Жақында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты, Тоқтар батыр ауылының тумасы, ауылдағы Мәдениет үйінің басшысы, өнерлі азамат Ержан Нұралыұлының «Өнерім – халқыма» атты шығармашылық кеші болып өтті.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дегендей, жаны шуақты, қашан көрсең де жаны жадырап жүретін, ақкөңіл, жан-жақты өнерлі Ержан бауырымызбен көптен таныспын. «Ердің жасы алпыс үш» демекші, қырық жыл бір орында қызмет атқарып, зейнеткер жасқа келуімен елі құрметтеп, шығармашылық кешін дүркіретіп өткізуге ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы, жан-жақтан өнерсүйер көрермендер келіп ыстық ықыласпен құттықтады. Қарқаралы ауданының бұрынғы басшысы Қалел Мақсұтов, Шолпан Жандарбекова атындағы Мәдени-сауық орталығының кәсіподақ төрағасы Тиышбек Хамитов, Қарағанды облыстық жол коммуникациясы бастығының орынбасары Бауыржан Көсенбаев тағы басқа сала мамандары қатысып игі тілектерін жеткізді. Сонымен бірге, ауылымыздың бетке ұстар азаматтары, өнерпаз ұстаз Сабыр Нұрмаханов, мектеп басшысы Біржан Сапаров, ауыл әкімі Нұрлан Қапанұлы, Көктас ауылы Мәдениет үйінің басшысы Амантай Сағидолда, белсенді ақсақал Талғат Нұрсұлтанұлы, мектептің өнерпаз ұстазы Аслан Қырғызалин кешті тамаша, әсерлі жүргізіп отырды. Ержанның туған-туыстары да қатысып, өнегелі өмірі туралы жақсы тілектер айтылды.
Ауылдың өнерпаз жастарынан құрылған «Арқа сазы» халықтық ансамблі ұлттық мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Ержан өзі де музыкант ретінде дауылпазда шебер ойнайды. Сонымен бірге, клубта «Сырластар» тобы, «Бишілер» тобы, мектеп мұғалімі Асланның басшылығымен «Көлеңке» театры жұмыс атқаруда. Барлық саналы ғұмырын осы мәдени орталықтың қызметіне арнаған, бойындағы қазақи асыл қасиеттері мол азаматтар осындай болуы керек-ті.
Ержан Нұралыұлы өнер әлеміне терең бойлап, ауылдағы өнерпаз жастардың бойынан өнерге деген сүйіспеншілікті оята білді. Еңбегі ақталып Мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне арналған Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы, ауыл мәдениетінің «Үздік қызметкері» аталымы бойынша марапатталды. Қазақстандық, салалық Мәдениет, Спорт, Туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының, бірнеше мәрте аудандық, облыстық мәдени ошақтар басқармаларының грамоталарымен, ауылдық клуб қызметкерлеріне арналған «Мәдени мұра» сақшысы» атты семинарға да қатысып, «Үздік ұйымдастырушы» аталымын жеңіп алды. Қазақстан Республикасы Президентінің жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясы аясында қоғамның дамуына қосқан елеулі үлесі, әлеуметтік әріптестікті дамыту жолындағы жемісті еңбегі үшін Құрмет грамотасын иеленді. Сондай-ақ бірнеше рет Алғысхаттармен марапатталды.
Ержан бауырымыз, ауызбірлікке де қызмет етіп, қоғамдық жұмыстардан да қалмай, ағайынға да болысып жүрген ауылымыздың мықты азаматтарының бірегейі. Әркім өз міндетін адал атқарса, жақсы өмір сүруге қолы жетеді емес пе. Парасаттылығымен жүрген ортасының шамшырағы болып, пайымдылығымен жанындағыларды тәнті ететін кей жандар болады. Қашан да биязы мінезінен ауытқымай, жақсылар білсем, білген үстіне біле түссем деген ұстанымнан таймайды.
«Әдебі дұрыстың – сәлемі дұрыс» дегендей, ауылда тұратын адамдардың бітпейтін күнделікті тіршіліктері керемет. Есіктері де жабылмайтын, дастарқандары берекелі, күнделікті өмірлері көңілді.
Тума талант, дарынды өнерпаз талай өнер жарыстарына қатысып, әртістік жағынан да көріне білді. Домбырасын құбылтып әдемі шырқайтын кең, әуезді дауысымен көрермендерінің құлақ құрышын тамсандырып, тамаша көңіл күй сыйлауда.
Ал біз өмірі өнегелі өнерпазға, Алланың берген жасын жасай беріңіз деген, игі тілек айтамыз.
Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
«Қоғам қайраткері»
төсбелгісінің иегері
Қарағанды қаласы
