«Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында балалардың құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша «Әділет» партиясының Қарағанды облыстық филиалында бірыңғай қабылдау күні өтті.
Іс-шараға «Әділет» партиясы Қарағанды облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Зара Хамитқызы Шалабаева төрағалық етті. Жиынға облыстың мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері — полиция департаменті, облыстық прокуратура, бала құқықтарын қорғау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, білім беру және дін істері басқармаларының басшылары қатысты.
ZOOM платформасы арқылы облыстың қалалары мен аудандары қосылды. Кездесу барысында Теміртау қаласы, Қармет, Қарқаралы, Осакаров және Шет аудандарынан келіп түскен, мемлекеттік және жергілікті деңгейде шешуді қажет ететін мәселелер қаралды.
«Баланың құқығын қорғау — баршамызға ортақ жауапкершілік. Бүгінгі қабылдау барысында ата-аналар мен тұрғындардың нақты мәселелерін тыңдап, оларды шешуге жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге талқыладық. Әсіресе балалардың денсаулығы, білім алуы, қауіпсіздігі, спортпен айналысуы және әлеуметтік қолдауға қолжетімділігіне қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды.
Біздің мақсатымыз — әрбір өтінішті назардан тыс қалдырмай, мәселенің шешілу жолын бірге қарастыру. Мұндай кездесулер азаматтардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын нығайтып, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді, — деді «Әділет» партиясы Қарағанды облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Зара Шалабаева.
Кездесу барысында балаларды санаторийлік емдеумен қамтамасыз ету, медициналық көмек алу, спорттық үйірмелерге қатысу, сондай-ақ азаматтарға атаулы консультативтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері көтерілді.
Бірыңғай қабылдау күні аясында айтылған ұсыныстар мен өтініштер тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жолданып, олардың шешілу барысы бақылауға алынды.
