2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – азаматтардың елдің заң шығару билігін қалыптастыруға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін маңызды саяси науқан. Сондықтан әрбір сайлаушы сайлау тәртібін, өз құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ Құрылтайдың қоғамдағы рөлін нақты білуі қажет.
Құрылтай сайлауы қалай өтеді?
Құрылтай депутаттары 5 жыл мерзімге сайланады. Құрылтайдың құрамына 145 депутат кіреді. Сайлау Қазақстан Республикасының Конституциясы мен сайлау туралы заңнамасына сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.
Сайлау бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен кандидаттар ұсынылып, тіркеуден өтеді. Одан кейін сайлауалды үгіт-насихат жүргізіледі. Белгіленген күні азаматтар өз таңдауларын жасап, дауыс береді. Соңында дауыстар саналып, ресми қорытынды жарияланады. Әр кезеңнің заңмен белгіленген тәртібі сақталуы – әділ сайлаудың басты кепілі.
Сайлаушының құқығы мен міндеті
Дауыс беру құқығына Қазақстан Республикасының заң талаптарына сай келетін азаматтар ие. Әр сайлаушы тек бір рет дауыс береді және өз таңдауын ешкімнің ықпалынсыз, құпия түрде жасайды.
Сайлаушының басты міндеті – сайлауға жауапкершілікпен қатысып, таңдауын саналы түрде жасау. Өйткені әр дауыс елдің алдағы бес жылдағы даму бағытына ықпал етеді. Кейде бір ғана дауыс мандат тағдырын шешуі мүмкін. Сондықтан сайлауға қатысу – азаматтық құқық қана емес, қоғам алдындағы жауапкершілік.
Құрылтайдың қоғамдағы рөлі
Құрылтай – еліміздің заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органы. Мұнда мемлекеттік бюджет, әлеуметтік саясат, экономика, білім, денсаулық сақтау, ұлттық қауіпсіздік және азаматтардың құқықтарына қатысты маңызды заңдар қабылданады.
Демек, сайлау арқылы таңдалған депутаттар миллиондаған азаматтың мүддесін қорғайды. Сондықтан сайлаудағы әрбір дауыс нақты заңдардың қабылдануына, мемлекеттік шешімдердің сапасына және елдің болашағына әсер етеді.
Қалай депутат болуға болады?
Құрылтай депутаты болу үшін азаматтың жасы кемінде 25-те болуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 10 жыл тұрақты тұруы қажет.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарға да заңда белгіленген талаптар қойылады. Сонымен қатар партиялық тізімдегі әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс. Ал партиялық тізімдегі кандидаттардың орналасу тәртібін саяси партиялар дербес айқындайды.
Әділ сайлаудың басты қағидаттары
Әділ сайлау ең алдымен заңдылыққа, кандидаттардың теңдігіне, ашықтыққа және жасырын дауыс беру қағидатына сүйенеді. Әрбір азаматтың дауысы тең саналады және ешкім оның кімге дауыс бергенін білуге немесе ықпал етуге құқылы емес.
23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – еліміздің ертеңіне ықпал ететін маңызды таңдау. Сондықтан әр азамат сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын саналы түрде жасауы керек. Өйткені әр дауыс – ел тағдырына қосылған үлес, ал әрбір таңдау – ортақ болашақ алдындағы жауапкершілік.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
