Header Banner

Домбыра күнінің даңқы

Күні кеше ғана ЮНЕСКО басшылығы Қазақстан халқын Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Олар, әсіресе, қазақтардың домбыраны сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізудегі еңбегіне жоғары баға беріп отыр. Ұйымның Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Найеф әл-Файез «домбыра – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ мәдени құндылығы» деп бағалапты.

Ал осы домбыра күніне орай Қарағанды облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасы қолға алған онлайн челленджге Нидерланд, АҚШ, Бельгия, Швеция, Өзбекстан тұрғындары да қосылып, халықаралық сипат алып кеткенін кеше ресми дереккөздері әйгіледі. Домбыра күнінің осындай жаңалықтары жетерлік.

Қазақ үшін домбырадан асқан құндылық жоқ. Қазір, мысалы, ел ішінде домбыра қаншалықты қадірлі? Ауылдарда домбыра тартыла ма, жоқ па? Салыстырмалы түрде қарағанда, осыдан 40-50 жыл бұрынғы жағдай мен домбыраға деген бүгінгі көзқарас сәйкес келе ме? Яғни ұлттық өнерді өрістетуге бетбұрыс үшін мұндай датаның маңызы зор. Қазақ мәдениетінде орны бар тұлға Дүйсен Қасейіновтің мына сөзі есімнен кетпейді. Әзербайжан елінде тек қана дәстүрлі өнер консерваториясы бар. Біздің консерваторияда классикалық музыка мен дәстүрлі музыканы қоса оқытады ғой. Әзербайжандарда тек қана ұлттық музыкасы мен ән-күй өнерін, аспаптарын оқытады. Сонымен қатар оларда Мұғам орталығы қалыптасқан. Бұл дәстүрлі музыкаларының ең үлкен жанры, бізде ол – күй өнері. Бұлар – болашақта біздің елге де қажет дүниелер. Мұндай жобалар үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Неге десеңіз, ұлттық өнер мен мәдениет құруға айналғанда, шындығында ұлт өлуге айналғанда, Ахмет Жұбанов әуелі консерваторияға домбырамызды енгізді. Еркеғали Рахмадиев қылқобызды әкелді. Нағыз қобызшылар Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевты жұмысқа қабылдатты, дипломы жоқтығына қарамастан. Ерлік деуге тұратын іс. Бұлардан кейін дәстүрлі өнердің тынысы ашылып, арнасы кеңи бастады. 80-жылдардың соңына қарай халық әндері кафедрасын ашқан Дүйсен Қасейінов ағамыз. Сол заманның өзінде. «Сондықтан осы асыл мұраттың бәрі қазір пісіп-жетіліп, түбі дәстүрлі өнер академиясы сияқты ғылыми орталық ашуға сұранып тұрғанын байқаймыз», дейді өнертанушылар.

Мың домбырашының Адай күйін тартқаны, әр жерде домбыраға ескерткіштер тұрғызылғаны халықтың назарын бұру, махаббатын ояту дәстүрлі құндылықтарға. Соның бір кілті – қазақ сүйген қасиетті аспап. Енді осы бастаманы сатылап дамытып, ілгерілетпесек, біздің елдігіміз қайсысы?

Ілияс Жансүгіров «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында: «Елде Тойтан атты күйші болып еді. Сол Тойтан дүние салды. Тойтанмен бірге қырық күй өлді. Адам өлсе, орнына адам туады, күй өлсе, орнына күй тумайды» деп жазыпты. Күйдің үзілуінің бір себебі – соңында шәкірт қалмауында. Шәкірт қалдыратындай мүмкіндік тудыру керек.

Домбыраның артында қазақ, қазақтың артында домбыра тұр. Қайқы қылыш, ақ найзадан айрылып, аттан ауып қалған қазақтың қолында жалғыз домбыра қалды. Халқымыздың күллі құндылығы мен бар асыл қасиетін алмастыра алған да осы аспап қана. Қазақ бес қарусыз жаяу қалғанда ел мен жер үшін күресті домбыра жалғастыра берді. Сөйткен домбыра әлі күресіп келеді екен ғой… Тіпті, Қазақ тәуелсіздікке жетіп, ұлттық Домбыра күні белгіленіп, рухани мұрасын сақтау жобалары қолға алынса да солай. Домбыра тартып, ән салатын немесе күй шертетін қазақ баласының ұлттық құндылық, ұлттық мүдде дегенде ұшып тұратынын айтса да жеткілікті шығар мысалға. Соның бірі – осы Жаңаарқаның тумасы, қазақ өнерінің жұлдызы, әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай ұлдарыңыз екенін айтса да жеткілікті.

Қайбір жылдары Қарағандыдан домбыра шеберханасын таппай қалдық. Біз білетін домбыра шебері Аман Сәдуақасов ағамызға хабарласу мүмкін болмады. Ол кісіден басқа домбыра шеберін таппай қалдық. Мәселе осы жерден құлағын қылтитпай ма? Қазір Қазақ даласында домбыра шеберлері көп емес, осы Қарағанды өңірінің өзінде саусақпен санарлық қана, білем. Және бұл – атадан балаға қанмен берілетін өнер. Ал, олардың шеберханасы, оның жұмысы көбіне өзіндік қана. Жарнамалары да жоққа тән. Тек өз қазандарында қайнап жатқаны байқалады. Шама келсе, жағдайларын шешіп, жандандырып жіберсе, нағыз рухани жаңғыру сол емес пе?

Жоғарыда әңгімені ЮНЕСКО-дан бастағанбыз. Ұйымның Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Найеф әл-Файез ЮНЕСКО Қазақстанның ұлттық мұраны сақтау жолындағы бастамаларын жоғары бағалайтынын айтыпты. Айта кетейік, қазақтың дәстүрлі күй орындау өнері 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілген. Ал 2022 жылы Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде осы тарихи оқиғаның 10 жылдығына арналған мерейтойлық мәдени шара ұйымдастырылды. Бүгінде домбыра үні ЮНЕСКО қабырғасында жиі шырқалады. Қазақстандық дипломаттардың қатысуымен өтетін мәдени шараларда ұлттық аспаптың үні тұрақты түрде естіліп, шетелдік көрерменнің қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып келеді.

Ойланып көріңізші, ішіңізден домбыраны күмбірі естіле ме?

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ