Түркия Республикасында қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, халықтың рухани жадында өшпес із қалдырған біртуар өнерпаз Манарбек Ержановтың 125 жылдығына арналған тағылымды мәдени кеш өтті.
Халықаралық мәдени байланыстың маңызды алаңдарының бірі – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының төрінде өткен шара қазақтың дәстүрлі ән өнерін, оның ішінде Манарбек Ержановтың мол шығармашылық мұрасын түркі дүниесіне кеңінен таныстыруға арналды.
Мерейтойлық кештің ашылу салтанатында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Еркебұлан Сапиев, Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, профессор Дүйсен Қасейінов сөз сөйлеп, қазақтың дәстүрлі өнері мен Манарбек Ержанов мұрасының маңызына тоқталды.
Ал Қазақстанның еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, ақын, жазушы Серік Ақсұңқарұлы мерейтой иесіне арнаған жырын оқып, кештің рухани мазмұнын тереңдете түсті.
Кештің көркемдік өзегіне айналған «Арқа Сазы» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасы арқылы Сарыарқаның дәстүрлі ән мектебі Анадолы төрінде жаңғырды. Ән мен күй арқылы қазақ даласының үні, ұлттық өнердің қайталанбас болмысы көрерменге ұсынылды.
Мәдени кеш аясында ТҮРКСОЙ медальдары табысталып, қазақ мәдениеті мен түркі әлемінің рухани байланысын дамытуға үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді. Сонымен қатар шараға қатысушылар арасында естелік сыйлықтар мен тартулар табысталып, өзара ықылас пен достықтың белгісі ретінде жылы лебіздер айтылды.
Манарбек Ержановтың 125 жылдығына арналған бұл кеш — бір өнерпаздың мерейтойын атап өтумен ғана шектелмей, қазақ мәдениетінің терең тамырын, дәстүрлі ән өнерінің қуатын және Қазақстан мен Түркия арасындағы рухани байланысты дәріптеген маңызды мәдени оқиға болды.
Әділ БЕК
