Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығы адам болмысы, қоғам және тұлғаның ішкі әлемі мәселелерін терең зерделеуімен ерекшеленеді. Жазушының «Ақбілек» романы да осы тұрғыдан алғанда бүгінгі оқырман үшін маңызын жоғалтпаған туындылардың бірі.
Осыны негізге алған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы «Жүсіпбек айлығы» аясында «Ақбілек» романына арналған кітап талқысын ұйымдастырды. Кездесуге Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен «Bolashaq» академиясының студенттері қатысты.
Талқылаудың басты мақсаты – шығарманы тек әдеби туынды ретінде қарастыру емес, ондағы адам тағдыры, әйел болмысы, қоғамның көзқарасы, рухтың беріктігі мен тұлғалық жауапкершілік мәселелерін бүгінгі күн тұрғысынан пайымдау.
Кездесуге арнайы шақырылған қонақтардың бірі – «Кітап – қазына» жобасының авторы әрі жетекшісі Дастан Жақсығали. Ол кітап оқудың адам қалыптасуындағы рөліне тоқталып, классикалық шығармаларды қайта оқу арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді жаңаша түсінуге болатынын атап өтті:
– «Ақбілек» – бір адамның ғана тағдырын баяндайтын шығарма емес. Оның ар жағында сол кезеңдегі қоғамның көзқарасы, әйелдің қоғамдағы орны, адамның қиындықпен бетпе-бет келгендегі ішкі таңдауы жатыр. Бүгінгі жастар үшін шығарманың құндылығы да осында деп ойлаймын. Классикалық әдебиетті оқу арқылы біз өткенді ғана танып қоймай, қазіргі қоғамға қатысты сұрақтарға да жауап іздейміз. Кітаптың басты күші – оқырманды ойландыруында, – деді Дастан Жақсығали.
Ал Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті филология факультетінің студенті, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Мағжан Құдайберген шығармадағы Ақбілектің тұлғалық өзгерісіне назар аударды.
– Ақбілек бейнесін оқығанда оның басынан өткен қиындықтардан кейінгі өзгерісіне ерекше назар аударуға болады. Ол тағдырдың құрбаны болып қана қалмайды, өз өмірін қайта құруға ұмтылады. Меніңше, шығармадағы ең маңызды ойлардың бірі – адамның қандай жағдайға тап болса да, өзінің ішкі болмысын жоғалтпауы. Бұл мәселе қазіргі жастар үшін де өзекті және кітапты оқығанда автордың еңбегін де айту керек. Дәл осылай жазу үлгісін Оралхан Бөкейден ғана оқыған шығармын. Оқырманды бір сәтке жалықтырмай, өз әлеміне бірге алып отырады, – деді Мағжан Құдайберген.
Кітап талқысында студенттер де шығармаға қатысты пікірлерін ортаға салып, кейіпкерлердің әрекеті мен авторлық ұстанымға қатысты ойларын білдірді. Еркін пікір алмасу барысында «Ақбілек» романының идеялық және көркемдік ерекшеліктері сараланып, шығармадағы оқиғалардың бүгінгі қоғаммен сабақтастығы сөз болды.
Кездесудің тағы бір ерекшелігі – оның «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің «Өзіңді тап – өзегіңе орал» жұмыс бағытымен үндесуі. Аталған бағыт аясында ұйым қазақтың көрнекті ойшылдары мен қаламгерлерінің еңбектерін қайта жарыққа шығарып, оларды заманауи оқырманға қолжетімді етуге бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Атап айтқанда, бірлестіктің қолдауымен Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!», Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психологиясы» және «Тәрбиеге жетекшісі» секілді еңбектер қайта басылып шыққан. Ұйымның мәліметінше, бұл кітаптардың жалпы 10 мың данасы ата-аналар мен педагогтерге тегін таратылған.
Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының таңдамалы шығармаларының бес томдық жинағы дайындалып, жарық көрген. Жинақты әзірлеуге М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары қатысқан. Басылымның бір бөлігі мектептерге, кітапханаларға, мешіттер мен жоғары оқу орындарына берілген.
Осы бастамалар арқылы қоғамдық бірлестік кітапты тек оқу құралы ретінде емес, ұрпақ пен ұлттың рухани сабақтастығын жалғайтын маңызды құрал ретінде қарастырады.
«Ақбілек» төңірегіндегі пікірталас та осы ойды нақтылай түсті. Жүсіпбек Аймауытовтың кейіпкері арқылы көтерілген тағдыр, таңдау, намыс, жауапкершілік және рух мәселелері араға ғасыр өтсе де өзектілігін жойған жоқ.
Кітап талқысының түйіні – оқыған дүниені есте сақтаумен шектелмей, одан өмірлік сабақ ала білу. Өйткені әдеби шығарма оқырманға дайын жауап ұсынбайды. Керісінше, өзіне сұрақ қойып, қоғамға және қоршаған ортаға деген көзқарасын қайта қарауға мүмкіндік береді.
Ералы ҒАНИ
