«Құс қанатындағы Наурыз»

Қарағанды облысында Наурыз мерекесі ауқымды, жарқын, тату және көңілді аталып өтті. Барлық қала мен ауданда концерт, ұлттық салт-дәстүр, спорттық жарыстар мен бұқаралық шаралар халық назарына ұсынылды.

Көктемгі күн мен түннің теңелуімен бірге келген шуақты, жылы ауа-райы да жиналғандарды қуантты.

Қарағандының орталық саябағында мерекеге мыңдаған адам жиналды. Көбісі отбасымен келді.

Концерттік бағдарламаны кәсіби және әуесқой әртістердің қатысуымен «Құс қанатындағы Наурыз» атты театрландырылған қойылым ашты.

Дәстүрлі кейіпкерлердің қатысуымен Жер-Ана мен Қыдыр-Ата көктемнің келуін көрсетті.

Қазақстандық эстрада жұлдыздары Ернар Сәдірбаев, Бауыржан Исаев өз өнерлерімен қуантты.

– Наурыз мейрамы біздің ең бақытты мерекеміз болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасылық амандық, өркендеу, бар жақсылық тілеймін! – деп қарағандылықтарды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.

Мерекелік алаңда кез-келген талғамға арналған ойын-сауыққа,  қызықты шараларға  әркім өз қалауы бойынша қатысты.

Киіз үйлерде шеберлік сабақтары өткізіліп, халық тарихына енуге, ұлттық тағамдармен танысуға мүмкіндік алды.

Қолөнершілердің шатырында жергілікті қолөнер шеберлері бұйымдарын көрмеге қойды.

Балалар мен жастар үшін алтыбақан орнатылды. Балалара  иттер және аңшы құстармен суретке түсіп мәре-сәре болды.

Сондай-ақ, спорттық жарыстар өтті, онда барлық ниет білдіруші күш пен ептілігін сынға салды.

Қарағандылық Аслан Серәлімов гірді 115 рет көтерді.

– Мен 35 жастамын, жеке кәсіпкермін. Жас кезімде әртүрлі спорт түрімен айналыстым. Бүгін мен еш дайындықсыз келіп, жарысқа қатыстым. Бір ай бұрын үйлендім, бізді жұбайымызбен құттықтау үшін үйде қонақтарымыз жиналды. Олардың кейбіреулері саябаққа келді. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақыт, игілік тілеймін! – деді Аслан.

Сонымен қатар, мерекеге шетелдіктер де келді.

– Наурыз құтты болсын! Мен мұндай мерекеде бірінші рет болып отырмын. Барлығы ұнайды: қала да, адамдар да мейірімді, жылы шырайлы, – деп қарағандылықтарды Нигериядан, Кадуна қаласынан келген қонақ Эмануэль Зака қазақ тілінде құттықтады.

Облыс орталығында тұрғындарға ыңғайлы болу үшін мерекелік шаралар әртүрлі алаңда дайындалды: Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау саябақтарында, Оңтүстік-Шығыстағы Достық Үйінің жанында. «Шахтер» стадионында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды.

«Құс қанатындағы Наурыз» деген атаумен өткен мереке облыс жұртшылығына ғана емес, қонақтарға да ғажайып көңіл-күй сыйлады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *