Тыныштық күзетіндегі сақшы

Тәртіп сақшысының қызметі – қоғам үшін қашан да маңызды. Әрине, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етпесе, күнделікті тұрақтылыққа қатер төнетіні анық. Сондықтан полиция қызметінің кез келген бағыты ерекше ыждаһаттылықты қажет етеді. Оның ішінде көші-қон қызметінің орны бөлек. Себебі ел ішіндегі тыныштықты сақтау осы қызметтегі азаматтарға жүктеліп отыр. Олардың қатарында өз өзіне берілген мамандар жеткілікті. Солардың бірі – Абай ауданына қарасты Топар кентіндегі полиция бөлімінде қызмет ететін Данияр Такиров.

Қазір Абай ауданы көші-қон мәселесіндегі тұрақтылық бойынша облыста алдыңғы лекте тұр. Бұл ретте жергілікті полицейлердің еңбегі ұшан-теңіз. Топардағы полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобы тиісті шаруасымен тыңғылықты айналасады. Топтың қызмет аймағына аудандағы 30 мыңнан аса халық тұратын барлық ауылдық және кенттік округтері кіреді. Данияр осы аумақтағы әр адамның мәселесімен күн-түнге қарамай, тыным көрмей айналысады.

Данияр секторда 2015 жылдан бері еңбек етеді. Аға инспектор, полиция майоры. Оның жұмысына басшылық та жоғары бағалайды.

  • Осы уақытқа дейінгі Даниярдың қызметіне тағар айыбымыз жоқ. Ол алдына келген кез келген адамның мәселесін көпке созбай шешіп, көші-қон заңдылығын жан-жақты қадағалайды. Басқа да қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысатын тәжірибелі қызметкер, – дейді Топар полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дархан Мадин.

Данияр облыс орталығындағы «Болашақ» университетін саясаттану мамандығы бойынша бітірген. Кейін заң факультетін де тәмамдады. Оқудан кейін әуелі осы Топарда, содан соң Южный кентінде учаскелік инспектордың көмекшісі болды. Ал кейінгі 11 жылдан бері осы көші-қон қызметі тобын басқарады.

Әрине, көші-қон қызметінің жұмысы жеңіл емес. Ел егемендігін алған 1991 жылдан бері алыс-жақын шетелдерден қоныс аударушылар, соның ішінде, қандастарымыз көптеп келіп жатыр. Олардың барлығын орналастырып, жағдайларын жасау, заң бұзбай, оларға қатысты заңбұзушылықтың алдын алу көп қажыр-қайратты талап етеді. Сондай-ақ Қазақстан азаматтығын әперу де күрделі процес. Кейде адам әуре-сарсаңға түсіп жатады. Ондайда оларға

Топар кенті полиция бөлімінің көші-қон тобы көмекке келеді. Соның арқасында қазір Абай ауданында көші-қон мәселесі бойынша кемшілік жоқ, бар шаруа ретке келген.

  • Көші-қон қызметі тобының жұмысы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңын, Президентіміздің «Шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы» Жарлығын, Үкіметіміздің «Шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарды құжаттау мен тіркеу Ережелерін бекіту туралы» Қаулысын жүзеге асыруға және мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған. Бүгінде Топар секторы аумағында 179 шетел азаматы мен азаматтығы жоқ 16 адам тұрақты тұрып жатыр. Биылғы өткен 5 айда біздің қызметкерлер мемлекеттік қызметтің бірнеше түрін көрсетті, – дейді Данияр Такиров.

Ауданға келген барлық шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамдар міндетті түрде тіркеледі. Олар туралы мәліметтер компьютер базасына енгізіледі. Жалпы, шетелдік азаматтардың ел аумағында тұру ережелерін бұзбауы қатаң бақыланады. Бүгінге дейін 5 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Биылғы қаңтар-мамыр айларында 129 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Соған байланысты 2,4 млн теңге айыппұл салынып, толық өндірілді.

Бұдан бөлек, көші-қон қызметі көші-қон заңдылығын бұзуға жол бермеу мақсатында әлеуметтік-саяси ахуалы тұрақсыз елдерден келетін заңсыз қоныс аударушылардың жолын кесуге күш салып отыр. Ол үшін түрлі дәмханалар мен кемпингтерді тексеріп тұрады. Аудан аумағымен өтетін кейбір автобустарды да тоқтатып, шетелден заңсыз келе жатқан адамдарды анықтайды. Тағы бір айтып өтері, облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіменг бірге жазасын өтеу орындарынан босаған шетел азаматтарын ел аумағын шығаруға да тұрақты түрде атсалысады.

Бұл жұмыстардың басы-қасында Данияр ұдайы жүреді. Осылайша жас жігіт ел тыныштығын қорғауға күн-түн демей өз үлесін қосып жүр.

Манас АҚСАРЫ.