Ел дамуында ауылшаруашылығы саласының алатын орны зор. Әрине бұл орайда мемлекет қолдауымен жүзеге асып жатқан сан түрлі жобалардың ықпалы да күшті болып отыр. Солардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Аталған бағдарлама облыстағы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы төрт жыл бұрын іске қосылды. Осы жылдар ішінде облыстағы шамамен 700 жеке қосалқы шаруашылық пен 139 ауылшаруашылығы кооперативі қаржыландырылды. Соның арқасында ауылдарда мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Және бірнеше жүздеген жергілікті тұрғын өз ісін бастап, бизнесін кеңейту мүмкіндігіне ие болды.
Бағдарлама шеңберінде микронесиелер алуға болады. Олар жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен 5 жылдан 7 жылға дейін беріледі. Несиеге алған қаржы мал және егін шаруашылығын дамытуға, ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға, қайта өңдеу өндірістерін ашуға, сондай-ақ ауылдық кәсіпкерліктің өзге де бағыттарын дамытуға жұмсалуға тиіс. Жоба ауылдағы бизнесті өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және тұрғындардың табысын арттыруды көздейді.
Бағдарламаға қатысып, табысқа жеткен кәсіпкерлерді есепсіз мысалға келтіруге болады. Мәселен бағдарлама қолдауына ие болған Надежда Елікбаева небәрі 25 шаршы метр аумақта көкөніс өсіруді бастаған. Кейін отбасының қолдауымен 60 шаршы метрлік жылыжай тұрғызды. Алайда бәрібір өндіріс көлемін ұлғайту қажет болды. Осылайша ол ертеден дайындап қойған бизнес жоспарын бағдарламаға қатысуға ұсынды.
Бизнес-жоспарым бұрыннан дайын еді. Алайда қаржы тапшылығынан жүзеге асыра алмадым. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында мемлекеттік қолдауға қол жеткіздім. Мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланып, ксәбімді дөңгелетіп бастадым, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде жылыжай шаруашылығы Надежданың тұрақты табыс көзіне айналды. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін тағы да арттырып, қыста да, яғни қарашадан сәуірге дейін өнім өсіруге жол ашатын заманауи термос-жылыжай тұрғызуды жоспарлап отыр.
Бағдарлама қатысқандардың тағы бірі – Динара Хасенова. Ол алғашында өз үйінде жартылай дайын өнімдер әзірлеп, жақындары мен таныстарына саудалап келген. Уақыт өте келе тұтынушысы көбейіп, өндірісті кеңейту қажет болады. Динара да көп ойланбай «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға шешім қабылдапты.
– Бастапқыда өзім үйде тағам өнімдерін дайындадым. Кейін тапсырыс көлемі ұлғайып, содан цех ашу туралы шешім қабылдадым. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы берілген жеңілдетілген қаржының арқасында қажетті жабдықтарды сатып алып, өндіріс қуатын ұлғайттым, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер берілген қаражатқа қамыр илеу және өңдеу құрылғыларын, өнімді мұздатуға арналған жабдықтар сатып алған. Және бірнеше жергілікті тұрғынды жұмысқа алып, төрт адамнан жұмыс істейтін шағын цех ашты. Бүгінде мұнда манты, самса, чебурек, голубцы мен котлет секілді тағамдар дайындалады. Цех өнімдері жақын маңда жақсы танымал және соған сай сұраныс та көп.
Жалпы, биыл бағдарлама аясында 260-тан астам шағын несие беру жоспарланып отыр. Бұл жобалар нәтижесінде ауылдық жерлерде тағы да жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, қазынаға түсетін салық сомасы да өсіп, өңір экономикасына оң әсер береді.
Манас АҚСАРЫ
