Өткен жексенбі ел халқы өз таңдауын жасады. 23 тамыз күні Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша елде 12 623 289 сайлаушы тіркелген. Олардың 9 351 539-ы немесе 74,08 пайызы дауыс берді. Дауыс беру елде және шет мемлекеттерде орналасқан 10 423 учаскеде жүргізілді. Қарағанды облысында да сайлау науқаны ойдағыдай өтті.
Сонымен сайлауда алдын ала деректері негізінде 71,17 пайыз үлеспен «Әділет» партиясы көш бастады. Одан кейін «Ауыл» партиясы 6,26 пайызды иеленсе, «Respulica» партиясы 5,56 пайызбен үшінші сатыға жайғасты. Сондай-ақ сайлауда «Ақ жол» демократиялық партиясы – 5,21, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы – 5,11 және Қазақстан Халық партиясы — 3,11 пайыз дауысқа ие болды. «Байтақ жасылдар партиясына сайлаушылардың 1,07 пайызы сенім білдірді. Ал бәріне қарсымын деп дауыс бергендердің үлесі 2,51 пайыз болды.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновтің айтуынша, сайлау күні таңғы 7-ден бастап өңірдегі 639 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Ал түске дейін, яғни сағат 14.00-ге дейін сайлаушылардың 62,79 пайызы дауыс беріп үлгерді. Аумақтық және учаскелік комиссияларда 4 мыңнан астам адам сайлаушыларға қызмет көрсетті.
Облыстағы сайлау барысын 20 халықаралық байқаушы бақылады. Оларды ңқатарында ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының ұзақ және қысқа мерзімді байқаушылары да бар. Сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясынан Олег Сосковец пен Владимир Старобыховский тіркелді. Бұдан бөлек, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының өкілдері де сайлау барысын бақылады. Сайлау барысында заңбұзушылық тіркелген жоқ.
Ресейлік байқаушылар сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
- Орталық сайлау комиссиясы ауқымды жұмыс атқарғаны көрініп тұр. Барлық учаскелік комиссия бірыңғай стандарт бойынша қамтамасыз етілген. Учаскедегі ақпараттық тақтайшалар мен нұсқаушы тақталар, учаскелердің өздері де бірыңғай стильде безендірілген. Бұл дауыс беруге келетін адамдар үшін өте ыңғайлы, – деді ресейлік байқаушы Михаил Лебединский. Ол бақылаушылар барған барлық учаскелерде белгіленген талаптардың сақталғанын және дауыс берудің ашық өтіп жатқанын айтты.
Бұл күні мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі үшін қажетті жағдай жасалды. Аймақта мұндай 6245 сайлаушы бар. Оларға облыс бойынша 143 инватакси қызмет көрсетті 315 учаскеде сурдоаудармашылар болды. Ал көзі нашар көретін азаматтар арнайы құралдардың көмегіне жүгінді.
Сайлауда аймақ басшысы алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Ермағанбет Бөлекпаев Кеншілер Мәдениет сарайында орналасқан учаскеге барды.
- Бүгін біз Құрылтайдың – еліміздің бір палаталы Парламентінің депутаттарын алғаш рет таңдап жатырмыз. Президент атап өткендей, бүгінде «Заң және тәртіп», мемлекеттік институттардың тиімділігі, азаматтардың еркіне құрмет және олардың заңды құқықтарын қорғау мызғымас қағидаттарға айналатын мемлекетті құрып жатырмыз. Әрқайсымыз бұл үдеріске өз үлесімізді қоса аламыз. Ол үшін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасауымыз керек, – деді аймақ басшысы.
Алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Еңбек Ері Георгий Прокоп та дауыс берді. Ол «Шахтерское» ЖШС ұжымымен бірге таңдауын жасады. Оның айтуынша, сайлауға қатысу – әрбір азамат үшін өз ұстанымын нақты білдіретін мүмкіндік.
Сайлау күні түрді іс-шаралар ұйымдастырылды. Кейібір сайлау учаскелері нағыз мереке алаңына айналды. Ән шырқалып, сайлаушыларға тарту-таралғы жасалды. Аталған іс-шараларға халық тарапынан қызығушылық зор болды.
Мәселен, Топар кентіндегі №376 учаскеде сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі өтті. Көрмеге жергілікті ісмерлер мен шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар қойылды. Келген жұрт көздің жауын алатын әсем жәдігерлерді тамашалады.
Сондай-ақ осы күні облыс орталығында және өңірлерде қоғамдық көлік тегін қатынады. Автобустар Қарағандыға іргелес Абай, Саран, Шахтинск пен Теміртаудан бастап, Балқаш, Қарқаралы, Приозерск шаһарларында да жолаушыларды ақысыз асыды. Бұдан бөлек, Нұра мен Ботақара кенттерінде жергілікті тұрғындар жолақысын төлеген жоқ. Бұл да сайлау күнгі көңіл күйді көтеріп, ойдағыдай өтуіне ерекше үлес қосты.
Манас АҚСАРЫ.
