінде мүгедектігі бар адамдар жеке бағыт бойынша қаралып отыр. Биыл бұл санат бойынша 150 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Олар үшін екі сағаттық жұмыс күні ұйымдастырылады.
Биыл жобаға құжат қабылдау толық цифрлық форматта жүргізіліп жатыр. Өтінімдер арнайы портал арқылы қабылданып, үміткерлер электронды кезекке қойылады.
Ал жалақы жағына келсек, 14-15 жастағы жасөспірімдердің еңбекақысы 85 мың теңге болады. Ал 16 жастан асқан қатысушылар 127 мың теңге алады. Жұмыс режимінде өзгеріс жоқ. Бұрынғыдай жас ерекшелігіне қарай күніне төрт немесе алты сағаттан, яғни аптасына бес күн жұмыс істейді.
Жобаның негізгі бағытында да өзгеріс көзделмеген. Дәстүрлі түрде көгалдандыру және аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар қатысушылар тек қауіпсіз әрі жеңіл жұмыстарға тартылады.
Абаттандыру жұмыстарынан бөлек, «Жасыл ел» сарбаздарына аранйы экологиялық акциялар, командалық іс-шаралар мен тренингтер ұйымдастырылады. Оның ішінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы бастамалар да бар.
Маусымның жаңашылдықтары да бар. Мәселен қатысушылар GreenMap жүйесін қолдану арқылы жасыл желектерді цифрлық түгендеуді үйренеді. Жастар ағаштар мен бұталар туралы мәліметтерді тіркеуді, олардың жай-күйін бақылауды және электронды базамен жұмыс істеуді меңгереді. Болашақта бұл өңірдің жасыл қорын есепке алып, жаңа көшеттер егуді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Манас АҚСАРЫ
