Уақыт шіркін сырғып ағып, ортамыздан асыл анамыздың, ардақты ұстаздың кеткеніне де 40 күн толыпты. Тіршілігінде айналасына нұр сеуіп, парасаттылықтың символы болған аяулы анамыз Нашарбаева Мәмиля Байжанқызы 86-ға қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанды. Артында өшпес өнеге, сарқылмас ғибрат пен қимас естеліктер қалдырды.
Анамыз 50 жылға жуық мектеп қабырғасында шәкірт тәрбиелеп, химия ғылымының құпиясын ұғындырған, саналы ғұмырын білім саласына арнаған майталман қадірлі ұстаз еді. Алдынан оқыған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде бірі – білікті дәрігер, мұғалім, басшы т.с.с. жоғары қызмет атқаруда. Мәмиля Байжанқызы мұғалім ғана емес, мектеп қабырғасында жауапты басшылық қызметтерді де абыроймен атқарып, ұжымның ұйытқысына айналды. Мұнымен қоса, қоғамдық жұмыстардан да шет қалмай, ауылдық «Әйелдер кеңесін» басқарып, нәзік жандылардың мұң-мұқтажын жоқтап, қоғамда белсенділік танытқан қайраткер тұлға болды. Семейге ауылдағы ауыз су мәселесі бойынша арнайы жобамен барған кездерін үлкен мақтанышпен, елге тигізген пайдасы ретінде естелігіне арқау етіп айтып отыратын.
Ол кісінің өмірлік серігі, біздің асқар таудай әкеміз де елге сыйлы, тарихтың тереңін бойлаған белгілі тарихшы жан еді. Екі зиялы тұлға қол ұстасып, өздері қаншама жыл табан аудармай, аянбай қызмет еткен киелі мекенде шаңырақ түтетіп, бес баланы дүниеге әкелді. Әкеміз екеуі түн ұйқысын төрт бөліп, бес перзентін де оқытып, тоқытып, қатардан кем қылмай өсірді. Балаларының, ең аяғы сүйікті немересі Исламының ауылымыздағы өзі талай жыл қызмет еткен ЖББ №5 мектепте орысша сауатты білім алуына ерекше көңіл бөлді. Ондағы мақсаты – «Орыс тілін сауатты меңгерудің орны бір басқа, бұл баланың көкжиегін кеңейтеді, дүниетанымын арттырады. Ал туған қазақ тілін онсыз да беске біледі» деген ұстаздық, көрегендік ұстаным еді. Анамыз үшін әр баласының орны ерекше, әрқайсысына деген ықыласы бөлек еді. Тұңғыш қызы, Зәуреш көкемізді «Зәуреш құлыным – барлығыңның жанашырың», Көкемізден кейін туған ұлы, Асқар ағамызды «Асқартауым», ортаншы Алмаз ағамызды «Алмашогым», еңбекқорым, кенжесі Лаураны Карл Маркстың қызының есімін қойғанбыз, «Лауренси, қап-қарашка қайынсіңлің» деп арнайы атайтын. Ал Қайыржанды «Чапа», кейде «Жапония» деп еркелететін. «Неге Жапония?» деп сұрасам: «Кішкентай күнінде Темкем екеуіміз қатты еркелеттік, көңіліне бірдеңе ұнамай қалса, бірден соғыс ашып жіберетін», – деп күліп еске алатын.
Анамдай болып, қызындай көрді, бауырына басқан кең пейілді, алтын құрсақты асыл жан еді. Келін болып түскен 21 жыл ішінде ол кісіден көрген, көкірекке түйген ғибратты үлгі аларлық істер шаш етектен. Тіпті, уақыт өте келе өз мінезім мен қылықтарымның ерекше жақсы көретін «мамама» ұқсап бара жатқанын байқайтынмын. Мәселен, газет-журналдардан пайдалы, мазмұнды ақпараттар мен мақалаларды қиып жинау – мектеп кезінен бергі сүйікті хоббиім болса, дәл осындай зиялы әдет мамамның да бойында бар еді. Тектіліктен тартқан осы бір рухани ұқсастық екеуімізді одан сайын жақындата түсетін.
Үйде үстел басында отырғанда мамамыздың жасын ұзақ етіп: «Мама, тоқсан жасыңызды тойлаймыз, тоқсаннан асасыз, сізге арнап кітап шығарамыз» – деп көңілін көтеріп, қуантып отыратынбыз. Ал мамамыз балаша мәз болып: «Сенің ағаң Мұхтар Мағауиннің жасына келем» – деп, әдебиетке, руханиятқа деген құштарлығын, өмірге деген ақжарқын сенімін танытатын. Немерелері Индияның ұзатылғанын, Исонының университетті, Аекасының мектеп бітіргенін көрсем деп айтып отыратын. Соны естігенде іштей тебіреніп, асыл анамыздың амандығын тілейтін едік…
Исламы 11-сыныпты аяқтағанда, немересіне үй сыйлап, студент атанғанда, 2 жыл құлынының қасында ыстық мейірімін төгіп, қолдау көрсетті.
Анамыз әр баласының еңбегін үнемі бағалап: «Қызметтің бел ортасында жүресіңдер, қолдарыңнан бәрі келеді», – деп мақтайтын, мәз-мейрам болатын, сенім артатын. Отырған жерінде «Келінім өзіме тартқан.Қызметтің бел ортасында жүреді» деген мақтау сөздері мені қанаттандыратын. Дайындаған әрбір асымды: «Бұл кәдімгі мейрамхананың тағамы ғой, мұның бір порциясының өзі қалада қанша тұрады десеңші!» – деп ерекше ризашылықпен мақтап жейтін. «Қырық жыл тісім сарғайып «Әйелдер кеңесін» басқардым, енді осы орынға сені қойсам, сенің қолыңнан келеді» деген мамаға «Жоға, Мама, ол жауапты жұмыс, бәріне қалай үлгерем, үй бар, қызметім бар» деген едім. «Сенімен ақылдасатын бір әңгіме болып тұр» деп, ұзақ-ұзақ сырласып, ішкі сырын бөлісетін абзал жанның сол бір мейірімді бейнесі шаңырағымыздың ешқашан ұмытылмас шуағы болып қалды. Маған сенім артып, үнемі қолдау беріп отыратын, келместің кемесіне мініп кеткен Анамызға деген сағынышым еш толастар емес.
Бойға біткен кербездігі мен талғамы жоғары, өзін өте әдемі күтетін, денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Үнемі үстіне қымбат иіссуын сеуіп, сүйікті «Балет» кремін жағып жүретін. Мұны білетін біз, балалары да мерекелерде де, жай күндері де осы сыйлықтарды қуана ұсынатынбыз. Шашын әрдайым бояп, химия жасатып, көтеріп ерекше сәнмен түйіп қоятын, баптайтын. Шашын өзі бояғанда қолы жетпеген артқы жағын маған боятып, қолыңның ақтығы деп ақша ұстататын. Анамыз біз үшін де, немере-шөберелері мен шәкірттері үшін де сұлу да парасатты, зиялы ана, өнегелі әже ретінде жүрегіміздің төрінде сақталады.
Жан дүниесі өте бай ол кісі үшін газет-журнал оқу – нағыз рухани азық болатын. Үйімізге поштадан газет келген күн біз үшін мерекеге айналатын. Сүйікті немересі Ислам мен Қайыржан екеуіміз пошта жәшігінен баспасөзді бірінші болып алып, «Газет келді!» деп сүйіншілей жүгіретінбіз. Сонда мамамыздың балаша қуанып: «Ооо, менің наным келді, рақмет!» – деп газетті қолына алғандағы сәті біз үшін үлкен мақтаныш пен мәртебе еді.
«Қазақ әдебиеті», «Аргументы и Факты», «Қазақстан әйелдері», «Орталық Қазақстан», «Алтын босаға» басылымдарын тұрақты оқып, Еуразия, Хабар, Қазақстан, Абай телеарналарын үзбей тамашалайтын. Семей өңірінің ақын-жазушыларының шығармаларын тыңдап, хабарларын көргенде, немесе сол жақтың зиялылары сөз қозғағанда, кәдімгідей қанаттанып экранға үңіліп отырып: «Сенің апаң ғой, мынау сенің атаң, ағаң сөйлеп жатыр» деп, бірге отырып теледидар көріп, ой түйетінбіз, пікірлесетін едік, шіркін!..
Отбасында орнаған тағы бір тамаша дәстүр – әр сенбі сайын анамызбен бірге Исламымыздың кеңес беріп, таңдаған мағыналы киноларын шемішке шағып отырып, бірге тамашалайтын едік.
Өмірдің небір қиын-қыстау кезеңдерінде де мойымай, бекемдік таныта білген қайсар жан осыдан отыз жылға жуық бұрын Қарағандының онкологиялық емханасында жатып, емделіп шыққан болатын. Сол күндерді еске алғанда: «Ол емхана – менің екінші үйім. Ол жерден аман-есен сауығып шыққаным – бірінші Алланың, екінші Темемнің (папамызды солай атайтын), содан кейін алдымнан оқып бітірген оқушым, мықты дәрігер Ержанымның арқасы» деп, әркімнің жақсылығын ұмытпай, ризашылықпен еске алып отыратын.
Көпті көрген данагөй анамыз әр немересінің жүрегіне жол тауып, жеке қасиеттерін бағалай білді. Индирасын – «Индиям», Исламын – «Исоным», Айаруын – «Аекам» деп еркелететін. Исламымызды кішкентай күнінен жанына алып сабағын оқытып, «Исоным», «Құлыным» деп басынан иіскеп ерекше еркелетті. «Исламды ренжітпеңдер, ол – киелі бала. Осы Ислам – атасының атын шығаратын, ісін жалғастыратын, шежіреге кіретін азамат болады» деп оған үлкен азаматтық жауапкершілік жүктеп, зор үміт артты.
Анамыз туралы айтылатын естеліктер мен ойларымыз ұшан-теңіз, ешқашан таусылмайды…
Жарқын бейнесі, әрбір айтқан естелігі, даналық сөздері мен ақыл-кеңестері біздің санамызда сайрап, жүрегімізде мәңгі сақталады. Ардақты ана, ұлағатты ұстаз, абзал жар болған асыл жанымыздың жатқан жері жарық, иманы саламат болсын. Рухы пейіште шалқысын!
Ақылшымыз, парасаттың иесі ең,
Өмірдің әр сынында сүйеніш ең.
Күндей ыстық мейіріміңіз шексіз еді…
Қамқор әже, жүрегі мен құшағы кең.
Маңдайдан алақаның ыстық өпкен,
Немереге шуақ шашып, нұрын төккен.
Сағыныш боп қалдыңыз, Ана, бізге,
Ғибрат пен өнеге нәрін сепкен.
Шәкіртінің санасын нұрландырған,
Әр жүректе өшпес мәңгі із қалдырған.
Ұстаздықпен ұлықтап өмір жолын,
Аяулы ана, әр ісіңіз үлгі болған.
Анамызға деген мәңгілік сағынышпен, балалары, келіні Алтынгүл
