28 қыркүйек – Дүниежүзілік құтыру ауруына қарсы күрес күні

Құтыру ауруы – вирус арқылы таралатын, табиғи-ошақтық, зоонозды, аса қауіпті жұқпалы ауру.

Бұл ауру негізінен адам баласына өте ерте заманнан таныс. Алайда, осы  күнге дейін құтыру ауруын емдейтін емі әлі де табылмаған. Сондықтан, адамда құтыру ауруының клиникасы пайда болса – оның соңы өліммен аяқталады, дегенмен де өлімді болдырмай-ақ, 100 пайыз аурудың алдын алуға болады.

Айта кетерлік жайт, бұл ауру үй және жабайы жануарлардан жарақат алғаннан кейін адамдар дәрігерлік көмекке уақытылы жүгінбегендіктен, жануардың жарақат салғаны, сілекейлегені, тістегені жайлы ешкімге айтпағандықтан болады.

Құтыру ауруы негізінен Австралия мен Антарктидадан басқа континенттердің барлығында кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Халықаралық эпизоотиялық бюроның мәліметіне сай жыл сайын осы аурумен жыл сайын 55 мыңнан астам адам қайтыс болып, 1 млн. астам жануарлар өледі екен.

Қазақстанда құтырудың 15 табиғи ошақтары тіркелген. Біздің облысымызда Нұра, Осакаров, Шет, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарында табиғи ошақтары бар. Биылғы жылдың өзінде жануарлар арасында құтырудың зертханалық расталған жеті жағдайы тіркелді (Қарқаралы, Абай, Ақтоғай аудандары), бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге жоғарылаған. Өткен жылда аурудың шиеленіскен жағдайы үй жануары мен ауылшаруашылық малы арасында Ақтоғай және Осакаров аудандарында тіркелген.

Негізінен құтыру ауруы белгілі бір мерзімді талғамайды, жылдың кез келген уақытында кездеседі. Құтырумен ауырған адамдар суды көрсе, судың сылдырын, тіпті су деген сөзді естісе де қорқыныш, үрей пайда болып, артынан жұтыну қабілетінен айырылып, өте қиналып өледі. Сондықтан да, бұл ауруды «гидрофобия», немесе «судан қорқу» деп те атайды.

Енді, құтыру ауруымен ауырмас үшін адамдар не істеулері қажет?

Ең алдымен әрбір үй жануарынан болмасын, жабайы аңдардан жарақат алған кезде немесе кез-келген жануарлардың сілекейі денесіне тиген адам тез арада медициналық көмекке жүгінуі керек. Жарақат алған жерді сабындап, ағынды сумен 10-15 минуттай жуып тастауға болады, бірақ міндетті түрде денсаулық сақтау мекемесіне, травматологиялық пункттерге барып, дәрігерлік көмек алған дұрыс.

Арнайы салынған ауруды болдырмауға бағытталған егу жұмыстарын өз бетімен тоқтатуға, немесе медицина қызметкерлері белгілеген тәртіпті (арақ ішіп, ащы тағамдарды жеуге) бұзуға болмайды, мұндай жағдай орын алса, жүргізілген емдік шаралардың пайдасы шамалы болады.

Егер, түріне қарағанда дені сау сияқты жануар немесе аң кездессе, жолынан кетіп, жасырынып қалуға тырысыңыз, алайда тістеп алса, жарақат орынын сабынды жылы судың көп мөлшерімен мұқият жуып, артынан дәрігерге көріну керек.

Құтыруды болдырмауға арналған егу жұмыстары неғұрлым ерте жүргізілсе, мұндай шаралардың нәтижесі соғұрлым жақсы болады.

Үйде ұсталатын иттер мен мысықтар есепке алынып, олар жыл сайын құтыруға қарсы егілуі керек. Егер, үй жануарлары ауырып, кез келген клиникалық көріністер байқалса, тез арада ветеринар мамандарына көрсетіп, тексерту қажет. Жануарлар онкүндік бақылауға алынып, бақылау қорытындысы бойынша анықтама беріледі. Бұндай анықтамалар құтыру ауруын алдын алуға жасалған арнайы екпенің жалғастырмай, тоқтатуына септігін тигізеді.

Құтырудың алдын алу мақсатында жануарлардың тістеуінен, тырналуынан және сілекейленуінен зардап шеккен тұлғалар тез арада медициналық көмекке жүгініп, антирабиялық көмекті толығымен алып, тағайындалған екпелерді міндетті түрде алу қажет. Екпенің тиімділігі медициналық көмекке жүгіну мерзіміне байланысты. Сондықтан, екпеден бас тартпаған абзал. Тек антирабиялық егулердің толық курсы және дәрігердің ұсынысы өлімге әкелетін қауіпті аурудың алдын алады. Сіздің денсаулығыңыз өзіңізге ғана қажет, сондықтан бей-жай қараудан аулақ болайық.

Сабыржан ҚЫРҒЫЗАЛИН,

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының

санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

 

Ералы ОРАЗБЕКОВ,

«Қарағанды ғылыми зерттеу ветеринариялық станциясы» ЖШС аға ғылыми қызметкері, ветеринария ғылымының кандидаты