Ұлттың би өнерін ұлықтаған ару

«Өнер ертеден-ақ халықтың өмір-тіршілігін, күресі мен жақсылыққа деген арман-үмітін бейнелей отырып, халықтың сана-сезімін дамытуда ерекше мәні болған».

Бауыржан Момышұлы

 

Сахна шымылдығы сырғып ашылды. Қазақы әуен әуелеп, қаздай тізілген арулар дөңгелене жөнелгенде би өнерін көзімізбен көрумен қатар, жүрегімізбен сезініп, әуенмен үйлескен қимыл-қозғалысқа, бишілердің қос етек бүрмелі көйлектері мен көздің жауын алатын ою-өрнекті комзолдарына таңдай қағып, бейне бір сиқырлы әлемге еніп кеткендей күйдеміз.

Бұл Теміртау Мәдениет сарайында өтетін мерекелік шаралар мен концерттерде бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, бірақ әрбір ұлттық бидің қайталанбас көріністерінен алатын әсеріміз. Расында, би, оның ішінде ұлттық би өнерінің әрбір қойылымынан  халқымыздың әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын қөрумен қатар  бекзат өнердің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орны мен беретін тәлім-тәрбиесін ұғынғандаймыз. Содан болар, зал толы көрерменнің бірі ретінде ыстық ықыласымызды білдіріп, ду қол шапалақтаймыз.

Он жеті жылдан бері қыздарымызды би әлемінің таңғажайып сырына қанықтырып, ұлттық өнердің туын көкке көтеріп келе жатқан «Гюзель» үлгілі би ансамблін тек теміртаулықтар ғана емес, республикамызда және одан тыс аймақтарда, атап айтқанда алыс-жақын шетелдерде жақсы біледі. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде 2005 жылы Түрикядан өткен халықаралық өнер бәсекесінде он минуттық бағдарламада қазақтың үш би қойылымын сахналап, көрермендермен қатар қазылар алқасының ықыласына бөленіп, жүлделі 1-орын алып қайтқаны бар. Бұдан соң да Түркияға бірнеше рет шақырту алып, ұлттық би өнерінің даңқын аспандатып, әр сапарында биктерден көрініп келеді. Ал 2015 жылы Мәскеуде өткен халықаралық конкурста «Гюзельдің» бишілерін көрермен ұзақ уақыт сахнадан жібермей, қол соғып, қошемет көрсеткен. Бұл жолы да жүлделі бірінші орынды алып қайтқан-ды.  Сонда қазылар алқасы қолқа салып, шеберлік сағатын өткізуді ұсынған. Мұндай құрмет пен ұсыныс екінің біріне бұйырмаған, сондықтан Грузиядан, Украинада, Ресей мен Әзербайжаннан, Өзбекстаннан келген әріптестеріне би өнерінің қыры мен сырын, ұлттық нақыштағы қимыл-қозғалыстың мән-мағынасын түсіндіріп, олардың таңдайларын қақтырғаны бар. 2018 жылы Ташкентте өткен  өнер жәрмеңкесінде «Бозінген» биімен топ жарып, бас жүлдені иемденді.

Біз әңгімемізге арқау етіп отырған Теміртау Мәдениет сарайындағы «Гюзель» үлгілі би ансамбліне 2007 жылдан бері жетекшілік етіп келе жатқан Айымгүл Аманжолқызы өз ісінің шебері, кәсіби маман. Осы мәдениеттің қара шаңырағында төрт жасынан бастап би билеп, өсіп, өркендеп, тағдырын өнермен байланыстарған жан. Еңбегі еш кетпеді, қазақ би өнерін әлемнің әр түкпіріндегі сахналардан көрсетумен қатар, жас ұрпақты тәрбиелеп, олардың болашақтарына жөн сілтеп, өнер әлемінің ғажайып әлеміне ендірді.

– Біздің «Гюзель» үлгілі би ансамблінде 4 жастан 18-19 жасқа дейінгі қыздар би билейді. Негізгі бағытымыз – қазақ ұлттық биін насихаттау. Сондықтан қыздарды жас ерекшеліктерін қарай үш топқа бөлеміз, кішкентайлар тобында –18, орта топта – 12, ал үлкендер тобында – 20 қыз билейді. Дайындығымыз аптасына үш рет, қосымша жексенбіде төртінші рет болады, – дейді Айымгүл Аманжолқызы Нұғұмарова.

Сөз реті келгенде қазақ би өнерінің негізін қалаған, есімі елге белгілі халық әртісі Шара Жиенқұловның өзінің өмірі мен шығармашылығы туралы  мына бір айтқан естелігін келтіре кетсек жөн болар. Ол: «Менің алғаш рет ортаға шығып билегенім тұманмен тең. Мен биімде бірде ат жарысын, бірде домбыра шерткен адамдарды немесе кілем өрнегін бейнелеп, қозғалдым. Жан-жақтан мақтау сөз төгіліп жатты, бірақ мен қолыммен көзімді жауып, жазық далаға жүгіріп кеттім» деген екен. Міне, қазақ биінің құдіреті!

«Гюзельдің» үлкен сахнадағы алғашқы билері – «Балбырауын» болатын, Мәдениет сарайындағы «Қарлығаш» домбырашылар ансамблінің сүйемелдеуімен орындалған бұл би көрермендерді бірден баурап алған. Себебі, қазағынан орыс-орманы көп қалада ұлттық өнерге деген қызығушылығы басым ат төбеліндей патша көңілді көрерменнің жүрегін осындай жалт еткен әсерлі бимен жаулаған-ды. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші… домбырашылар ансамблі, Құрманғазының «Балбырауыны» әуелеп тұрса, олардың айналасында қазақы киіммен мың бұралған бишілер… Қандай әдемі көрініс!

Негізінде, «Гюзель» үлгілі би ансамблінің алтын қорында «Дала сыры», «Бозінген», «Асатаяқ», «Ерке сылқым», «Сүйікті домбыра», «Көктем гүлдері», «Аққу» секілді басқа да көптеген билер бар. Әр би үлкен қойылым, сонымен қатар төгілген тер, еткен еңбек. Осы еңбекті байқаған Алматыдағы  өнерпаздар арнайы шақырып, орындайтын әндерін «Гюзельдің» биімен өрнектеуге құмар болғаны шындық. Әсіресе, Мақпал Жүнісованың қолқа салуымен, Алматы сахнасында өнер көрсеткен жылдар көңілде сайрап тұр.

– Бастапқы жылдары би билейтін қазақша музыка табу аса қиын болған-ды, сол үшін әдейі атарытып Алматыға барып, сондағы музыканттардан сатып алып келіп жүрдім. Сосын әр биге арналған сәні мен салтанаты жарасқан костюм тігу де үлкен жұмыс болатын. Ол үшін ізденісте болдым, қиялымдағы көркем бейнені көз алдыма елестетіп, сосын қағаз бетіне түсіретінмін. Содан соң лайықты мата іздейтінмін, мата табылғанда оны тігетін тігінші мәселесі алдыңнан шығады. Айта берсем, бір биді сахнаға шығару үшін тек жетекші ретінде ғана емес, ансамбльдің осындай барлық мәселелерін шешетін «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» адам болу керек. Бір би бір ай бойғы дайындық пен еңбектің нәтижесі, – дейді Айымгүл Аманжолқызы.

Әрине, ұлттық үлгідегі концерттік костюмдер тігу мәселесінде Мәдениет бөлімінің құлағын ұстаған басшылардың  көмегі жоқ емес. Әсіресе Уақит Рапықұлы Ақыбаев басшылық жасаған жылдары ұлттық өнерге қолдаушы, жанашыр бола білді. Сондай-ақ Айжан Қойшыбайқызы Шәкенованың да қамқорлығы өз алдына. Ансамбль тарихында 2018 жылы және биыл мемлекет есебінен қаражат бөлініп, жаңа сахналық костюмдер тіккізді. Өткен 2023 жылдың соңында «Бұраң бел» ұлттық би аймақтық фестивалі өз жаласын тауып, қаламызға облыстымыздың аудан-қалаларынан өнер ұжымдары қатысып, ұлттық би өнерін жарқыратты. Әсіресе, басшылықтың ұйымдастыруымен Астана қаласынан келіп, шеберлік сағатын өткізген Қазақ Ұлттық академиясының аға оқытушысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Үздік педагог» номинациясының иегері, өнертану ғылымдарының магистрі Алмат Шердарұлы Шәмшиевтің жөні бір бөлек. Мұндай шеберлік сағатының жетекеші үшін де, бишілер үшін де берер талымы мол. Бұған қоса, соңғы жылдары Теміртау Мәдениет сарайында ұлт өнерін ұлықтайтын осындай іс-шаралардың молынан өтіп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Жыл бойы қандай концерт немесе әдеби кештер, мерекелік салтанаттар болсын, міндетті түрде «Гюзель» үлгілі би ансамблінің биі көрерменге жол тартады. Сонымен қатар әуені асқатаған небір әндерді бимен әдіптеп, сахана мен орындалған ән мен әншінің шырайын ашуда да «Гюзель» үлгілі би ансамблінің еңбегі ерекше. Кейде тым қысқа уақыттың ішінде әнмен астасқан би қойылымдарын ұршықша иіріп, сахна сәнін келтіреді. Бұл ретте ансамбль жетекшісінің өз ісіне деген адалдығы мен шеберлігін айтпасқа болмайды. 2019 жылы облыс әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталған Айымгүл Аманжолқызы былтыр кезекті рет ансамбльдің  «үлгілі» атағын абыроймен қорғады.

– Қазіргі кезеңде бұрынғыдай музыка табу, сахналық костюмдер тіктіру секілді жұмыстар қолбайлау болмағандықтан, ізденуге мүмкіндігіміз мол. Әрбір қазақ биі – тұнып тұрған философия, тәлім-тәрбие. Біздің биші қыздарымыз әуелі осыны түсініп, санасына сіңіргеннен кейін ғана би қимылдарын үйренеді. Ал санасына ұлт уызын сіңірген жастарға ел ертеңін сеніммен тапсыра аламыз. Мысалы, менің шәкірттерімнің арасында біздің ансамбльден алған тәлім-тәрбиесін өмірінің темірқазығы етіп, өнер жолын таңдағандары аз емес. Атап айтар болсам, Астанадағы Ұлттық өнер Академиясының хореография факультетіне екі жыл бұрын грантқа оқуға түскен  Гүлназ  Жұмағұлды мақтан етеміз. Ал былтыр Аида  Максимова мен Аяна Амангелдинова да студент атанды. Болашақта осындай талапты да талантты жастарымыз біздің жолымызды жалғастыратын болады.

Расында, би өнері  өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, туған халқымыздың, ұлтымыздың рухани мәдениетінің қыр-сырын, салт-дәстүрін дарытатыны анық. Би құдіреті тұтас бір ұрпақты тәрбиелеп, ұлттық құндылығымызды насихаттайды деп нық сеніммен айтуға негіз бар. Бұл сөзіміздің мысалы – кейіперіміздің өзі, яғни Айымгүл Аманжолқызы. Ол осы Теміртаудың төл перзенті, бала кезінен би билеп, өнер ұжымынан қанат қағып, кәсіби маман ретінде туған топырағы, тұғырлы Теміртауға қайта оралып, бойындағы білімі мен білігін өскелең ұрпаққа үйретіп жүрген жан. Тал бойында бір мін жоқ, педагог, шет тілі маманы және хореограф мамандықтарын ұштастырып, бала жанын жаулап алатын кішіпейіл, ақкөңіл жан. Ұжымдағы хореограф Татьяна Юрьевна Базелева 2016 жылдан, ал Надежда Александровна Жуковская былтырғы жаздан бері  қасынан табылып, қаза би өнерінің қыры мен сырын шәкірттеріне үйретумен келеді.

Иә, уақыт зымырап өтіп жатыр, ансамбль құрамына төрт жасынан келген кішкентай бүлдіршіндер осы Мәдениет сарайының қабырғасында, «Гюзельдің» құрамында жүріп бойжетіп, өнерін шыңдап, үлкен өмірге қанат қағуда. Бұл да бір бақыт! Осы бақыт құшағында ізденіспен еңбек етіп, сол еңбегінің жемісін көріп жүрген «Гюзель» үлгілі би ансамблінің жетекшісі Нұғұмарова Айымгүл Аманжолқызына қызыға қарап, 8-наурыз – төл мерекесімен құттықтағанды, әрбір қолға алған ісіне береке мен сәттілік тілеуді жөн көрдік. Халқымыздың біртуар перзенті Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана нәрсе емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» деген екен, сол айтпақшы әрбір биді үйретерде ұлттың уызын жастардың бойына ұйытып, кеше мен бүгінді ұштастырып, ертеңге жол алған «Гюзель» үлгілі би ансамблінің өнер өлкесіндегі сапары оң болсын, жорытқанда жол болсын!

Руза АЛДАШЕВА,

Теміртау Мәдениет сарайының

 бөлім меңгерушісі

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *