Header Banner

Кәсіпкерлер қолдауымен әлеуметтік жобалар жүзеге асты

Нұра ауданында жас мамандарды ауылға тартуға баса мән беріліп отыр. Бұл мақсатта мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауы ерекше сезіліп отыр. Мәселен, Шахтер ауылында жастарға арналған бірнеше үймен бірге жатақхана құрылысы да басталды.
Қоспәтерлі екі үйдің жалпы аумағы 540 шаршы метрден асады. Бұл үйлерге электрші, гидротехник, дәрігер және учаскелік полиция инспекторы қоныстануға тиіс. Үйдің өз басынан бөлек, әр пәтердің өзінің жеке гаражы бірге салынады. Үйлер құрылысын алдағы қыркүйек айында аяқтау көзделіп отыр. Ауылдағы «Шахтерское» серіктестігінің директоры Георгий Прокоптың айтуынша, жастарды тарту өндіріс үшін де өте маңызды.
— Біз қазір ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтіп, егіс алқаптарының аумағын ұлғайтып жатырмыз. Сол үшін алдағы уақытта жаңа мамандарды, оның ішінде шетелден де мамандар шақыруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан тұрғын үймен қатар, жатақхана құрылысын да бастадық, – дейді шаруашылық басшысы.
Салынып жатқан жатақхана үш секциядан тұрады. Және мұнда 90 адам тұруына болады. Сонымен қатар жасанды интеллект технологиялары қолданылатын заманауи, автоматтандырылған қойма салу жоспарланған. Бұдан бөлек, сыйымдылығы 15 мың тонна болатын картоп қоймасы тұрғызылады. Бұл нысандар іске қосылғанда да тағы да мамандар шақырылады.
Ал осы аудандағы Мұзбел ауылында жақын уақытта демалыс пен серуенге арналған заманауи саябақ салынады. Жаңа саябақты жергілікті кәсіпкер өз қаражаты есебінен салып жатыр. Мұнда серуендеуге арналған аумақтар, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі бар абаттандырылған демалыс орны жасалады. саябақ аумағы көгалдандырылып, жаяу жүргіншілер жолына тас төселеді.
Жобаны жүзеге асырып жатқан «Пржевальское» серіктестігінің директоры Әлібек Тәттібаев туған ауылын қолдауды өзінің негізгі өмірлік ұстанымдарының бірі деп біледі.
— Туған ауылымның дамуына серіктестік қаражаты есебінен үлес қосуды азаматтық борышым деп санаймын. Саябақтың құрылысын бастадық. Қазір нысанда бес адам жұмыс істеп жатыр. Аумағы абаттандырылып, көгалдандырылады, орындықтар орнатылады, тас төселіп, жарықтандыру жүргізіледі, – дейді Әлібек Тәттібаев.
Аудандағы Изенді ауылында да кәсіпкерлер балаларға қажетті жағдай жасауға көңіл бөліп отыр. Ауылдағы «Нұра» кәсіпорны тұрғындардың өтініші бойынша мектеп жанынан жаңа ойын алаңын салды. Былтыр мектеп жанынан шағын орталық ашылғаннан кейін ойын алаңына қажеттілік туындаған. Қазір ауылда бала көбейіп келеді. Шағын орталықтағы балалардың емін-еркін ойнау мүмкіндігіне ие болды.
— Балалар осында ойнауға қуана-қуана келеді. Түскі ұйқыдан кейін бірден ойнауға шығады. Енді олардың таза ауада уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін өздеріне арналған абаттандырылған кеңістігі бар, — дейді мектеп директоры Салтанат Бердешова.
Жалпы, ауданда бизнес құрылымдары мен ірі шаруашылықтар ауылды көркейтуге белсенді атсалысып отыр. Соның арқасында жаңадан жұмыс орындары ашылып, әлеуемттік жобалар жүзеге асып жатыр.
Манас АҚСАРЫ.