Арқаның киесі – Қарқаралы

Арқада жер асты байлығы мол, жер беті сұлулықты жария қылған бір мекен бар. Ол – Қарқаралы. Тарихы мыңдаған жылға кететін бұл өлкені «Арқаның алтын тәжі – Қарқаралы»  деп атауы да тегін емес.

Жалпы аумағы 3,5 млн гектарды алып жатқан Қарқаралы ауданының тарихы бәзбіреулер айтып жүргендей, Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланың іргесі қаланған 1824 жылы емес, кем дегенде 2-2,5 мың жылдан бері жалғасқан. Оған осы өлкені мекендеген ежелгі түркі тектес тайпалардың көне қоныстары куә. Сондай-ақ, археолог Әлкей Марғұ­лан­ның археологиялық қазба жұмыстары бұл жерлерде қарлық, қыпшақ, оғыз тайпалық бірлестігі темір кенін өн­діргенін растады.

Жер асты қазбаға бай өңірде темірден басқа алтын, мыс сияқты түрлі кен қоры мол.

Осыған байланысты қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалым Қаныш Сәтбаев: «Алтайдан Қарпатқа дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде Қарқаралы топырағындай қасиетті, киелі жер жоқ» деген болатын.

Қала іргесіндегі Кент тауларының Талды қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігері де – көне сақ, ғұн тай­паларының дәуірлеу кезеңінің белгісі. Кент, Алат, Талды қоныстары жарты әлемді жаулаған ұлы бабаларымыздың құтты мекені болғаны – тарихи айғақ. Аудан аумағында мұндай қорым саны 400-ден асады. Оның ішінде ғалым­дардың аяғы жетпеген, әлі зерттел­ме­ген таңбалы тастар мен тылсым қо­ныстар көп. Сондай-ақ Қарқаралы ертеден Орталық Азия мен Қытайдан Сібірге баратын керуен жолының торабы ре­тінде маңызды сауда, кәсіпшілік және мәдени-ағарту орнына айналды.

Сөзіміздің бір айғағы тарих ғылымдарының  докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың «Қарқаралы басында  жалғыз  арша» деген мақаласынан табамыз. Ол Қарқаралы атауының қалай шыққанына тоқталып қана қоймай, тарихына да көз салады. «Қарқаралы  қазақтың тарихи санасында «Қазылық»  аталатын Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі таулар жүйесіне кіреді, сол себепті ертеде «Қарқаралы-Қазылық» аталады.  Қарқаралы атауы «қарқара»  сөзінен шығады, бұл ерекше, биік, салтанатты деген ұғымдардың баламасы,  яғни маңайындағы өзге таулардан биіктігімен,  көркемдігімен  айрықша бөлектеніп тұратын тау деген мағынада. Алқа-қотан топ  ортасында көзге ерекше көрнекті бойшаң  адамды да «мынау көптің ортасында қарқарадай болып отырған кім?», – дейді.

Ертеде ел жайлауға көшкен кезде  көштің алдында жүретін түйені сәндеуге ерекше маңыз беріледі. Біріншіден, көштің алдындағы түйе өзгесінен  бойымен де, сәнімен де асқақ болуы керек. Бұл түйені ауылдың бәйбішесі жорға атпен бұйдасынан жетелейді. Бәйбішенің өзі де аса сәнді киінеді, егер ол келіншек болса мұндай жағдайда сәукелесін киеді, жасы келген әйел болса басына жарқыратып, алтындатып  күндік байлайды.  Бәйбішенің кемер белбеуіне әр түрлі қымбат  маталардан  таспа сияқты  жасалған  ұзын ленталар  бекітіледі. Бір сөзбен айтқанда көш алдындағы  қазақтың бәйбішесі сәні жағынан анау-мынау қырғауылдың әтешінен кем болмайды.

Міне, осы көш басындағы түйеге артылған жүктің үстіне кебеже- әбдірені орнатып, оның төрт құлағына қырғауылдың құйрық қауырсындары мен  тырнаның мойын жүнінен  қарқара шанышады.  Осындай салтанатты көшті қазақ «қарқаралы көш» деп атайды»,  – деп толғайды Жамбыл Артықбаев.

Иә, бұл жер құпиясын әлі бүгіп жатыр. Ол құпияны ашуға жүздеген жылдар керек. Біздің білетініміз мұзтаудың басы ғана.

Қазіргі таңда тарихымызды түгендеуге мол мүмкіндік бар. Дегенмен Қарқаралының өткенің мыңжылдықтарға неге жеткізбейміз? Әлі де айтылар, зерттелер дүние жеткілікті. Былтыр өткен «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» атты Орталық Қазақстан академиясы ұйымдастырған конференцияда осы сұраққа тарихшылар жауап беріп қана қоймай, тарихи деректерді алға тартты.

Мұндай бастаманы осы бағытта ондаған жыл жұмыс істеген тарихшылар мен ғалымдар тобы ұсынды.

Олардың пікірінше, сәні мен табиғаты келіскен қаланы Ресей империясының әскери бекінісі салынған уақыттан бастап есептеу тарих алдында әбестікке тең.

Конференция барысында Ұлттық ғылым академиясының академигі Сатай Сыздықов: «Мысалы, 840-шы жылы осы Қарқаралы өңірінде Қырқыр хан деген хан билік еткен. Оны араб-парсы деректерінде Худуд Әл-Алам деген белгісіз автор жазбасында келтірген. Біріншіден, осы деректерге сүйенеміз» деген болса,тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев: «Бұл Мәшһүр Жүсіптің шежіресінде де, басқаларында да бар. Осындай деректерге сүйене отырып, біз Қарқаралының тарихын 200 жылмен шектемеуіміз керек.

Ортағасырлық Қарлұқ тарихына бару керек деген осындай бір тұжырымдаманы ұсынып отырмыз. Халықаралық конференцияға 7 мемлекеттің ғалымдары, 30-ға жуық тарихшы мен профессор қатысты. Бас-аяғы 90-ға жуық мақала жинақталды. Баршасында бұлтартпас дәлелдер бар» дегенді алға тартты.

Өткен конференция жұмысы туралы мақалалар мен пікірлер мерзімді баспасөз беттерінде «Egemen Qazaqstan» газеті — 2023, 5 маусым, №104; «Ortalyq Qazaqstan» газеті  — 2023, 15 маусым; «Arqa Aqshamy» газеті  2023, 18 мамыр және «Qaragandy Habary» 2023, 18 мамыр және бірқатар республикалық ( «Хабар  24» (https://youtu.be/4MEnbLukUy4), және өңірлік SARYARQA (https://saryargatv.kz/kz/news/29587) телеарнасында жарияланғаны белгілі.

Конференциядан кейін хаттар да жетті. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры   Зиябек Ермұқанұлы  Қабылдиновтың,  Тарихшылардың ұлттық конгресі басқармасы басшылығы атынан, Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті жанындағы  «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,  тарих ғылымдарының кандидаты, доцент  Ерлан Сайлаубай мырзаның, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті  «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Жүсіп мырзанын жазған хаттарында да осы датаны бүрмалаушылыққа бармайық делінген. Яғни, тарихшы  ғалымдар бірауыздан: «Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның (маусым, 2023 ж.) шешімін және баспасөз беттерінде жарияланған мақалалардың тұжырымдарын қолдай отырып, бір жағынан, Қарқаралының негізінің қаланған уақытына қатысты Кеңестік кезеңде жіберілген өрескел қателіктерді дұрыстау қажет» деп өткен тарихымызға атүсті қарамауымызға үндеді.

Осы мәліметтердің бәрі Қарқаралы жасын 200 жыл деп белгілеудің тарихқа жасалған қиянат екендігін көрсетеді.

Иә, «Арқаның алтын тәжі – Қарқаралы»  тарихы шынымен де мыңжылдықтарға кетеді ғой?!

Мыңжылдыққа бойламай кейінге көз салсақ та болар ма еді?

Анығында Қарқаралы тарихын 1769 жылдан бастап санауымыз керек. Өйткені, мыңжылдық ол жалпы өңірге қатысты болса, Абылай ханның өзі Матақ батырды дуанбасы сайлаған 1769 жыл  Қарқаралыға қатысты дата.

Деректерде, «Матақ батыр он жеті жасында, 1752 жылы Бөгенбай батыр бастаған Есіл Нұра соғысына жауынгер болып қатысқан, осы соғыста ол ат үстінде тұрып, жауды найзамен құлату, қылыштасу тәсілін меңгерген батыр атағын алады. Он тоғыз жасында әкесі Тоғалақтың орнын басып, Абылай ханның жарлығымен мыңбасы болып тағайындалады. Абылай хан ел басқаруда орталықтандыру жүйесін енгізіп, Ертіс – Балқаш – Баянауыл аймағын Қарқаралы дуаны деп жариялаған. 1769 жылы Матақ батырды дуанбасы, әкім етіп тағайындаған. Қарқаралыда Матақ батыр үш жыл дуанбасы болып қызмет атқарған. Матақтың әкімдік мөрінің бедері Астанада Президент мұражайында сақтаулы. Мөрдегі жазуда «Әл сұлтан, Әл Әділ Матақ» деп жазылған. Бұл – «Матақ үлкен дуанның әмірі» деген сөз. Матақ батыр кесенесі Қарағанды-Қарағайлы темір жолының бойында, батыр есімімен аттас өзен жағасында орналасқан», – деп жазылған.

Бұл туралы «Индустриальная Караганда» газетінің 2021 жылғы 9 қыркүйектегі №99 санында Наталья Фомина «Герой своего времени» атты мақаласында: « Батыр Матак, посвятивший свою жизнь борьбе за независимость казахского народа во времена казахско-джунгарских войн ХVІІІ века, родился в 1750 году. Согласно народным преданиям, своими боевыми навыками он был известен с юных лет.

Свой боевой путь он начал в возрасте 17 лет под предводительством Богенбай батыра в битве Есиль-Нур. Тогда он показал свое великолепное владение верховой ездой и фехтованием — сбивал противников копьем, стоя на лошади, и лихо на скаку отрубал мечом головы врагам. Эту битву первым исследовал Чокан Валиханов. Он ездил туда вместе с экспедицией. Когда Матак батыру исполнилось 19 лет, он стал мынбасы (командиром тысячи сарбазов) у Абылай хана, заняв место своего отца Тогалака. Тогда, объединяя страну, Абылай хан объявил регион Иртыш-Балхаш-Баянаул владениями Каркаралы. В 1769 году его дуанбасы (главой округа) был назначен Матак. Эту должность он занимал три года. В знак того назначения батыр получил печать с надписью «Əл сұлтан, Əл Əділ Матақ». Она сохранилась до наших времен и сейчас хранится в музее Первого Президента Республики Казахстан в столице. Матак умер на 89-м году жизни возле реки, позже названной в его честь. Мавзолей находится вдоль железной дороги Караганда — Карагайлы, недалеко от села Матак Каркаралинского района. Это захоронение в народе считают святым. Местные жители рассказывают историю о том, как однажды здесь перевернулся несущийся на всех парах поезд. С тех пор все машинисты, не доезжая метров 200 до мавзолея Матак батыра, значительно сбавляют скорость. Мавзолей батыра стал местом паломничества и занесен в карту сакральных объектов Казахстана», —  деп толықтыра түседі.

Яғни биыл бұл тағайындауға – 255 жыл.

Олай болса, Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланың іргесі қаланған 1824 жылды емес 1769 жылы Матақ батырдың дуанбасы, әкім етіп тағайындалғанына  255 жыл толғанын атап өткеніміз дұрыс.

Түйін. 3 қаңтарда «Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген тақырыппен шыққан «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатта Мемлекет басшысы: «Тарих – біздің жалпы­ұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Атап айтсақ, түрлі тақырыптағы кітаптар көптеп шығарылуда. Жаңа ғылыми мекемелер құрылып, бұрынғы институттар жаңғыртылып жатыр. Жақында сталиндік репрессия құрбан­дарын ақтау жөнінде ауқымды зерттеу жұмысы аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді»,  –  деген болатын. Олай болса, тарихтың ақиқатына бірге қадам басайық!

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *